Біздің ең басты парызымыз не?

Біздің ең басты парызымыз не?
cурет: istockphoto.com

Мені үнемі осы сұрақ толғандырады. Біздің қоғамның, еліміздің ең басты құндылығы не деген сұраққа әрдайым жауап іздеймін. Күні кеше елордада өткен әскери парадты көрдік. «Отан қорғаушылар күні» деген сөздің өзінде қандай кең мағына жатыр? Отанды қорғау. Мен сол парадты көріп отырып, әрбір қазақстандықтың ең басты парызы Отанды қорғау әрі дамыту екенін іштей сезіндім. Бұл сөзімде зәредей пафос жоқ. Бірақ Отанды қорғау деген киелі сөзді біздің халық қалай түсінеді? Міне, бүгінгі ең өзекті сұрақ осы.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бі­лімді болуға оқу керек. Бай болу­ға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы ке­рек­тердің жолында жұмыс істеу керек», – де­ген әйгілі қанатты сөзін оқыған сайын бү­гінгі ұрпақ осыны түсінер ме екен деген ой жегідей жейді. Осы сөздің аясында бір сәт ойланып көрейікші. Біз білімді ұр­пақ тәр­биелей алдық па? Олар білімді болу үшін оқуын қалай оқытып жатырмыз. Бай болу үшін кәсібімізді дөңгелете алдық па? Күш­­ті болу үшін керекті бірлігіміз бар ма? Осы керектердің жолында не істеп жа­тыр­мыз?

Мен бұл сұрақты билікке қойып отыр­ға­­мын жоқ. Мен жеке адамның жауап­кер­ші­­лігіне, оның ішінде мемлекетті құраушы ұлт қазақтың Отан алдындағы жауапкер­ші­­­лігіне баса мән беремін. Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының айтып отырғаны жай қанатты сөз емес, астарына үңілсек, үлкен тезис. Оны әрбір қазақстандық, әрбір қазақ жіті ой­л­анса, осы тезисті өздеріне қайыра сұрақ етіп қойса, көп дүние анықталар еді.

Ең алдымен білім туралы айталық. Біз­дің білімсіз деп айтпас едім. Мемлекет қо­лынан келгенше жағдай жасап жатыр. Алаш­тықтар бір мектеп ашу үшін қан­шалықты тауқыметті бастан кешкенін сар­ғайған газеттердің тігінділерінен оқып өс­тік. Қаншалықты қатыгез, тоталитарлы жүйе болса да, Совет одағы елді оқуға бау­лы­ды, мектеп салды, қара танымайтын қазақ болған жоқ. Тіпті, сол кезде әлемдегі ең сауатты халықтардың алдыңғы легінде болдық. Техника мен технологияны, елдің дамуына өте қажетті мамандықтарды игере алмаған шығармыз. Оған белгілі бір шектеу қойылғаны да шындық. Қазір ондай шет­тету жоқ қой. Қала мен елді мекендердегі жаңа мектептерді, әлемдік стандартқа бейім­делген ЖОО-ларды көрген сайын көңілім көтеріледі. Біздің кезімізде бол­ма­ған қаншама игілікті істер жасалып жатыр. Ке­ше қара таныған қазақ баласы бүгін әлемнің әр түпкірінде, түрлі салада, ғылым, бизнес, өнер дейсіз бе, бәрінде еңбек етіп жүр. Мұның бәрін жоққа шығаруға бола ма? Әрине, бәрі ойдағыдай деуге келмейді. Оны мойындауға тиіспіз. Білім саласындағы қап­таған реформа, оқулықтардың сапа­сыз­дығы, кейбір оқытушылардың біліксіздігі ойландырмай тұрмайды. Дегенмен мұндай түйткілді мәселелер тек бізде ғана емес, дамыған елдерде де баршылық. Ол заң­ды­лық. Қоғам бір орында тұрмайды. Салынған мектеп ғимараты ескіреді. Жаңа заманға сай оқу ордалары керек болады.

Мені толғандыратыны, білім алуға орай­дың көптігіне қарамастан, жастары­мыз­дың оқуға құштарлығының бәсеңдігі. Отан­ды қорғауым керек дейтін патрио­тизм­нің аздығы. Бәрін билікке, басқа біреуге ысыруға бейім тұратыны. Бір ғана жағдайды алып қарайықшы. Мемлекеттік тіл­дің көсегесі неге көгермейді? Осы сұрақ­ты қойсақ болды, бірден билікті сынай жө­не­леміз. Билік әйтпеді, билік сөйтпеді де­генге әбден машықтанып алғамыз. Еш­кім­ге дес бермейміз. Айналайын жұрт­шы­лық, ал сенің жауапкершілігің қайда? Мем­лекеттік тіл ұранмен емес, біліммен, оқумен өркендемей ме. Ендеше, елімізде өз тіліне мұрын шүйіре қарайтын қандастар неге көп? Егер мемлекетті құраушы ұлт өзі­нің баласын қазақ мектебіне берсе, қа­зақ балабақшасында оқытса, қазақтілді етіп тәрбиелесе, оған «мұның не?» деп қарсы тұрып жатқан кім бар? Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Жыл сайын емес, күн сайын да­мып келеді. Қазақтілді мектептер көбейіп, университетте қазақ тобында оқи­тындардың саны артып келеді. Бұл үрдіс тоқтамайды. Өйткені мемлекетті құраушы ұлттың үлесі 70 пайыздан асты. Бұл – қуанарлық көрсеткіш.

Менің балаларым қазақ мектебінде білім алды. Немерелерім де қазақ мектебіне барады. Олар ешкімнен кем болған жоқ. Алды шетелдің университетін бітіріп, өзінің мамандығы бойынша қызмет етіп жүр. Немерелерімді мектептен алуға барған сайын бір нәрсеге таңырқаймын. Қа­зақ мектебінде оқитын қаракөз балалар мек­тептен шыға салып орыс тілінде сөйле­седі. Аталары мен әжелері де оларға орысша сөйлеп бара жатқанын көремін. Осыны байқағанда, неге бұлай деп ойланамын. Өзі қазақ, баласы қазақ, немересі қазақ, оқитын мектебі де қазақ мектебі, онда неге олар қазақ болудан қорынады? Қазақ тілінде сөйлеуге намыстанады? Бұл қандай үрдіс? Айтыңыздаршы, бізге не болды? Күні кеше ауыл­дан қалаға көшіп келген ата-аналар бала­ларын неге орыс мектебіне береді? Олар­ды бұған не итермелейді? Осыны тү­сіне алар емеспін...

1986 жылы әйгілі сатирик, жазушы Шо­на Смаханұлы Алматыда елдің есігін қа­ғып жүріп, қазақ мектебін ашуға табаны тоз­ғанша жүгірді. Мен ол кезде Алматы ауыр машина жасау зауытының инженері едім. Журналист Құдиярбек Ағыбаевтың ай­туымен Шона ағамызбен таныстым. Жур­налист Батырхан Дәрімбет, әйгілі әде­биеттанушы-ғалым Еділ Тұрсынов, суретші Қал­қаман Тілеухановтармен тізе қосып, Шона ағамызға көмектестік. Біз қақпаған есік қалмады. Ақыры, №62 мектепті қазақ мек­тебі қылып аштық. Басында ел бізге үр­ке қарады. «Қазақ мектебінің не керегі бар?» дегендер де болды. Аз уақыттан соң №62 мектепте орын жетпеді. Парта-орын­дық­ты өзіміз жасадық. Керек-жарақты да өзіміз әзірледік. Мен зауыттағы мүмкін­дігім­ді пайдаланып, қажетті материалдарды даярлауға барынша қолғабыс еттім. Менің балаларым сол мектепте оқыды. Мұны неге ай­тып отырмын. Бір қазақ мектебін аш­ты­ру қандай қиын болғанын бүгінгі заманауи, жайлы мектептерде оқитын балалар түсіне ме? Осындай қиындықпен келген, аға­ла­ры­мыздың маңдай терімен жасалған игі істердің қадірін бүгінгі халық біле ме? Әй, қайдам... Егер білсе, балаларын орыс мек­те­біне сүйремес еді. Қайбір жылы Астанада қа­зақ мектебін аралас мектеп жасау керек деп ата-аналар шу көтергені естеріңізде шы­ғар. Аралас мектеп жасайық, үйімнің қа­сындағы мектепте балам орысша оқысын деп жүрген аналардың бәрі қазақтар екенін көріп, тағы да сүлкінім түсті. Тіпті, олар мек­теп директорын көрші елдің бас­шы­сы­на шағымданамын деп қорқытқанын қай­терсіз. Бұл не дерт? Біздің басты парызымыз Отан­ды қорғау болса, сол Отан деген ұғым­ның басты құндылығы – мемлекеттік тілі ғой. Мемлекеттік тілді қорғай алмасақ, он­да біздің кім болғанымыз. Шын мәнінде, Отан­ды қорғау дегеніміз – мемлекеттік тіл­ді қорғау. Осыны ұмытпағанымыз жөн.

Мен тілді дамыту туралы көптеген идея барын білемін. Сауатты оқу­лық, сапалы контент, ауқымды медиаресурс, та­нымдық әрі қызықты мультфильм, маңыз­ды әдебиет, тіпті жасанды интел­лект­ті дамыту туралы да жиі айтылады. Оның бәрін істеу қоғамның әрі мемлекеттің міндеті. Бірақ әр қазақ өзіне сұрақ қойып, қазақ болуға қорынбай, керісінше, мақтан тұтса, оның қастерлі де қасиетті тарихын тү­сініп, кемшілігінен сабақ алса, тілін қа­дірлеп, ділін қастерлесе, бізде көптеген проб­лема болмас еді. Біз өзімізді өзгеден қор емес, зор тұтуға тиіспіз. Зор тұту деге­ні­міз – өзіңді өзгеден биік қою емес, кем көр­меу, осындай Отанымыздың болғанын мақ­тан тұту әрі соның қадірін білу.

Мемлекеттік тіл айғай-аттанмен дамы­майды. Оны дамытатын – Сіз бен біз. Сен қара­пайым шаруа яки министр бол, балаң­ды қазақша оқыт, қазақ тілін меңгерт, қа­зақ­тың бай тарихын біліп өссін, өзінің осы елде туғанын мақтан тұтсын, болды. Қал­ға­нын ұлттық рухпен өскен ұрпақ өзі иге­реді. Біз кейінгі толқынға көп жүк қал­дыруға тиіс емеспіз. Өзіміздің қолымыздан ке­лер шаруаны істеп кете алсақ, онда бола­шақ ұрпағымыздың алдындағы асыл парызымызды өтегеніміз.

Бай болуға кәсіп керек. Ұлт ұстазының осы сөзіне назар салайықшы. Қазақ бай бол­са, өз еркі өзінде болса деп армандадық. Шүкір, Тәуелсіз ел болдық. Қазір елімізде бай да, бағлан да көп. Кәсіпкерлер де же­тер­лік. Бұрын кәсіп істегенді, саудамен ай­налысқанды ұят санайтын халық, бү­гінде бизнесмен болуды мақтан тұтатын бол­ды. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен бай­лық­тың да өз жауапкершілігі бар. Бай адам қам­қор болуы тиіс. Тарихтан бір ауылды бір байдың асырағанын талай рет оқыдық. Ше­жіреші ақсақалдарымыз байлығына ма­саттанбай, туған-туысқанына, жақыны­на, жұрағатына, тіпті тұтас елге қамқор бол­ған бардам адамдар туралы көп айта­тын. Өзімде ғана емес, елде де болсын, елде бол­са, менде де болады дейтін ауқатты аза­маттар арамызда әлі де бар. Дегенмен өзім­шіл, қанағатсыз, қайырсыз бағландар да аз емес. Тым құрыса, өзінің туған ауы­лы­на қарайласпайтын, бауыр-туысына жәр­демдеспейтін жандарды да көріп жүр­міз. Бұл немқұрайлық, өзінің кім екенін, кім боларын түсінбегендік. Кәсіпкерлік – отан­дық экономиканың тірегі. Шағын және орта бизнес өкілдері көбейген сайын, бә­секеге қабілетті болады. Бәсекеге қабі­лет­ті болу – өзгеден зәулім үйіңмен, қымбат мар­калы машинаңмен асу емес, ол дегеніміз – айналаңдағы адамдарға жұмыс беру, олар­дың ақысын жемеу, елдің сеніміне ие болу. Серіктестерің сенің сенімің үшін істес болу­ға құмартса, онда бәсекеге қабілеттісің де­ген сөз. Бизнестің басты қағидаты – се­нім. Егер саған өзгелер сенбесе, қанша дәу­летті болсаң да, оның қайыры аз болады. Бизнестік орта – ағын су секілді, кімнің ар­насы кең болса, соның байлығы еселе­не­ді. Кімнің арнасы тар болса, ол түптің тү­бінде сарқылады. Өзім ұзақ жыл бойы осы салада жүрген соң, бұл ортаның пси­хо­ло­гиясын жақсы білемін. «Асқанға тосқан» дей­ді. Егер сенің бизнесің еліңе, отаныңа пай­далы болмаса, онда дәулетіңнің қалай шай­қалғанын білмейсің. Мұндағы дәулет – тек қаржы империясына айналу емес, ел­дің, айналаңның, қызметкерлеріңнің се­німіне ие болу. Сенімді адамнан бизнес алыс­тамайды. Осыны түсінбегендіктен, бү­гін­гі байлығына мастанатындар көп. Ал ер­тең ше?..

Мен Тәуелсіздік ала салып, «Төре» деген ком­пания құрдым. Бір жылдары 700-ге жуық адам істеген кезі де болды. Кейін түр­лі себептермен қиындықтарға да тап бол­ған кезіміз аз емес. Осы күні бір нәрсеге шү­кірлік етемін, менімен істес болған, ме­­нің компаниямда қызмет еткен адамдар ай­наламнан безіп кеткен жоқ. Қиыншы­лық­ты бірге көтерді. Әл-ауқатымыз артып, жағдайымыз дұрысталғанда, көптеген кісіге көмек қолын создым. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан бір ауылдың үй­лерін сатып алып, шетелдегі қандас­тары­мыз­ды көшіріп әкеліп, 64 отбасына үй бе­ріп, балаларын оқытып, өздерін жұмыспен қамтыдық. Бұл 2000 жылдардың басы еді. Қазір сол қандастардың балалары еліміз үшін әр салада жақсы қызмет атқарып жүр. Ата-аналары көрген сайын алғыс айтады. Мен мұны мақтан үшін емес, бизнесмен, кәсіпкер жастарға үлгі болсын деп айтып отырмын. Қайырымдылық – жақыныңа, ту­сыңа ғана емес, өзің танымайтын отан­дасыңа жәрдемдесу.

Қазір жас бизнесмендермен сөйлесе қал­саң, билікті сынауға құмар. Тендер алу­дың қиындығын, сыбайластықтың өршіп тұр­ғанын айтады. Ал сол жемқорлық, сы­байластық қайдан шықты? Өз арамыздан шық­қан жоқ па?! Билікте жүргендер өз қо­ғамыңда есеймеп пе еді. Оны неге ұмы­та­мыз. Өзіміз бизнес істесек, таныс іздей­міз. Біреумен сыбайласып, соның айтқанын істеп, көбірек пайда тапқымыз келеді. Ал оған жол таба алмасақ, жата кеп билікті жа­­­­мандаймыз. Бұл әділетті ме? Жемқорлық – мемлекетті құртатын жегі құрт. Бизнесің жүрмесе қой­сын, егер сыбайластықты көрсең, одан бас тарт. Өзгелер істеді екен деп, сен де қосыл­саң, мен сыбайласпасам да, басқалар іс­тей­ді ғой деп топтансаң, онда сенің олар­дан не айырмаң бар?.. Отырып алып билікті сынағанша, өзіміз таза болайық, көршіңді тонама, көшеңді ластама, аулаңды таза ұста, ең бастысы жүрегіңді кірлетпе. Бір кір­леген жүректің тазаруы қиын. Былыққа бір батсаң, одан шығу қиын. Өзгелер істеп жатыр деп, сен де сыбайлас болуға ұм­тылсаң, одан құтылу қиын. Қиынның қиыны – жаныңның азабы. Өзіңді кешіре алмау. Ұйқыңның тыныш болмауы. Жем­қорлықпен айналысу – отаныңды тонау. Отан-ана дейміз. Сен өз анаңды тонайсың ба?.. Жоқ. Ендеше, неге билікті емес, өзіңді сынамайсың. Отан өзіңдікі ғой. Осы мемлекеттік қызмет атқарып жүргендер де сен секілді адамдар екенін естен шығаруға бол­майды. Олардың бәрі елге жамандық ой­лай ма? Мүмкін емес. Сенен білімді, се­нен патриот, сенен гөрі елдің ертеңін ой­лай­тын азаматтар көп екенін ұмытпау керек.

Күшті болу үшін бірлік керек. Бір­лік­сіз істеген ісің де, алған білімің де, ет­кен еңбегің де, жасаған қызметің де – тұл. Бір­лік болмай – тірлік болмайды. Жуырда өзім өскен Қазығұрт ауданына барып, Ар­дагерлер кеңесімен бірігіп, «Елдің ын­ты­мағы мен бірлігінің, бақ-берекесінің бас­тауы – отбасыңа, туған жерің және отаныңа құрметтен басталады» деген жиын өткізіп, аудан жастарына үндеу жасадық. Біздің мақ­сатымыз жастарды отаншылдыққа, ту­ған жерді сүюге тәрбиелеу екенін ұқ­қан­дықтан, жастарға көргеніміз бен түй­ге­ні­мізді айттық. Өз ауылын көркейтуге титтей үлес қоспайтын, ауылына тек той-томалақ пен өлім-жітімде ғана баратын, басқа кезде ат ізін салмайтын адамдар көбейіп келеді. Қазір елімізде тозып, жабылудың алдында тұрған ауылдардың көптігі мені уайым­да­тады. Егер сол ауылдан шыққан азаматтарда бірлік болса, ауылының ертеңіне күйінсе, мұндай жағдайға жетпес еді. Сен ауылдан шыққан кәсіпкер яки белгілі тұлға болмай-ақ қой, тым құрыса әр жылы көктемде ба­рып, бір түп ағаш екші. Соның өзі – ауы­лыңа, туған жеріңе құрметің. Ынтымақты өзгеге қарап үйренбе, өзіңнен үйрен. Мен ауылымнан мектеп бітірмей тұрып кеткен адаммын. Бірақ туған жерден тамырымды үзген жоқпын. Кезінде ауданның таза ауыз­сумен қамтылуына ұйтқы болдым. Көгілдір отынның да тартылуына бір кісідей сеп­тес­тім. Жерлестерім кезіккенде соны айта­ды. Мен оларға: «Бұл менің міндетім ғой» дей­мін. Қазақстан – аграрлы мемлекет. Қала­да қара жұмыс істеп жүрген жастар өз ауы­лына барып, егін ексе, ауыл шаруа­шы­лығын дамытса, еліміздің экономикасы да кө­теріледі. Мемлекет те бұл салаға көп көңіл бөліп жатыр. Біздің жастар одан гөрі, қа­ла сағалағанды құп көреді. Егер ауыл тоз­са, онда тұтас Қазақстанның дамуы қиын. Отаншылдық дегеніміз – өз кәсібіңді сүю, соны ойдағыдай істеу. Қала жағалап, бір баспана үшін жарты өміріңді өткіз­ген­ше, бала кезден білетін, көріп өскен ауыл шаруашылығымен, мал өсіру, егін егу, кө­көніс баптаумен айналыссаң да, кіріс та­бы­лады. Солай еткен бірен-саран жастарды біле­мін. Оларды көрген сайын нағыз отан­шылдар осылар ғой деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, мен үшін ең басты па­рыз – ұлан-ғайыр елімізді, ардақты Ота­ны­мызды қорғау. Отанды қорғау – шекара кү­зетумен, әскери борышыңды өтеумен, Қарулы Күштерде қызмет етумен шек­тел­мейді. Біз бәріміз осы елдің отан қор­ғау­шы­ларымыз. Біріміз білімін, біріміз ғы­лы­мын, біріміз мәдениетін, біріміз өнеркәсібін, бірі­міз бизнесін қорғап жүрміз. Соны ойда­ғы­дай қорғамасақ, онда келер ұрпаққа қия­нат жасағанымыз. Мұғалім болсаң, біл­гір ұстазға айнал, ғалым болсаң, ілімің­нің игілігін ел көрсін, қаламгер болсаң, ұр­паққа ой салар туынды жарат, кәсіпкер бол­са­ң, айналаңа нәсіп бер, тіпті күзетші бол­саң да өз міндетіңді адал атқар. Бас­қағ­ны сынама, әуелі өзіңді сына. Өзіңді дамыт. Айналаң сенен үлгі алсын.

Отаншылдық – жершілдік, рушылдық емес, мемлекетшілдік. Біз кішкентай халық емес­піз, 20 миллионнан асқан іргелі елміз. Ең­семіз тік болсын десек, осы қастерлі Ота­­нымызды, Қазақстанды бірге дамы­тайық. Оның бейбіт атқан әр таңы – біздің бақытымыз.

 

Бекзәкір ҚҰРАЛБАЕВ,

қоғам қайраткері

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары