Бүгін «Caspi Bitum» БК» ЖШС-нің ауқымды жаңғырту жобасы аяқталып, Ақтау битум зауыты салтанатты түрде іске қосылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақтау битум зауытын жаңғырту жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылды. Жұмыстарды бас мердігер — CITIC Construction атқарды. 2024 жылдың қараша айында басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары тәулік бойы тиімді ұйымдастырылып, оған 220-дан астам маман тартылып, белгіленген мерзімнен бір ай бұрын аяқталды.
Жаңғырту нәтижесінде мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін, ал битум өндірісі — 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Жоба басты технологиялық жабдық — ЭЛОУ-АВТ мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысын жаңартуға бағытталған. Жобаның негізгі және техникалық жағынан ең күрделі жұмыстарының бірі — биіктігі 40 метрге жуық 140 тонналық жаңа вакуумдық бағананы орнату болды.
Caspi Bitum зауытын табысты жаңғырту — ҚазМұнайГаз бен CITIC Group арасындағы тиімді стратегиялық серіктестіктің нәтижесі. Жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Жаңартылған зауыт ішкі нарықтағы сұранысты өтеп және импортқа тәуелділікті азайта отырып, сапасы жоғары отандық битуммен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл еліміз бойынша инфрақұрылым жобалар санының өсіп жатқанын ескерсек, ерекше маңызға ие.