Африкаға жасаған сапарынан кейін ресейлік турист безгектен қайтыс болды, деп хабарлады turkystan.kz Mash телеграм каналына сілтеме жасап.
Демалыс кезінде оны безгек масасы шағып, ағзасына өлімге әкелетін инфекция жұқтырған.
Ульяновск қаласының 35 жастағы тұрғыны Владислав Л. жергілікті «Мотом» автокөлік компаниясын басқарған. Ақпан айында ол аяғы ауыр әйелімен бірге Занзибар архипелагына демалуға аттанған. Қайтып келген соң Владислав қатты әлсіздік пен бас айналуды сезініп, дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Дәрігерлер бастапқыда тұмау деген диагноз қойып, дәрумендер тамшылатып емдеген. Алайда бұл көмектеспеген, Владиславтың жағдайы күрт нашарлаған. Ауруханаға түскен соң дәрігерлер оның безгекпен ауырғанын анықтаған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, ер адамды аман алып қала алмаған – ол ауруханада көз жұмды.
Жақындарының айтуынша, ерлі-зайыптылар мұндай ауру жайлы білмеген және сапар алдында безгекке қарсы ұсынылатын химиялық профилактикадан өтпеген.