Жетісу облысында өртенген үйден үш бала құтқарылды

/
Жетісу облысында өртенген үйден үш бала құтқарылды
Сурет: polisia.kz

Жетісу облысында полицей түтін басқан үйден үш баланы құтқарды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні Талдықорған қаласында ерлік пен жанқиярлықтың айғағына айналған оқиға болды. Полиция майоры Мирас Даутов қызметтен тыс уақытта, Көкбастау көшесімен өтіп бара жатып, көмек сұраған адамның даусын естиді.

Көшеде тұрған ер адам екі қабатты тұрғын үйде қатты түтін пайда болып, ішінде балалар қалып қойғанын айтып, көмекке шақырған. Ойланбастан Мирас Даутов газ қызметкерімен бірге түтінге оранған үйге кіреді. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, олар 9 бен 13 жас аралығындағы үш баланы аман-есен сыртқа алып шыққан.

Жедел әрекеттің нәтижесінде қайғылы оқиғаның алды алынды. Полицей, газ қызметі және өрт сөндірушілердің үйлесімді жұмысының арқасында түтіннің көзі жылдам жойылды.

Қуанышқа орай, ересектер арасында зардап шеккендер жоқ.

Мирас Даутовтың бұл ерлігі – өз халқына адал қызмет етудің, офицерлік абырой мен антына адалдықтың жарқын көрінісі. Отан қорғаушылар күні ол нағыз батырлықтың не екенін іспен дәлелдеді.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары