Адамзат тарихындағы ең ауыр тақырыптардың бірі – соғыс. Ол тек майдан даласында емес, адамның жүрегінде, жадысында, рухында жүретін ұлы қақтығыс. Бұл зұлматтың қайғысы мен үмітін, қаһармандығы мен азабын бейнелеу, соғыс жылнамасын құрғақ дерек емес, адам тағдырымен байланыстыра жеткізу – әдебиеттің құдіреті һәм миссиясы болды. Әдебиетте соғыс тек оқиға емес, психологиялық, философиялық құбылыс ретінде көрініс тапты. Жазушылар үшін соғыс – шындық пен өтіріктің, ерлік пен опасыздықтың, өмір мен өлімнің арасындағы шекара. Қаламын қару еткен қаламгерлер қан мен терге бөккен майдан даласын көркем сөйлетті.
Мәселен, Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ» романы Бірінші дүниежүзілік соғыстың шынайы бейнесін көрсетіп, «Соғыста жеңімпаз болмайды» деген ойды терең жеткізді. Ал Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясы – Наполеон соғысын қаламға арқау қылды. Ал Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!» шығармасында соғыс адамды адамдықтан айыратыны суреттеледі. Бұл авторлардың бәрі соғыстың адам санасына салатын жарасын көрсетуге тырысты. Сол секілді қазақ әдебиетінде Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы кең орын алды. Майдан шындығы мен тылдағы өмір, аналардың зары, боздақтардың ерлігі терең жырланды. Бауыржан Момышұлының «Арпалыс», «Ұшқан ұя» сияқты шығармалары – жауынгердің көзімен жазылған өмірбаяндық куәлік болса, Әди Шәріповтің «Партизан қызы», Қасым Қайсеновтің повестері – халық күресінің рухын көтерді. Дауылпаз ақындар Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев сынды ақындар өлім мен өмір күресін өлеңмен өрді.
Жуырда Жеңіс күнінің қарсаңында Одақ филиалы мен TÚRKISTAN газеті ұйымдастыруымен қаламгерлер арасында «Соғыс және әдебиет» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ:
Армысыздар, құрметті қаламгерлер. Бүгінгі өткізгелі отырған дөңгелек үстел тақырыбы – «Соғыс және әдебиет». Соғыс деген кезде біздің ең алғаш есімізге келетіні – Екінші дүниежүзілік соғыс. Біз соғысты өз көзімізбен көрмесек те жазылған роман-повестер, көлемді поэмалар арқылы жақыннан таныдық. Қасіретін сездік. Сол кездегі жазылған шығармалар қазақ әдебиетінің бір дәуірі іспеттес болды. Соғыс жайлы жазылған қазақ әдебиеті – ұлттық жадының бір тармағы. Әдебиет сол жадыны сақтап, ұрпаққа аманаттайды. Жалпы, қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбының айтқысы келген идеясы қандай болды? Оны біздің қаламгерлер қалай жеткізді? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, ақын:
Соғыс лирикасы
– Екінші дүниежүзілік соғыстың ел тарихында үлкен із қалдырғаны рас. Соғыс зұлматтарының бейнеленуі кезінде кеңестік идеологияға сәйкес, қатаң цензурасынан өтіп отырса да белгілі бір дәрежеде өзінің көркемдік дәстүрін қалыптастырған, өзіндік айтары бар, тірі суреттерге толы кәдімгі прозалық және поэзия туындыларын туғызды. Әдебиетіміздің тарихына өзінше әсер етті. Мен алдымен майдан лирикасына тоқталуды жөн көріп отырмын. Қазақ поэзиясында майдан лирикасы айрықша орын алады. ХХ ғасырдың 41-45 жылдары адамзатты қанға бөктірген сойқан соғыстың лирикада орын алуы заңдылық. Қаламын қаруға айырбастаған майдангер ақындар шығармашылығынан біз соғыс суретін көз алдымызға әкелетін өміршең, сыршыл да мұңлы жырларды көптеп кездестіреміз. Соғыс поэзиясы деген кезде майдангер қаламгерлер, біздің әйгілі ақындарымыз Қасым Аманжолов бастаған, Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев, Жұмағали Сайын секілді ақындар есімізге оралады. Олардың барлығы соғыс тақырыбын ұлттық поэзиядағы бұрынғы ерлік дәстүрді, жыраулар поэзиясындағы дәстүрді жалғастырса, екінші жағы сол соғысты тек қана байырғы қалыптасқан бір ғана дәстүрмен ғана емес, жаңа сипатта суреттеді. Соғыстың қасіреті, өмір мен өлім арпалысы – адамзат тарихындағы қара таңбалы кезеңдер. Ежелден өлең-жырға, ертегі-аңызға арқау болған ерлік дәстүрі бір басқа, соғыс отына шарпыла жүріп өмірді, өміршең арманды жүрек дүрсіліне орап жеткізетін лирикалық сарын мүлде басқа. Екеуін тоғыстырып тұрған – адами мұрат, өмірге құштар суреткерлер рухы. Ерлік дәстүрді асқақтатқан Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы бағзы дәстүрді жаңаша түлеткен майдан тақырыбындағы жауһар туынды. Ал Жұмағали Саинның «Есімде Айдар өзені», Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңдеріндегі өмірге құштар рухтың аңсары мен арманын, сағынышы мен мұңын тебіренбей оқу мүмкін емес... Мәселен, партизан Жұмағали Саинның:
«Айдар! Айдар, Ақ Айдар,
Өткіздім сенде көп айлар,
Қалдырдым сенде көп ойлар».
Шертеді майдан сырларын.
Оқы, достым, оқы оның
Сол партизан жырларын!
Жазықсыз аққан қан үшін,
Сезесің ерлік сырларын, – деген жырларын мектепте жаттап өстік.Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 1944 жылдың 28-мамырында сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Майданнан соққан жаңа леп» мақаласында соғыста туған поэзиялық туындыларға ерекше назар аударуының мәні поэтикалық қуаты терең әдеби туындылардың әсер-ықпалы екені сөзсіз. Қасым Аманжоловтың майданға аттанып бара жатқан кезінде жазған «Сарыарқа» деген өлеңі бар.
«Сарыарқа сағындырдың атамекен,
Сардала анам едің, құшағың кең.
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта – сен, алда – майдан, қайтсем екен?» деп жырлайды сонда. Одан кейін Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» әдемі лирикалық туындысына Ғабит Мүсірепов ерекше тоқталады.Ақша бұлтым, айтшы маған, айтшы маған, келдің қайдан?
Кәрі әжемдей айтшылаған, неге бейқам кездін майдан?
Жеткен бе әжем ақ шашымен мені аялап таң алдында
Әлде Алатау ақ төсінен күн сүйгенде жаралдың ба?
Мүмкін, бір сәл кесте тігіп отырғанда Ақбілегім
Асау құйын кеткен-ді іліп алдындағы ақ жібегін.
Ақша бұлтты әлем биік, әкетпе алыс, орал, ағын,
Мүмкін, жарым сәлем түйіп ұшырған-ды орамалын?
Мен сезімде ұйып тұрмын, тербе бұлтты жел ерінбей,
Желкілдесіп сүйіктімнің кір шалмаған желегіндей!
Баяула жел, көп есілмей, қума бұлтты, төзесің бе?
Ақ қанатты көгершіндей тұрсын солдат төбесінде!
Ақ мамық бұлт, қон алдыма, қайда кеттің?
Аядың ба –
Ақ марлы боп оралдың ба әлде оқ үзген аяғыма?
Мүмкін, елге алып ұштың жауынгердің сағынышын,
Айқасты да ол, жалынышым, сенің арман-бағың үшін!
Ақша бұлтым, аялдамай көз алдымнан ұштың ұзап,
Жаралы деп баяндама, күтсін мені, күтсін ұзақ!» – деген өлеңіндегі майдан даласында қан кешіп жүрген солдаттың көңіл күйін, елге, жарға деген бір әдемі сағынышын жеткізетін тамаша бір сурет өлең деп бағалайды, сонда Ғабең.Біз Сырбай Мәуленовтың соғыс тақырыбындағы лирикасын қан майданның динамикалық бейнесін танытуымен көркемдік-эстетикалық қуаты жоғары туындылар деп бағалаймыз. Әйгілі «Құлын жыры», «Нажағай», «Түбірлер», «Соғыстан қайтқан солдаттар», т.б. көптеген өлеңі Сырбай ақынның соғыс психологиясын, майдан даласындағы өмір мен өлім күресін шынайы суреттер арқылы жеткізуімен ерекшеленеді.
Мәселен, «Құлын жыры» өлеңіне назар аударайықшы:
Шаршаған жол батып
Волховтың батпағында,
Жатыр бие толғатып
Зеңбіректің арт жағында.
Фугас бомбасы
Жерді өртеген қиын күнде,
Тіршілік жолдасы
Бүлкілдейді биенің бүйірінде.
Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан,
Сәби бір үн сағынған.
Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап,
Солдат оның сипайды құрсағынан.
Шашыраған көк жалынын бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал оттың ортасында –
Шіркін өмір
Құлын боп кісінейді.Қараңызшы, жалғыз ғана бір ғана құлынның өмірге деген ұмтылысы арқылы өмір мен өлім арасындағы пәлсапаны жырлайды. Немесе «Түбір» деген өлеңінде де осындай символиканы қолданады:
«Көрінеді
Орманнан
Түбірлер.
Айрылған
Аяқ-қолдардан
Түбірлер.
Мүгедек солдат секілді
Түбірлер.
Оқ жұлғандай етімді,
Жүрегім тулап дүбірлер,
Кезеріп ерінім күбірлер.
«Соғыс не?!
Менен біліңдер», –
Деп тұрғандай түбірлер».Міне, тұтастай бір майдан лирикасы. Біз майдан лирикасын арнайы тақырып етіп зерттеген адамдарды білмейміз. Жалпы, мына «қазақ лирикасында соғыс суреті, соғыс бейнесі қалай көрінді?» деген сұрақты көтерген зерттеуді өз басым жолықтырған жоқпын. Мүмкін бар шығар. Десек те, бұл да жеке тақырып етіп зерттейтін үлкен сала.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы:
Соғыс тақырыбында тағы бір әңгіме жазғым келеді
– Бала кезде Қасым Қайсеновтың партизандар туралы «Жау тылында» атты повесі ең сүйікті кітабымның бірі болатын. Соғыс тақырыбына жазған совет жазушыларын көп оқып өстім, мұндай әдебиет ешқашан ескірмейді. Өйткені адамзат жады тұтас халықтардың қасіреттер жылнамасын ұмытайын десе де ұмыта алмайды. Соғыс тақырыбына «Снайпер» атты әңгіме жаздым. Кейіпкерім немере ағам, отан үшін өліп, қан майданда өлшеусіз ерлік көрсетсе де, 77 жыл белгісіз солдат болып, ескерусіз қалған Төлеуғали Әбдібеков (1916-1944). Снайпер Т.Әбдібековке Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылы Халық Қаһарманы жоғары атағы берілді.
Туған елін қорғап қаза тапқан, артында ұрпағы қалмаған батыр туысым туралы киносценарий жазбақ ойым бар. Қазір қоғамда 80 жыл бұрын зорға аяқталған жойқындығы жағынан теңдесі жоқ қанды қырғынға самарқау көзқарас белең алды. Жастық дәурен, бәйшешек өмірін алапат соғыс жұтқан алдыңғы ұрпақтардың жанкешті ерлігін, қайғы шерін ұмыту мүмкін емес. Қан майданда мерт болған аталарымыздың, тылда ауыр бейнет арқалаған аналарымыздың, қаршадайынан ересектер сияқты жұмыс істеген жетім балалардың тағдырына әсер еткен сұмдық тарихты білмеу, оның маңызын ескермеу – бұл рухқа опасыздық. Соғыста жеңілу керек еді, сонда керемет ел болып кетер едік деп жаңсақ ойлайтындар бар, бұл енді санасыздықтан, қисынсыздықтан туған адасу. Сол кездегі Совет Одағы халықтарына ғана емес, күллі Батыс Еуропа, адамзатқа небір данышпандарды берген неміс халқына орасан опат болып келген фашизм идеясы тұтас әлемді өзгертіп жіберді. Бірақ кез келген теріс идеологияға тұтылғаны үшін халықтар кінәлі емес, мұның астарын бір сөзбен айта алмайсың.
Беларусь жазушысы Василь Быковтың «Сотников» атты повесінде адам баласының кісілік таңдау құқы психологиялық тереңдікпен, отансүйгіштік рухпен шынайы суреттелген. Мұнда соғыс алапатының не екенін оқырман сезініп отыратын суреткерлік бар.
Москвада М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүргенімде белгілі жазушы Юрий Бондаревты көрдім, иманжүзді кісі екен. Майдангер жазушының «Жағалау» атты романының экранизациясы шыққан.
Соғыс тақырыбына тағы бір әңгіме жазу көкейімде бар. Уыздай жас күнінде жесір қалған қазақ аналарының жазмышы ерекше толғандырады. Және ойдан құралған немесе көшірінді псевдопроза емес, өмір деректерінен алынған туынды болмақ.
Амангелді Кеңшілік, сыншы:
Совет әдебиеті соғыс шындығын толық аша алған жоқ
– Жалпы, біз советтік идеологияда тәрбиелендік. Сондықтан бізге осы кездегі тағылған идеялардан да, әсерлерден де арылу өте қиын. Бірақ арылу керек деп ойлаймын. Онда жауға қарсы шығып кісі өлтірген адамдардың бәрін керемет қаһарман қылып көрсетті. Бұл бір жағынан түсінікті. Бірақ соғысқа байланысты көзқарас, сипат он сегізінші ғасырдан бастап өзгере бастады. Мұны он сегізінші ғасырдың аяғы мен он тоғызыншы ғасырдың басындағы жазылған шығармалардан байқауға болады. Мәселен, Стендальдың соғыс туралы шығармаларында соғыстың психологиясы қатты беріледі. Севастопольдің алғашқы әңгімелерін оқыған кезде Толстой орыс әскерлерінің керемет батырлығын асқақ жырлап келеді де, бірақ соңына таман келген кезде Толстой басқаша жаза бастайды. Себебі ол соғыстың қасірет екенін сезеді. Көп жағдайда біздің жазушылар мынау жиырмасыншы ғасырда пайда болған модернистік бағыттарды түсіне алмай жатады ғой. Оның үлкен себебі осы Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты. Өйткені адамның жан дүниесі, болмысы өзгеріп кетті. Соғыс тақырыбы Бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында жақсы ашылды. Соның ішінде жоғалған ұрпақтың тағдырын жазған үш роман дүниеге келді. Біріншісі Хемингуэйдің «Қош бол, майдан» романы, екіншісі Эрик Ремарктың «Батыс майданды өзгеріс жоқ» кітабы, үшіншісін Ричард Оллингтон жазды. Міне, осы шығармаларда негізінен соғыстың психологиясы, соғыста жүрген адамның жан дүниесі жан-жақты ашылды.
Енді Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына келетін болсақ, бұл соғыс ешқандай да бір Отан үшін болған соғыс емес. Бұл екі империяның қақтығысы. Гитлер мен Сталин екеуінің әлемді билегісі келген саясатынан туындаған соғыс. Осы сәтте отаншылдық рухты көтеру үшін, түрлі саясаттар қолданды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, батырлар жырын жариялауға соғысқа дейін тыйым салынып келсе, соғыс кезінде бәрі жарыққа шыға бастады. Ондағы мақсат халықты соғысқа қарсы жұмылдыру болды.
Негізгі әдебиеттің ең басты миссиясы не? Ол шындықты жеткізу. Міне, осы тұрғыдан алған кезде совет әдебиеті соғыс тақырыбында шындықты толыққанды аша алған жоқ. Михаил Шолоховтың «Олар Отан үшін шайқасты» деген романы бар ғой. Сол киносценарий ретінде ғана қалды. Ал негізгі шығармасын цензура өткізбеген. Егер оқыған болсаңыздар, сол романда кішкене соғыстың шындығын айтуға тырысқан. Роман совет әскерлерінің қалай немістерден тырқырап қашып бара жатқанынан басталады. Тағы сондай советтік соғыстың шындығын жазған орыстың бір ғажайып жазушысы болды. Виктор Астафьев «Қарғыс атып, қаза тапқандар» романында шындықты шырқыратып жазды. Бұл шығармасын соғыстың ащы шындығын суреткерлік шеберлікпен жеткізген ұлы шығарма деуге болады. Шындықты мойындау оңай емес. «Қарғыс атып, қаза тапқандар» романы үшін Виктор Астафьев өз отандастарынан неше түрлі ауыр сөздер естіді. Сол романда қазақтар туралы да айтады. Романда бір пойыз қазақтардың Сібірге жеткенше құлақтары мен мұрындары үсіп қалғанын баяндайды.
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, ақын:
Жеңілгендердің қасіретін жазды
– Амангелдінің айтқанынан есіме түсіп отыр. Йоганн Вольфман Борхерд деген отыз жасқа жетпей қайтыс болған немістің драматургы болды. Соның жеңілген елдің көзімен қараған шығармасы бар. Сол шығарманы Шәрбану Бейсенова «Жабық есік алдында жалғыз» деп қазақшаға аударды. Солдаттың жеңіліп жатқан сәттегі қасіретін терең психологиямен береді. Соғыстағы шындықты жырлау дегенде менің есіме Пушкин мен Лермонтов қатар келеді. Себебі екеуі де соғысты жырлайды. Бірақ әртүрлі. Пушкин асқақ пафосты жырласа, Лермонтов соғыстың қасіретін жырлайды. Пушкин империялық елдің ақыны тұрғысынан қарайды. Ал Лермонтов бөлек. Себебі ол кейіннен соғысқа қатысты ғой. Қасіретті өз көзімен көрді. Демек, соғысты өз көзімен көру бір бөлек те, оны алыстан жырлау бір бөлек.
Әбубәкір СМАЙЫЛ, ақын, журналист:
– Соғысты шынайы беру дегеннен шығады, 1944 жылы Алматыға емделуге келгенде Бауыржан Момышұлы Ғылым академиясында баяндама жасайды. Сонда жиналысқа кешігіп келген мүйізі қарағайдай академиктерді кіргізбей қояды. Баукең баяндамасында біздің жазушыларды, ішінде Ғабит бар, Сәбит бар, аяусыз сынайды. Сонда жазушыларға: «Сендер соғысты жекешелендіріп алғансыңдар. Шығармаларыңда шынайылық жоқ» деп сын айтады. Соғыс туралы майдан шебін көрмеген адам, окопта жатпаған адам, жауынгермен бірге шабуылға шықпаған адам жаза алмайды. Қасындағы жолдасының қалай өлгенін шынайы бере алмайды. Батырдың айтқаны осыған саяды.
Соғыстан кейін қолына қалам алуға мәжбүр болған қаламгерлер бар. Қасым Қайсеновтер «Біз жазушы емеспіз» деп мойындайтыны бар ғой?! Десе де, олардың шығармалары шынайы болды. Себебі олар майдан қасіретін өз көздерімен көрді, сезінді. Қарап тұрсақ, әлем әдебиетінде көп қаламгер соғысқа қатысқан. Мәселен, Толстой, Ремарк, Хемингуэй секілді. Демек, адам өзінің басынан өткермесе, ол шынайы шығарма жаза алмайды.
Өміржан ӘБДІҚАЛЫҚ, жазушы:
Соғыс тақырыбы – мәңгілік тақырып
– Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат санасына өте үлкен төңкеріс жасады. Бұл төңкерістің әсерін біз өнерден анық байқаймыз. Мәселен, қазақ әдебиетінің алтын кезеңі деген шартты атауға ие өткен ғасырдың 60-70 жылдары әдебиетке келген буынның шығармашылығындағы ең негізгі өзек – соғыс тақырыбы болды. Соғыс уақытындағы ауыл өмірін ала отырып, соғыстың алапат зардабы мен соғыс өзгерткен адами психологиясын терең жаза білді. Бұған сол тұстағы жазушылардың кез келген шығармасын мысалға келтіруге болады. Мәселен, Оралхан Бөкейдің Жеңісхан атты кейіпкері бар. Міне, сол Жеңісхандар соғыстан кейінгі қазақ әдебиетінің ортақ образына айналды десек артық болмайды. Қазақ прозасындағы соғыс кейінгі әдебиеттің тағы бір орталық кейіпкері ол – ауылдағы басқарма, бригадирлер. Бұлар қазақ ауылдарына соғыспен бірге келген зауалдай суреттеледі. Тағы бір ерекшелігі – шығармалардың дені бала көзімен жазылуында. Яғни, соғыс балалары – Жеңісхандар.
Соғыс тақырыбы шығармашылық мәдениетіміздің түп өзегіне айналған. Мысалы, жыраулар поэзиясын алсақ, ол сол замандағы соғыстар тудырған әдебиеттің бір саласы. Тіпті, берідегі Махамбеттің өзі соғыс тудырған тұлға. Сол секілді халық ертегілерін алсақ та, оның да негізгі желісі – соғыс. Алпамыс, Қобыланды, Қамбарды оқысаңыз, батырлар соғыс арқылы жырланып, тұлғаланып, дараланады. Демек, соғыс санада үлкен төңкеріс жасау арқылы рухани тақталарды қозғайды. Содан келіп ұлы шығармалар өмірге келеді.
Соғысты әр ұрпақ өз заманы тұрғысынан қабылдайды, зерделейді. Қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбы жазылып біткен секілді көрінгенімен, оны қазіргі жазушылар осы заман тұрғысынан бағамдап, бұрынғы жалаңаш кейіпкердің психологиялық келбетін жаңаша түрлендіріп жазуға әбден болады. Өйткені соғыс тудырған тағдыр мен соғыс тудырған адам бейнесі ол – түлеп отыратын тақырыптың бірі. Дәл соғыс кезеңіндегідей адам психологиясы өте анық, айқын болып көрінбейді. Сондықтан да соғыс туғызған адам бейнесі әдеби азық деп қарастыруға болады.
Әлемдік киноматографияда да Екінші дүниежүзілік соғыс әлі күнге актуальды тақырып. Мәселен, Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ» романына Netflix сериал түсірді. Осындай мысалдардың өзі соғыс тақырыбының 80 жыл өтсе де өнер үшін әлі дайын материал болып отырғанын көрсетеді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМ, ақын, жазушы:
Соғыс қасіретін бала көзімен суреттеген шығарма
– Қазақ әдебиетінде соғысқа қатысты көп шығарма жазылды. Әр қаламгер әр қырынан келіп, терең үңіліп бақты. Мәселен, жесірлердің де, солдаттардың да өміріне арналған шығармалар бар. Соның ішінде соғыс жылдарындағы балалардың өміріне арналған бірегей шығарма деп айтуға болатын Дулат Исабековтың «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесті. Әдетте, «Сендер соғысты көрген жоқсыңдар ғой» деп келетін үлкендер әңгімесін жиі естиміз. Ал сол соғыс уақытындағы балалардың өмірі соғыстан кем болмағанын, оларға да алапат қасірет жүгі түскенін осы шығарма арқылы керемет шебер көрсетіп береді. Оңғар дейтін кейіпкер сөзімен баянадалатын әңгімелердің баршасы баланың психологиясы арқылы өрбиді. Мұнда балалардың психологиясының ашылып көрсетілуі, тіпті ол үлкендердің қиялына келе бермейтін дүниелер. Мысалы, соғысқа барып бір қолы шолақ болып келген ағайға қызығып, сол шолақ қолы өзіне жарасатындай болып көрінеді бала көзіне. Сол секілді бір аяғын соғысқа беріп ақсап келген тағы бір солдат туралы «Аяғының ақсағаны өзіне сондай керемет жарасатын еді» дейді. «Шіркін, біздің де әкеміз, ағамыз соғыстан шолақ болып, ақсақ болып келсе ғой» деп те қиялдайды. Сондай-ақ Оңғардың досы Құлман деген кейіпкер бар. Әкесі соғысқа кеткен, жалғыз қарындасы бар Құлман соншалықты намысты болып өседі. Сол кейіпкердің әкесінің жымиып түскен суретімен сөйлесетіні бар. «Сен неге жымиясың, неге келмейсің» деп назалануы оқыған адамның бойын шымырлатады. Дәрібай деген аяқ-қолы шолақ болып соғыстан оралған кейіпкердің де образы сұмдық. Бұлай азап шеккенше соғыста өлгенім артық еді ғой, деп қасірет шегіп, аязды күні түнде өзін-өзі жардан домалатып жіберетін оқиғасы бар. Балалар көзіне ол бір үлкен ерлік болып көрінгенімен, соғыстан қайтқан мүгедектердің жан азасын суреттейді. Сол Дәрібайдың әйелі де жынданып кетеді. «Жыламаңдар, Құдай бізді тағы да жылаттым демесін» деп сөйлеуі де сол кезеңнің ауыр тынысын бейнелейді. Нұрәлі деген баланың бүкіл жақыны соғыстан аман-есен оралып, өзге қара қағаз келген үйлердің көзіне шыққан сүйелдей көрінуі де ауыр дүние. Сол үй ақыры ауылдан көшуге тура келгенде Нұрәлінің «Ауылдан көшпеймін» деп үйді айнала қашатын сәті бар. Сондағы бас кейіпкер Оңғар «Әкесі жоқ бала әкесі бар баланы да аяйды екен ғой» дейді. Мұның барлығы соғыс ашқан адам бойындағы терең психологиялық құбылыстар. Бала санасы арқылы соғыстың түсірген сызаттарын суреттеуде Дулат Исабековтің шеберлігі осы шығармада қатты сезіледі.
Әзірлеген
Наурызбек САРША