МӘЛІККЕ!
Ел күйзелген кезінде ерлік еткен, бауырым! Жау жағадан алғанда батырлық еткен, бауырым! Ел намысын ізеттеп, құтты болсын айтамын шын жүректен, Мәлігім! Қиядағы қырағы қаршығадай жас жүрегің кемеңгер ақылыңа жолдас болып, аманшылық арқасында елімізге аянбай еңбек етіп, халқымызды бұдан да былай тағы да бірнеше рет абыройға еге етеді деп сенемін! Қолыңды қысып, құшақтап, жылтыр қара торы бетіңнен сүюші – ағаң Бауыржан.
03.02.1943 ж.
P.S. Соғыс даласындағы автордың кабинеті – ор, орындығы – жер, столы – тізесі.
Абайдың шөбересі Берекехан Құтайбайұлы Мағауиннің майданнан жазған хаты
Амандық хат
Хазель, қалай, денің сау, аман ба, денсаулықтың арқасында оқуды өте жақсы оқып жатқан шығарсың? Ал менен хал білмек болсаң, ден сау, аман-есен, денсаулықтың арқасында Отан қорғау міндетімді ойдағыдай орындап жатырмын.
Ал Хазель, сенің салған хатыңды алдым. Ноябрьдің 22-і күні саған 550 сом ақша салдым, алысымен тез хат сал.
Жошы мен Ишанның хабарын жазып жібер. Жошы қайда, үйге келді ме, келген жоқ па, жарасы жазылды ма, соны жаз. Ал менің адресім – бұрынғы ескі адрес: Полевая почта 16627. Өзіңнің адресің бұрынғы ма, мен саған ескі адреске салдым. Саған ақша көп жаздым.
Маговин Б.
23.11.43
инв №934
АМАНДЫҚ ХАТ
Ардақты Тәтешім, Шамен аға, бауырларым! Сіздерді Алматыдан кеткеніме 10 ай толғанына аман-есендігіммен құттықтаймын. Өзімді дәл 10 ай толған күні, 28-і июньде, сағат 8-де немістің оғымен құттықталдым.
Жара өте жеңіл – қайта шығып, өшімді алатын күшім бар. Оқ сұқ қолымның етін алып, бас бармақтың етін сүрген, аздап зияндап, кеудеме жеңіл шинелді киім астарынан өткізбей, аруақ ұстаса керек.
Ол жерде оборонада тұрдым. Күндіз дем алып, түнде перестрелка жүрді. Өте жеңіл, қызық өмір болды. Тамақ жоқ, жұмыс жоқ. Қолыма взвод беріп еді, ішінде бір ғана қазақ болды. Соның жылағаны батты – жарадан бұрын. Хал осылай, туыстар, хал жаман емес.
Украинаның жерінде күнде көшіп жүргенім, госпиталь жоқ. Сондықтан адрес те жоқ. Только сендер ойламай, қайғырмай жүрсін деп жазып отырмын.
Сот Әкрам, сенімен түсімде жолығып, күндіз оқымай өткен жастықты ойлап, қайран қалам да.
Хазель, қалай, хабарласасыздар ма? Ақша салайын деп едім, тұрақты адрессіз сала алмадым. Сала алмаған соң, өткен екі айға ақша алмадым. Аттестатпен жіберем бе деп, енді шығысымен төсектен жіберем.
Осы – хал. Қош, сау болыңдар, жақында үйде болам. Только ойламасаңдар.
(Оң қолыма тиді) жазған – сол қол.
3/VII–43 г.
инв. №939
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ, ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНАН СОҒЫСҚА АТТАНҒАН
ҚАЛЕЛ ДЕГЕН ЖІГІТТІҢ АТА-АНАСЫ МЕН ЖАРЫ ӘСИЯМЕН ҚОШТАСУЫ
Сүйгенім, сүйінгенім, жан Әсия,
Болды ғой Отан үшін жаным пида.
Сені ойлап, қайғыменен жазған хатым
Желкемнен аққан қанды қылып сия.
Мен кеттім Отан үшін жанды қиып,
Артымда достар қалды қабақ түйіп.
Шыққан соң Дон өзені бес шақырым
Мен қалдым метр жарым жерге сыйып...