Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеген – статистика

/
Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеген – статистика
istockphoto.com

Қаңтар мен наурыз аралығында елде дүниеге тірі келген 77,3 мың нәресте тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға аз. Кемінде 2014 жылдың І тоқсанынан бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. 

Ұлттық статистика мәліметтеріне сенсек, басқа жылдарға қарағанда осы жылы тірі туылған балалар санының маусымдық ауытқуы айқын көрінеді. Әдетте, жыл сайынғы ең жоғары көрсеткіштер III тоқсанда тіркеледі, әсіресе пандемия кезі 2020 және 2021 жылдары айрықша байқалған.

Ал ең төменгі көрсеткіштер, керісінше, жылдың алғашқы үш айына тән. Алайда тоқсандық ауытқуларға қарамастан, соңғы 11 жылда бұл көрсеткіш алғаш рет 90 мыңнан төмендеді.

2024 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, тірі туылғандар саны Қазақстанның барлық 20 өңірінде азайды. Соның ішінде 12 өңірде орташа республикалық деңгейден де қатты төмендеу тіркелген. Ең төмен көрсеткіштер Ақмола (-22%) және Жетісу (-20,1%) облыстарына тиесілі.

Ауылдық жерлерде бала туу деңгейінің төмендеуі қалаға қарағанда айқынырақ: ауылда -18,1%, қалада -14,2%.

Туу коэффициенті (тірі туылғандар санының 1000 адамға шаққандағы қатынасы) да азайып келеді. Қазіргі деңгей 15,39, бұл 2024 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда -2,94-ке төмендеген. Айта кетейік, бұл 2015 жылдан бері байқалып келе жатқан кері үрдістің жалғасы деуге болады.

Тірі туылғандармен қатар қайтыс болғандар саны да азайған. Дегенмен, бұл көрсеткіш әлдеқайда аз қарқынмен төмендеді жылына 7,2%-ға, яғни 31 мың адамға дейін. Осылайша табиғи өсім (туғандар саны – қайтыс болғандар саны) 20,7%-ға қысқарып, 46,3 мың адамға жетті. Бұл да кемінде 2014 жылдың басынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары