Испанияда адам сенгісіз оқиға болды: қайтыс болды деп ойлаған әйел жерлеуге дайындық кезінде тіршілік белгілерін көрсете бастаған. Жерлеу бюросының қызметкерлері оның саусақтарының қимылдап, тамырының соғып тұрғанын байқап, есеңгіреп қалған. Олар тірі адамды жерлеуге сәл қалғанда болғанын түсінгенде, нағыз ажиотаж басталған. Бұл туралы Mirror жазды.
Жергілікті БАҚ хабарлауынша, әйел медициналық мекемеде ресми түрде қайтыс болды деп танылып, денесі мәйітханаға жеткізілген. Алайда жерлеуге дайындық барысында ол аяқ астынан тіршілік белгілерін көрсете бастаған. Жедел түрде шақыртылған дәрігерлер әйелдің тірі екенін растады. Ол дереу ауруханаға жеткізіліп, бақылауға алынды. Қазіргі уақытта оның жағдайы туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Медициналық мекеме бұл жағдайға байланысты ішкі тексеріс бастаған. Дәрігерлер осындай өрескел қателіктің қалай орын алғанын анықтауға тырысып жатыр.
Айта кету керек, бұл Испанияда алғаш рет болып отырған жағдай емес. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында дәл осындай оқиға орын алған: ауыр халде ауруханаға жеткізілген әйел қайтыс болды деп есептеліп, мәйіт салынатын қапқа салынған. Бірақ моргта ол қозғалып, қайтадан тірі екені анықталады. Өкінішке қарай, сол әйел кейін ауруханада қайтыс болған.