Димаш Құдайбергеннің әлем мәдениетінің жүрегі саналатын Нью-Йорктегі жеке концерті өткеніне үш күн өтсе де, Америка жұртшылығы әлеуметтік желілерде әлі де таңғалысын жасыра алмай, түрлі видео жүктеп жатыр. Америка Құрама Штаттарының нөмірі бірінші спорт кешені әрі Нью-Йорктің символы саналатын
Madison Square Garden-де жеке концертін берген әншінің бұл концерті туралы отандық БАҚ та жарыса жазуда. Себебі аты аңызға айналған аренада Димаш алғаш рет Мемлекеттік әнұранымызды шырқап, залға лықа толған 20 мың тыңдарманды орнынан тұрғызды.
Димаш Құдайбергеннің әлем мәдениетінің жүрегі саналатын Нью-Йорктегі жеке концерті өткеніне үш күн өтсе де, Америка жұртшылығы әлеуметтік желілерде әлі де таңғалысын жасыра алмай, түрлі видео жүктеп жатыр. Америка Құрама Штаттарының нөмірі бірінші спорт кешені әрі Нью-Йорктің символы саналатын Madison Square Garden-де жеке концертін берген әншінің бұл концерті туралы отандық БАҚ та жарыса жазуда. Себебі аты аңызға айналған аренада Димаш алғаш рет Мемлекеттік әнұранымызды шырқап, залға лықа толған 20 мың тыңдарманды орнынан тұрғызды.
Madison Square Garden – әлем жұлдыздары үшін арман болған әйгілі арена. 140 жылдан астам тарихы бар бұл стадион АҚШ-тың төртінші президенті Жеймс Мэдисонның құрметіне аталған. Стадион құрылғалы бері үш рет жөндеуден өткен (1890, 1925, 1968 ж.ж). Спорт пен музыканың шыңын бағындырған небір мықтылар MSG сахнасында өнер көрсетуді мәртебе санайды. Ол – тек жай арена емес, атағы жерге жайылғандар киелі орынға балайтын алаң. Нью-Йорктің кәсіби бокстың «Меккесі» атануына септігін тигізген де дәл осы арена. MSG төрткүл дүниеге тегістей танылған былғары қолғап шеберлері қарсыласымен тек осы алаңда қолғап түйістіргісі келетінін Головкиннің кездесулерінен білеміз. «Бокс патшасы» атанған Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Джо Фрейзер секілді боксшылар дәл осы алаңда тарихи жекпе-жектерін өткізген. Одан бөлек, мұнда америкалықтар үшін жай ғана спорт емес, мәдениет пен өмір салтының бөлігі болып кеткен баскетбол ойындары да дәл осы жерде өтеді. Мұнда апта сайын өтетін Ұлттық Баскетбол Лигасының (NBA) ойындарын теледидардан миллиондаған көрермен қарайды. Одан бөлек, MSG – әлемдегі ең беделді хоккей клубтарының бірі «Нью-Йорк Рейнджерс» командасының басты аренасы. Баскетбол, хоккей десе ішер асын жерге қоятын әр спортшы дәл осы аренада ойнауды армандайды. Сол секілді әр музыкант үшін Madison Square Garden-де концерт өткізу – мансабындағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Әйгілі Элвис Пресли, Мадонна, Майкл Жексон, Бейонсе, Билл Жоэл секілді әншілердің MSG-де жеке концерт өткізулерін өз мансаптарындағы шарықтау шегі санаған.
Араға алты жыл салып, америкалық тыңдарманын қуантуға асыққан Димаш та дәл осы аренада ән шырқауды бала кезінен армандағанын жасырмады.
«Мен кішкентай кезімнен осында өнер көрсетуді армандадым. Бокс жанкүйері ретінде Madison Square Garden-де өнер көрсеткен Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон мені шабыттандырды. Сондай-ақ аңызға айналған өнерпаздар – Тенор триосы, Майкл Жексон, Уитни Хьюстон, Селин Дион, Андреа Бочеллилер әнші болуыма септігін тигізді. Кейінгі жылдары өмірімде көп оқиға болып жатыр. Біраз үлкен қойылымдар, бүкіл әлемде үлкен концерттер берілді. Бірақ бұл жолы басқаша тарих жасалмақ, – деді әнші концерт алдында.
Көпшілікті таңғалдырған жайт, әнші концерт шымылдығын Қазақстан әнұранымен түріп, 20 мың көрерменді алғашқы секундтан-ақ орнынан тұрғызды. Одан алдын ол әлеуметтік желідегі парақшасында: «Мен үшін сіздер – жай ғана көрермен емессіздер, сіздер – Қазақстанның жақын достарысыздар. Әнұран Америка жүрегінде біздің мақтанышымыздың, халықтар достығы мен бірлігіміздің символы ретінде шырқалсын», – деп, концертке келетін көпшілікті әнұранды бірге орындауға шақырған-тын.
Димаш бұл концертінде түрлі тілдер мен музыкалық стильдердің үйлесімін анық көрсетті. Әнші талғамы биік америкалық тыңдарманға қазақ, ағылшын, итальян және қытай тілдеріндегі туындыларды шырқады. Одан бөлек, еш жерде орындамаған туындыларын да таныстырды. Madison Square Garden сахнасында алғаш рет «Love’s not over yet» әні орындалды. Туындыны фортепианода екі дүркін «Грэмми» иегері Уолтер Афанасьев сүйемелдеді. Сонымен қатар әнші Жарасқан Нұрбайдың туған жер туралы «Самғау» атты жаңа авторлық әнін ұсынып, қазақ мәдениетінің рухын әлемге паш етті. Ол сахнада тек дауысының диапазонымен ғана емес, домбыра, қобыздың қоңыр үні мен виолончельдің әуенін біріктіре отырып, музыкалық жаңашылдықпен таңғалдырғысы келгенін айрықша атап өтті.
«Мұндай сәт – ұлттық өнердің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Домбыра мен қобыздың үні Madison Square Garden-де шырқалды», – деді Димашпен сахнада бірге өнер көрсеткен домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз.
Ерекше атап өтетін жайт, әншінің әлемдік туры басталмас бұрын БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы әншімен бірлескен жаңа жаһандық жобаны іске қосқанын мәлімдеген-тін. Бұл бастама аясында Димаштың әлемдік туры тек музыка мерекесі ғана емес, сонымен қатар миллиондаған мигрант пен еріксіз қоныс аударушының тағдырына назар аудартуға арналған маңызды миссия болмақ. Ұйымның мәліметінше, әр концерт кезінде көрермен арнайы QR-код арқылы гуманитарлық көмекке өз үлесін қоса алады. Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры Эми Поуптың айтуынша, Димаштың миссиясы көші-қонның адамзат тарихындағы ажырамас бөлік екенін және әрбір адам қоғамға өз үлесін қосуға лайық екенін еске салады. «Димаш – адамдарды олардың шыққан жеріне қарамастан біріктіре алатын тұлға. Оның өнері мен гуманитарлық бастамалары адамзаттың біртұтастығын паш етеді», – дейді ұйым жетекшісі БҰҰ-ның ресми сайтына жариялаған мәлімдемесінде.
Madison Square Garden-дегі концерт барысында Димаш музыка әлемді біріктіретін күш екенін айрықша атап өтіп, көмекке мұқтаж адамдарды қолдау мақсатында көрерменді QR-код арқылы қайырымдылыққа шақырды.
«Дәл қазір осы тұрғанда мен қарапайым қазақтың арман қуған, Ақтөбе қаласында туып өскен кішкентай ғана бала едім. Ер жеттім, жігіт болдым. Дей тұрғанмен, дәл бүгінгі күні әлемдегі ең бірінші, танымалдылығы жағынан, нөмірі бірінші стадион болып саналатын Madison Square Garden-де қазақша әнімізді, қазақ тілімізді насихаттап, оның үстіне жергілікті көрерменге әлемнің түпкір-түпкірінен келген халық біздің тілге, біздің өнерге қошеметін көрсетеді дегенді кезіндегі Димашқа айтса мен сенбес едім. Барлығы сіздердің тілектеріңіздің, дұғаларыңыздың, сіздердің мені осы күнге дейін кем-кетігіме көз жұмып, нұрымды тасытып, шашбауымды көтеріп, қолдап келе жатқандарыңыздың арқасы деп білемін. Сол себептен барлығыңызға мың мәрте рақмет!», – деді әнші концерт барысында.
Концерт біткен соң әнші музыка мен мәдениет туралы Ұлыбританияның беделді журналына сұхбат беріп, аталған концерттің ерекшелігін атап өтті.
«Шынымды айтсам, мен тек алғашқы қазақ әншісі ғана емес, сонымен қатар MSG алаңында жеке концерт берген посткеңестік кеңістіктен шыққан ең алғашқы музыкант екенмін. Бұл – зор жауапкершілік. Алайда ол маған қорқыныш емес, керісінше, шабыттандырады. Біз өзімізді әлемнің келесі бір материгінде осындай аңызға айналған сахнада көрермен жүрегіне жол таба білген – мәдениет елшілері деп білеміз», – дейді әнші өз сұхбатында.
Димаш әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Нью-Йорктегі концерт туралы «Арман тарихқа айналғанда» («When a Dream Becomes History») атты деректі фильм дайындап жатқанын мәлімдеді. Америкада басталған әлемдік тур кеше Мехикода жалғасты. алда Барселона, Лондон және Берлин қалаларында ұйымдастырылмақ.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ