Киев соты Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке екінші үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оны сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды. Оған мемлекеттік шекара арқылы заңсыз жіберу, қашуға итермелеу баптары бойынша айып тағылған.
«2014 жылдың 23 ақпанында Украинаның бұрынғы президенті Президенттің қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысымен, РФ өкілдерімен келісіп, Украинаның мемлекеттік шекарасын әуе арқылы заңсыз кесіп өткен. Сондай-ақ жақын-жуығы мен Мемлекеттік күзет басқармасының әскери қызметкерлерінің арасынан кемі 20 адамды өткізіп жіберген», - деді прокуратура.
Ресей федерациясының Севастопольдағы қара теңіз флотының әскери бөлімшесінің аумағында тұрып өзінің жеке күзетін қамтамасыз еткен Мемлекеттік күзет басқармасының әскери қызметкерлерін қашуға және Ресейге кіруге итермелеген. Нәтижесінде Ресейге экс-президентпен бірге мемлекеттік күзеттің бірнеше қызметкері кеткен. Прокуратураның мәліметінше олар әскери қызметке қайтып оралмаған.
Сот Януковичті сырттай 15 жылға, Президенттің қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысын 10 жылға бас бостандығынан айырды.
2019 жылдың қаңтарында Виктор Януковичті мемлекетке сатқындық жасағаны және Украинаға қарсы агрессивті соғыс жүргізуге көмектескені үшін 13 жылға сырттай соттаған болатын. Януковичтің өзі елден 2014 жылы қашып кеткен.