Ұлыбритания Герцогинясы Меган Марклге 10 миллион доллар көлемінде өтемақы талап етілетін сот ісі қозғалу қаупі төніп тұр. Бұған себеп – оның Netflix платформасындағы «With Love, Meghan» шоуында ұсынылған ваннаға арналған тұз қоспасын қолданғаннан кейін бір әйелдің қатты күйіп қалуы.
Робин Патрик есімді әйелдің айтуынша, ол қант диабетімен ауырады және шоуда көрсетілген тұз қоспасын (ингредиенттері: ағылшын тұзы, гималай тұзы, арника майы және лаванда майы) қолданғаннан кейін терісінде күйіп-жану белгілері пайда болған. Кейіннен бұл ауыр жараларға және ұзаққа созылатын физикалық азапқа әкелген.
«Ешқандай ескерту болған жоқ», – дейді Робин Патрик. Ол Меган Марклдің немесе оның командасының бұл өнімнің кейбір адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін алдын ала ескертпегенін алға тартады.
Патриктың заңгерлері Меган Марклдің өкілдеріне ресми хабарлама жіберіп, емделу шығындары, моральдық және физикалық зардаптары үшін өтемақы талап етіп отыр. Құжаттарда айтылған өтемақы көлемі – 10 миллион АҚШ доллары.
Жауап ретінде, Меган Марклдің заңгері Кэмерон Стрэчер бұл рецепттің тек ақпараттық сипатта болғанын және Меган не оның продюсерлік компаниясы (Archewell Productions), не Netflix ешқандай заңды жауапкершілікке тартылмауы тиіс екенін айтты.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Жанкүйерлер екіге бөлінді: бір тобы Меганды қолдап, екінші тобы өнімдердің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар қойып отыр. Сарапшылар бұл жағдай Меган Марклдің бренд имиджіне елеулі соққы болуы мүмкін екенін алға тартады.
Егер өнімнің расында да зиян келтіргені дәлелденсе, бұл істің салдары тек өтемақы төлеумен шектелмей, өнімдерді кері қайтаруға немесе жобаның тоқтауына әкелуі мүмкін.