Алматылық дәрігерлер Малайзия азаматының өмірін сақтап қалды

/
Алматылық дәрігерлер Малайзия азаматының өмірін сақтап қалды
Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына ауыр жарақатпен Малайзия азаматы шұғыл жеткізілді. Науқастан мойын тұсынан төмен барлық қозғалысы мен сезімталдығын жоғалтқан.

Дәрігерлер оған тетраплегия диагнозын қойып, қабылдау бөлімінен бірден жансақтау бөліміне, одан соң шұғыл операцияға жіберген.

Оның себебі C3–C4 деңгейіндегі омыртқааралық жарықтың жарақаттан кейінгі түсіп кетуі болған. Бұл жүйке жүйесіне қайтымсыз зиян келтіруі мүмкін еді.

Нейрохирург Марат Алматов жетекшілік еткен команда өте күрделі операция жасады. Отадан кейінгі алғашқы тәулікте-ақ науқастың сезімталдығы қалпына келе бастады. Ал оныншы күні ол өз бетімен жүре алды.

Мұндай жарақат алған науқастардың 95%-ы өмір бойы төсекке таңылып қалады. Сондықтан бұл жағдай — білікті нейрохирургтар, реаниматологтар, анестезиологтар мен медициналық персоналдың жоғары кәсібилігінің нәтижесінде болған сирек әрі сәтті оқиға.

Малайзия азаматы Алматыға саяхаттап келгенде Шымбұлақтағы тауларда демалып жүріп, басымен мұзға құлаған.

«Құлағаннан кейін мен қолдарым мен аяқтарымды сезбедім, мүлдем сал болып қалдым. Мен тек әйелімді шақыруға ғана мұрсам келді. Жедел жәрдем шақырдық. Мен енді ешқашан тұрмайтын шығармын деп ойладым», - дейді зардап шеккен шетелдік.

Оның айтуынша, операцияға дейін мүлде қозғала алмаған, бірақ отадан кейін алғашқы күні-ақ қолын қимылдатып, кейін қозғала бастаған.

«Доктор Марат Алматовқа ерекше алғысымды білдіргім келеді - ол әрбір маман мұқият, позитивті және білікті керемет команда жинады. Бұл менің қалпына келуімнің басты негізінің бірі болды. Қазақстандық медицина көптеген басқа елдерден жоғары - бұл менің пікірім. Сіздердің қолдарыңыз алтын. Жаңадан өмір сүруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет айтам», - деп білдірді Малайзия азаматы біздің дәрігерлерге осындай шынайы алғыс сөздерін.

Сауығып шыққаннан кейін азамат еліне оралды. Онда малайзиялық дәрігерлер қазақстандық әріптестерінің кәсіби деңгейін жоғары бағалаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары