Испанияның «Пальма» командасы футзалдан Чемпиондар лигасы финалында қазақстандық «Қайраттан» басым түсіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Ойынның 6-минутында олардың қатарынан Хесус Гордильо мергендік танытса, оған 8-минутта «Қайрат» сапынан Кайо Руис бір голмен жауап қайырды.
Одан кейін «Пальма» сапынан Лукас Машадо 18, Марио Равильос 19-минутта мергендік танытты.
Екінші кезеңде испаниялық командадан Фабиньо 23, 27, 28, 31, Нетиньо 32, Матеус Майя 37-минутта гол соқса, «Қайрат» құрамынан Дәурен Тұрсағұлов 33, Жахангир Рашит 35, Кевин Аррьета 39-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Нәтижесінде алматылық клуб қарсыласына 4:9 есебімен жеңіліп қалды.
Осылайша «Пальма» аталған турнирде қатарынан үшінші мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Олар бұдан бұрын 2022/23, 2023/24 жылдары жеңімпаз болған еді.