Әнші Ринат Шамшырақ пен жұбайы Аружан Төре таныстықтары қалай басталғаны туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ринат Шамшырақтың жасы – 25-те. Аружан Төре – 31-де. Екеуі де махаббат жасқа қарайды деген көзқараспен мүлдем келіспейтінін айтты.
Аружан Төре күйеуімен қалай танысқанын әңгімелеп берді.
«Біз үш жыл жүрдік. Күйеуімнің әніне бейнебаян түсірілетін болады. Жарнама жасалып, содан таңдау маған түсіпті. Содан мені шақырады. Сол жерде мені көріп, бірден ғашық болып қалған ғой», - дейді Аружан Төре.
Ал Ринат Шамшырақтың айтуынша, Аружан Төре бірінші болып ғашық болған.
«Былай болды, «Менің 2000-ым» деген әніме бейнебаян түсіретін болдық. Өмірде қаншама қызбен сөйлестім, бірақ жараса қоймадық. «Иә, Алла, өзім сияқты қыз берші» деп сұрап жатып, ұйықтап қалдым. Содан таңғы 5-те тұрып, түсірілім алаңында отырсақ, машинадан түсіп келеді (ред. – жұбайын нұсқап). Ол кезде ғашық болатындай болып тұрған жоқ. Испанияның атқа мінетін, басында шляпасы бар қыздар болады ғой, сол сияқты. Өзінше, менімен амандаспайды, менің бейнебаяныма келіп тұрып. Содан танысып алайық деп таныстық. Бір қылықтары ұнап қалды. Біздің үйдің қыздарына келеді. Тартымды.
Онымен жақын танысу үшін әрекет жасап көрейін деп телефонын тығып тастаймын. Ол іздеп жүр, кеше ғана несиеге алғанын айтып, шындығын жасырмай жүр.
Түсірілім бітеді. Сол кезде оның көлігінде біздің киімдер қалып кетіпті. Оны ұмытып кеткенбіз. Бір жағынан Құдайдың бұйырғаны, екінші жағынан берілген мүмкіндік деп бардық. Барсам, кешегі қыз емес, боянған, әдемі болып киініп алған. Осылай басталды. Содан бір аптадан соң Түркістанда «Керуен сарайдың» ашылуы болып, сол жаққа кетіп қалдық. Міне, осылай махаббатымыз басталды», - дейді Ринат Шамшырақ.
Аружан Төре өз сөзінде жас айырмашылығы жағдайында ер адамның мықтылығы үлкен рөл ойнайтынын айтты.
«Бұл негізі тағдыр. Оны көбінесе әйел адам шешпейді. Бұл – ер адамның шешімі. Мамам, әулетім қарсы дейтін болса, екеуі ешқашан бірге бола алмайды, қанша күрессе де. Бұл жерде еркек күшті болуы керек. Екеуіміз сияқты», - дейді әншінің жұбайы.