сенбі, 12 сәуір, 2025

«Пұт-кітап»: Үңгірде жанған шырақ

сурет: turkystan.kz

Адам – мәтіндер жинағы. Ғалам да. Өмір – мәтіндерді оқу үшін берілген шектеулі уақыт. Уақыт пен Кеңістіктің белгілі бір кесіндісінде мәтін адам, адам мәтін ғұмыр кешеді. Өзін отқа да, шоққа да салады, суша ағады, құмша көшеді. Дауылдар үйіреді, толқындар шайқайды. Алайда заты адам болған соң, жұмбақтарға қызығады, мәтін ішінен мәтін құрастырады, өзінің жұмбағын өзгеге, өзгенің жұмбағын өзіне шешкізуді місе тұтады. Осы ұмтылыс – кітапты жаратты. Кітап – адам баласы ойлап тапқан ең ұлы жаңалық. Дүниенің әу бастағы жұмбағы мен соңғы және келер шақтағы құпиясы да – кітап ішінде. Кітап – бүгінгі біз көріп жүрген баспаханалардың ғана өнімі емес, тас-кітап, ағаш-кітап, тері-кітап, темір-кітап... пұт-кітап. Кітаптың түрі мен түсі, форматы мың сан ауысса да, ол кітап деп аталады. Кітап мәтіндерден ғана тұрмайды, мәтіндердің бәрі кітапқа айналуды армандайды.

Жазушы Дидар Амантайдың «Пұт-кі­тап» шығармасын оқып отырып, осы­бір ой санамызда қайталай жаңғыр­ды. «Қай­талай» деуіміздің сыры – бұл ойлар бұ­ған дейін де талай мәрте айтылған-дүр. 
Шығарма сюжетсіз десек болады. Мұнда оқи­ға тек әлдебір кітап туралы өрбиді. Алай­­да дәуірлерді аттап өтесіз. Кейіпкерлер осы заманда да, бағзы әлемде де өмір сүріп жат­­қанын аңдайсыз. Тұрақты кейіпкері осы дей­­тін, мынандай оқиға болыпты дейтін «дәс­түрлі бірізділік жоқ».  
Бастапқы түсіндірме бөлігінен байқай­ты­­нымыз – жиырма бөліктен тұратын жаз­­­баны қаламгер кітапханасынан тауып ала­ды. Бірақ оның кітапханаға қашан кел­гені, кімнен алғаны белгісіз. 
Бұл, бәлкім, «Елдің қағазға түскен, тас­қа басылған тағдырына деген жаңаша көз­қа­рас немесе ескіше баяны». Ары қарай жиыр­ма бөлік – бір-бірін толықтырып тұр­ған, сөйте тұра бір-бірінен бөлек, жеке-дара жиырма мәтін алдыңыздан шығады. Автордың сөзімен айтсақ, «мұраты – күң­гірт» осы жазбалар сюжет қуып оқитын оқыр­ман үшін өте «қолайсыз». Себебі мұн­дағы сюжет – сюжетсіз сюжет. Дегенмен іш­кі арқауы берік. Бір бөліктен екінші бө­лік­ке өткенде, алдыңғы бөліктегі кейбір сөй­лемдерге қайырыла мән беру қажет екенін ұғасыз. Әр бөлік – жеке пәлсапалық түйін­дер, ойы аяқталған, дейтұрғанмен, сол түйін­дердің арғы тіні келесі бөліктерде ашы­ла түседі. Мұндай құрылым шығарма­ның динамикасын арттырады, сөйлемдерге әр береді. Ойға қуат сыйлайды. 
«Құдайсыз қалған мұңлы жұрт» жаман­қара­лар үңгірден әлдебір кітап тауып алды. Су түбінен тапты. Қорқынышты үңгірден баға жетпес асылға жолықты. 
Үңгір – Тәңірмен сырласатын орын. Адам­дар үңгірден ғаламға аттаған. Тіршілік­тің бастауы мәңгілік судың жалтыраған қой­науы үңгірмен байланысты. Платонның өзі үңгірдегі адамдар туралы сыр шертеді. Еже­лгі мифтерде асыл текті адамдар қуғын көргенде, қашқанда, дүниеден баз кешкенде үңгірге тығылған. Сөйтіп, кие қонған. Буд­да­ның да, исламның да алғашқы ақық ой­лары үңгірден бастау алған. Құран үңгірде аян боп түсті делінеді. Мұхаммед пайғам­бар­дың Нұр тауындағы «Хира» үңгірінде жа­тып алғашқы уахиды естуі – Құдаймен тіл­десуі жайлы хикая әмбеге мәлім. Дидар Аман­тай бірінші бөлікті «Үңгір» деп атауы әрі адамдардың сол үңгірден асыл кітапты та­буы осы ежелгі діни-философиялық түп­бас­тауға бастайды. «Үңгір – екі дүниенің көпірі». Автор осылай тұжырады. 
Үңгірден табылған кітапты жа­ман­қара жұрты оқи алмайды. Олар әріп-таңбаларға зер салған сайын, оның құ­пиясы көбейе түседі. Олар кітап мәтініне өздері жаңа мәтін қосып, оны тек абыздар оқиды, түсініксіз жерлерін абыздар тәп­сірлейді. «Құдай жазуын» оқу тек абыздарға ғана бұйырады.
Автор мұнда адам жаратылысының көп­­­­қырлы аспектілерін ишаралайтындай. «Бар» мен «жоқтың» арасында «бар болу» мен «жоқ болудың» қайнары жатыр. Қауым­дарды абыздар билеген. Олар жоқ дүниені бар деп, бар дүниені жоқ деп тәпсірлеуге қау­қар­лы еді. Мәтінді ауыстыратын яки то­лықтыратын, өзгертетін, таңбаларды оқи­тын, шеңберлерді кескіндейтін. Оларға қар­сы шығу – Құдайдан безу. Ақ жолдан ай­ну. Біздің дін деп жүргеніміз абыздардың тәпсірі болмасына кім кепіл? Аспаннан түс­кен төрт кітаптың үшеуі адамдар қолымен заман ағымына орай өзгергендіктен, төр­тін­ші кітап – «Құран» көктен түсті дейді Ислам. Ал Ислам қағидаттарының кейбір күрделі сұрақтарын да ғұламалар кеңесі ха­лыққа түсіндіріп отыруға мәжбүр.  
Байқасаңыздар, адамдар түүүу арғы заманда-ақ өзін-өзі тануға құлшын­ға­нын көреміз. Олар өз тағдырларын әлде­бір күштің басқарып тұрғанына иланды. «Мен кіммін?» деген сұрақты өздеріне қою­ды үйренді. Үңгірден алғаш қадам басып алысқа сапар шекті, жердің кең екенін, дүниенің жарық екенін барлады. Мұны автор «Жер шеті» дейді. 
Үңгір – әлем жаратылысының өзек-фи­лософиясы. Дүние бір нүктеден жаралмағы шын болса, ол да үңгірге пара-пар. Қарақұр­дым. Қарқаралы – жер кіндігі деп ойлаған жа­манқаралар секілді, кім өзінің болмысын же­те түсінсе, оның өмір сүрген аймағы жер кін­дігі болуға лайық. Сенің өмірің – жер кін­дігін шиырлау ғана. Өзіңе берілген ау­мақтан, сызықтан, ендіктер мен бойлық­тар­дан шарықтап кете алмайсың. Жер­ ша­ры­ның кез келген нүктесіне барсаң да, тіпті Ғар­шы мен Күрсіге самғасаң да, әу бастағы туған жеріңе, өз мекеніңе ораласың. Өйт­кені сенің түсінігің – жер кіндігі туған то­п­ырағыңа байлаулы. 
 «Асан, Үсен, Тақабай, Жарас, Өтеп еліне ағайынды Дүзен жұрты Қарқаралының шет аймақтарын түсінетін еді. Әлем Қарқаралы тау-қыраттары кейпінде елестейтін. Сон­дық­тан жаманқара халқы өздерін ғарышты билеген естияр кіндік жұрт есептейтін». 
Чылбылардың жиыны, киелі таңба­лард­ың құпиясы, от шеңберлер, жаманқаралардың соғысқа қатысуы, алғаш төгілген қан, ғашықтық сарын, қалаласу, елдің бір-бірінен боздай айрылуы, бай-қуат­ты тіршілік сап тиылып, күндердің күні бол­ғанда, дүние кері айналды, ақыр-соңын­д­а пұт-кітаптан айрылды. Осы жұртты кие-дұғаға сан ғасыр шомылдырған киелі кі­тап жоғалды. Рух сөнді. Жаңа дәуір келді. Жер­дің шеті ұлан-ғайыр екен. Көз көрмес, құлақ естіместей ғаламда жаманқаралардан басқа да ел бар екен. Олардан өзге жұрт, мың­даған, миллиондаған пенде баласы өмір сүріп жатыпты. 
«Пұт-кітап» – тұтас адамзаттың үңгір­ден басталған жолынан тартып бүгінге дейін­гі сапарының қысқаша сызба-түсін­дір­месі іспетті. Әлем хаостан жаралған, ақыры да соған айналмақ. Сөз, мәтін, таңба, шең­бер, үңгір, ақиқат, махаббат пен ғадауат – бәрі туралы шағын ой-түйіндер арқылы тұтас ұғымдарды тірілтеді. Адам баласы замана ауысқан сайын өзінің өткеніне қарайламай тұра алмайды. Кешегі Чылбылар ғұмыр-дариясында әбден түсінікті жайттар бірте-бірте құпияға толы архивтер қоймасына айналмақ. Пұт-кітаптар көбейген сайын, оның мағынасын түсіну де қиындай бермек. Шешуін тауып, түйінін тарқататын абыздар молайған сайын, оның жұмбағы келесін бір жұмбақтардың кілтін қолыңызға ұстатады немесе екінші бір жұмбақтың құлпын бел­гісіз кілтпен өзіңіз бекітесіз. Абыл-Қабыл тандемі Асан-Үсен болып ауыса бермек.
«Шер-кітап», «Әулие кітап», «Күміс ше­жіре» деңіз, мейлі, «Пұт-кітап» болсын – адам баласының жазғанынан ұмытылған рух-баяны көп екенінің символдық мәні дерсіз.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
 

Бөлісу: