Ер есімі – ел есінде: «AMANAT» партиясы ардагерлерге құрмет көрсетті

/
Ер есімі – ел есінде: «AMANAT» партиясы ардагерлерге құрмет көрсетті
«AMANAT» партиясы

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету мен аға буынның ерлігін мәңгі есте сақтау – бір реттік акция емес, бұл мемлекеттік және қоғамдық-саяси өмірдің маңызды бөлігі.Осы орайда, Жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевке арнайы барып, оның ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғысын білдірді.

Жақында ғана Рзағұл Байкешев 101 жасқа толды. Ол майданға небәрі 17 жасында аттанған. Ржев пен Великие Луки үшін шайқастарға қатысып, Польшаны, Румынияны және Венгрияны азат етуге үлес қосқан. Ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Г. К. Жуков» медалімен және басқа да марапаттармен наградталған.

«Соғысқа 1941 жылдың 7 тамызында аттандым. Ол кезде небәрі 17 жаста едім. 101-бригадаға түстім. Жаңа шақырылған сарбаздарды 4-5 ай үйретіп, бірден майданға жіберетін. Жас болсақ та, әрқайсымыз Отан үшін жан беруге дайын едік. Бүгінде бізді ұмытпай, жағдайымызды сұрап, көңіл бөлгендеріңізге ризамын. Жақсы сөздеріңіз бен істеріңіз өздеріңізге еселеніп қайтсын», – деді ардагер.


Өз кезегінде Дәулет Кәрібек жеңіске өз үлесін қосқан ұрпақтың ерлігін ұмытпау – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндет екенін атап өтті.

«Қан майданда ерлік көрсеткен қазақ даласының жауынгерлері мен тыл еңбеккерлерінің есімін есте сақтау – бәрімізге жүктелген қасиетті борыш! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ұлы Жеңіс – еліміздің ажырамас тарихының бөлігі ғана емес, күллі әлемге тағылым болатын үлкен сабақ. Ал біздің партияның міндеті – ұмытылмас тарихымызды ұрпақ санасына сіңіріп, олар арқылы болашаққа жеткізу. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асыруда. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне мақсатты қолдау көрсету, ескерткіштер мен мемориалдарды абаттандыру, түрлі акциялар мен іс-шаралар өткізу арқылы біз ата-бабаларымыздың ерлігіне құрмет көрсетіп, қазақстандық жастарды елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға, шынайы патриот болуға тәрбиелеп келеміз», – деді партия Атқарушы хатшысы.


Айта кету керек, партия егде жастағы азаматтарға жүйелі түрде көмек көрсетіп келеді. Ел бойынша 100-ден астам белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Шалғай ауылдарда дәрігерлердің көшпелі қабылдауы ұйымдастырылады. Өткен жылы ғана мұндай медициналық көмекті 40 мыңға жуық қарт қазақстандық алды. Ал 5 мыңдай жалғызбасты зейнеткерге тұрақты көмек көрсетілуде: дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізу, тұрғын үй мен ауланы жөндеу, тұрмыстық қолдау көрсету жұмыстары атқарылуда.

Сондай-ақ, соңғы үш жылда 5 мыңнан астам жасөспірім қатысқан «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары да дәстүрге айналды. Осы арқылы партия жаңа буын патриоттарын тәрбиелеп, жастардың ел тарихына деген құрметі мен елжандылық сезімін қалыптастырып келеді.

Осылайша, 9 мамыр – партия мүшелері үшін жай ғана күнтізбелік дата емес. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының символы, жеңіс жолындағы ерліктің жүректерде мәңгі сақталатынының дәлелі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары