Исламдық қаржыландыру шартындағы ипотека

Исламдық қаржыландыру шартындағы ипотека

Исламдық қаржыландыру шартындағы ипотека
ашық дереккөзі
Биыл Al Hilal Bank Қазақстанның бөлшек нарығына шығып, исламдық қаржыландыру шарттарымен депозит пен ипотека енгізуді жоспарлап отыр. Алғашқы 2-3 жылда қаржы институты шектеулі ғана қызмет түрлерін көрсетсе, одан әрі даму қарқыны сынақ өнімдерінің нәтижесіне байланысты өрбімек. БАӘ-дегі Al Hilal Bank-тің бас операциялық директоры және Қазақстандағы Al Hilal Bank директорлар кеңесінің мүшесі Прасад Абрахам: «Біз ислам депозиттерінен бастаймыз және жыл соңына қарай клиенттеріміз үшін ипотеканы енгіземіз деп үміттенемін. Егер Қазақстан үлгісі табысты болса, біз ТМД-ның өзге елдеріне де ауысамыз», – деді. Al Hilal Bank 7 жыл қатарынан Қазақстанда тек корпоративті сектормен ғана жұмыс істеп келген. Прасад Абрахамның айтуынша, республиканың салық заңнамасы бөлшек нарыққа шығуға кедергі келтіріпті. «Ислам қаржысындағы ипотека дегеніміз – банктер баспананы меншікке сатып алады да, оны жалға береді. Қазақстанда жекеменшікке салынатын салық бар, жеке тұлғалар үшін шағын, бірақ заңды тұлғалар үшін – 1,25 пайыз ғана. Осылайша, шығын автоматты түрде 1,25 пайызға артады, банк не өзі шығынға ұшырайды, не салықты тұтынушыға жабады. Көлік құралын несиелеу туралы айтсақ, мұнда да қаржыландыруға қатысты кедергі бар. Банк көлікті меншікке сатып алады, кейін оны клиентке мурабах негізінде (сатушы сататын тауарына кеткен шығынды ашық айтып, оны сатып алушыға бастапқы құнына үстемеақы белгілеп сатады) тапсырады, бірақ мұнда да ҚҚС бар», – деген Прасад Абрахам қазір ислам банктері үшін де, әдеттегі банктер үшін де реттеуші қор бірдей екенін айтады. Банктің шығынға ұшырау ықтималдығы басым болса да, ол ретейл-өнімін Қазақстанға енгізуге ниетті. «Біз әдеттегі банктермен бәсекеге қабілетті болуымыз үшін осындай салыққа байланысты мәселелерді шешуіміз қажет. Ойын ережесін теңестіру керек. Бірақ заңнаманы күте беруіміз мүмкін. Біздің акционеріміз БАӘ үкіметі екенін ескерсек, бизнесіміздің табысына әсер етуі мүмкін әрекетке баруға дайынбыз. Мұның барлығы халықтың ислам қаржысы туралы білімін жоғарылату үшін жасалады. Біз осындай коммерциялық аспектілерге қарамастан ретейл-қызметімізді іске қоспақпыз», – дейді Al Hilal Bank топ-менеджері. Ал шын мәнінде, банктен несие алу күнә ма? Бүгінгі таңда бұл сауалды қою – абсурд көрінетін шығар. Себебі қазір екінің бірінде несие бар. Сондықтан «несие алу күнә» деп қол қусырып отыра беруге болмас, сірә?! Екінші деңгейлі банктен алған несиенің арқасында кәсіп ашып немесе пәтер сатып алып жатқан жандар қаншама. Ал ҚМДБ банктен несие алуды «күнә» деп ауыр айыптаса да, несие алмау жұмыс істемеу мүмкін емес жағдай. Қазіргі таңда елімізде 9,6 млн ересек адам болса, оның 7,3 миллионы екінші деңгейлі банктен несие алған. Өкінішке қарай, 1,1 млн борышкер 3 айдан астам уақыт бойы қарызын төлей алмай жүр. Әйтсе де, бұған несие пайызының жоғары болуы немесе кей адамның қаржыны мақсатсыз жұмсауы басты себеп. Дегенмен, несиенің көмегі арқылы баспаналы болып,  кәсібін өрге домалатып жүргендер баршылық. Осы тұрғыда «несие алу күнә» деп қарайтын имамдардың пікірі қаншалықты қисынды? «Атамекен бизнес канал» сайтына пікір білдірген белгілі дінтанушы Досай Кенжетайдың айтуынша, банктен несие алу – харам саналады. Алайда ол қазіргі жағдайда банктен несие алмай өмір сүру мүмкін емес екенін алға тартады. «Өмірлік қажеттілік адамды несие алуға мәжбүрлейді, басқа шара жоқ. Өйткені өмір сүріп жатқан қоғамның тұрмысынан сырт қалу мүмкін емес. Міне, осындай қиындық пен мұқтаждық діндар мұсылманға ислам шарттарына сәйкес өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр. Ислам шарттарын бұлжытпай орындау үшін белгілі жағдай қажет. Ал жағдай болмаса, мың жерден «өсімге несие алуға болмайды» десең де, ешкім сөзіңе құлақ аспайды. Имам ағзам Әбу Ханифаның басты қағидасына сүйенсек, қандай да бір нәрсе белгілі жағдай болғанда ғана жүзеге асады. Түрлі жағдайда жүзеге асқан әрекеттердің үкімі де бірдей бола алмайды. Ең басты шарт – жағдай жасау. Сондықтан «несие алу – харам» деген ұғымды жағдай мен уақыт аясында қарастырған жөн», – дейді Досай Кенжетай. Расында да, баспанаға зәрулік туындап тұрса, сатып алуға қолма-қол ақшаң болмаса, қайда жүгінеміз?  Әрине, несиеге. Мәселен кей адамдар банктен несие алып, жер сатып алады. Егер олар несие алып, үй салып алмаса, бала-шағасымен пәтер жалдап, біреудің босағасында жүре берер ме еді. Өйткені банктен қарызға алған ақшаңды өзің өтейсің, ал егер исламның қағидасын қатаң ұстансаң, тұрған үйің үшін біреуге өмірбақи жал құнын төлеп өтесің. Сондықтан имамдар несие мәселесіне жаңа көзқарас тұрғысынан қарағаны абзал.