ТЖД Алматыда суға түсуге қауіпті 9 су қоймасын атады

/
ТЖД Алматыда суға түсуге қауіпті 9 су қоймасын атады
Алматы қаласы ӨКҚ

Суға шомылатын маусым кезіндегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында Алматыда «Мамыр қаупі» деген атпен кешенді іс-шаралар жасалып, бекітілді. Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен пресс-конференцияда осы туралы айтылды.

ТЖД ақпаратына қарағанда, Алматының аумағы мен тауға жақын жерлерде орналасқан 44 су қоймасының 9-ы суға түсуге қауіпті. 

1. Шаңырақ пен Дархан ықшамауданындағы Үлкен Алматы өзені – Алатау ауданы;

2. Дархан ықшамауданындағы Үлкен Алматы өзені – Алатау ауданы;

3. Әл-Фараби мен Навои жақтағы Үлкен Алматы өзені  - Бостандық ауданы;

4. Кемел ықшамауданындағы Первомайские пруды – Жетісу ауданы;

5. Кіші Алматы өзені (Бутаковкаға бұрыла бергенде) – Медеу ауданы;

6. Юннатское өзені – Медеу ауданы;

7. Қарасу ықшамауданындағы тоған  - Алатау ауданы;

8. Аэропортовское өзені – Түрксіб ауданы;

9. Қарасу жақтағы өзен (Шестуха) – Түрксіб ауданы.

«Төрт жерде – Сайран көлінің батыс және шығыс жағында, «Гүлдер» демалыс орны мен «Баум» бағының аумағындағы жағажайда ғана суға түсуге рұқсат. Бірақ қазір бұл су қоймалары суға тола қоймаған. Сайран көлінде былтырдан бері жағалауды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Д. Қонаев атындағы ҮАӨ-де гидротехникалық құрылымдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр»,- деп хабарлады, Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуаныш Оспанов.

Судағы қауіпсіздікті күшейту үшін, Департамент қазір полиция қызметкерлерінің, құтқарушылар мен еріктілердің басын қосып, рейд жасап жатыр. Былтыр суға түсудің әдеб-ережесін өрескел бұзған 40 адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Сонымен бірге, былтырдан бері қауіпті су қоймаларына интеллектуалды камералар қойылып, оларды ТЖД-ның арнаулы компьютерлері мен судағы құтқару қызметінің мамандары бақылап отыратын болды. Камерадағы бейнелерді ТЖД қызметкерлері смартфоннан да көріп отырады.

«Біз осыған орай тұрғындарды құлақтандырып, жұмыс істеп жатырмыз. Адам көп жүретін білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, жолдың бойында тұрған  ЛЭД экрандардан  бейнеролик көрсетуді де қолға алдық,- деп толықтырды ТЖД өкілі.  

Оқыс оқиға болмас үшін, құтқарушылар суға түскен кезде аса сақ болуға шақырды тұрғындарды.

  • - Судың жағасында балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
  • - Жүзе алмасаңыз, суға тереңдеп бойламаңыз;
  • - Суға түскенде бір-біріңізден көз жазып қалмаңыз;
  • - Арнаулы белгі қойылған жерден алысқа ұзамаңыз;
  • - Көпірден, жағадан, қайықтан суға секірмеңіз;
  • - Түнде де суға түспеңіз.
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары