Әнші Мақпал Жүнісова қызы Мерейдің ерте есейіп, өзіне сырлас дос болып кеткенін тебірене әңгімеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қызымның айтқанын тыңдаймын. Сәл сырқаттанып қалсам, жаны шығып кете жаздайды. Мама, сен ауырмашы, сен әлі керексің дейді. Ақыл айтып қоятыны да бар. Балам емес, менің досым сияқты. Сырымның бәрін Мерейге айтып отырамын. Мұңымды шағамын. Оны бала ғой демеймін», - дейді Мақпал Жүнісова.
Әншінің айтуынша, қызы ерте есейіп, құрдасы сияқты болып кеткен. Әңгіме айтқанда да үлкен адам сияқты тыңдайды екен.
«Мама, мына шешіміңіз дұрыс екен, мына әнді айтқаныңыз дұрыс болды деп пікірін айтып отырады. «Мерей, мына жерге барсам қалай қарайсың?» деп кейде ақылдасамын, сол кезде «мама, бармай-ақ қойыңыз» деп оған да ақыл-кеңесін береді. Кейде жалғыздық деген адамды шаршатады ғой. Зәкеңді қайта-қайта еске алатын кездерім болады. Ондайда халықтың өзі басу айтады. Сіз жалғызбын деп айтпаңыз, біз бармыз, сізді жақсы көретін халық бар екенін ұмытпаңыз, сіз бақытты болуға лайықсыз, сіз бақыттысыз деп жатады. Әрине, халықтан үлкен емеспіз. Ұлық болсаң, кішік бол деген. Халықтың сөзін тыңдаймын. Өйткені бізге баға беретін де, көкке көтеретін де халық. Сүрініп кеткенімізді кешіретін де халық. Ал сахнада өзімді бақытты сезінетінім рас», - деп сырын ақтарды өнерпаз.