Колумбия Президенті Густаво Петро АҚШ Президенті Дональд Трампты Газа секторы мәселесіне байланысты бітімге келу үшін нақты қадамдар жасауға шақырды. Оның пікірінше, дәл қазір әлем тек шикізат бағасына емес, адам өмірінің маңызына да назар аударуға тиіс.
Петро бұл үндеуін өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Ол Трамптың жаһандық нарықтарға ықпал етіп отырғанын мойындай отырып, одан бейбіт бастамаларға ден қоюды сұрады.
– Мен Трамп мырзаның жаһандық нарықты реттеуге бағытталған түрлі саяси шешімдер қабылдап жатқанын көремін. Алайда ендігі кезекте адам өмірін қорғауға бет бұратын уақыт келді, – деп жазды Колумбия басшысы.
Петро халықаралық қатынастарда адам өмірі мен бейбітшіліктің сауда еркіндігінен де жоғары тұруы керек екенін атап өтті.
– Сауда еркіндігі деген ұғым жоқ. Адам өмірінің еркіндігі ғана бар. Сондықтан мен сізді палестиналықтар мен израильдік тұтқындардың өмірін сақтау үшін шұғыл шара қабылдауға шақырамын. Егер сіз бұл бастаманы қолдайтын болсаңыз, Палестинада атысты тоқтатуға болады. Мен сіздің бұл қадамыңызды толығымен қолдаймын, – деді ол.
Колумбия 2024 жылғы 3 мамырда Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасты тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Бұл шешім Газа секторында палестиналық халыққа қарсы жалғасып жатқан әскери шабуылдарға қарсылық ретінде қабылданды.
Бұған дейін, 30 наурыздағы мәлімдемесінде, Густаво Петро Колумбияның Израильмен қатынасты тек Биньямин Нетаньяху премьер-министрлік қызметінен кеткен жағдайда ғана қалпына келтіретінін айтқан болатын.