Рейтингтер мемлекеттердің, қалалардың, компаниялардың, университеттердің салыстырмалы дамуына елеулі әсер етеді. Түрлі аспекті мен көрсеткіш бойынша салыстырып, бағалауда рейтинг жүйесі маңызды рөл атқарады. Елдің экономикалық даму деңгейіне, әлеуметтік жағдайына, қауіпсіздік және басқа да маңызды фактор туралы ақпарат береді. Бұл елдің көрсеткішін жақсартуда және бәсекелестікті ынталандыруда пайдалы құрал болады. Қазақстан әлемдік рейтингтерде қандай орын алады? Біз осы туралы сараптауды жөн көрдік.
Ұлттық рейтинг агенттігі керек
Рейтингтерді экономикалық, саяси, әлеуметтік, брендтік деп жіктеп, бөлуге болады. Әрі рейтингті ғылыми зерттеу институттары, банктер, қоғамдық ұйымдар жүргізеді. Бізге маңыздысы экономикалық рейтингтер болғандықтан, Ұлттық экономика министрлігінің мамандарына жүгіндік.
Ведомства вице-министрі Бауыржан Омарбековтің сөзінше, жаһандық рейтингтер қазір әлемнің ажырамас бөлігіне айналды және олар ақпараттың маңызды көзі, салыстыру құралы және бәсекелестікті ынталандырушы күш ретінде қызмет етеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда Ұлттық рейтинг агенттігі керек екені айтыла бастады. Бүгінде штап пәтері Нью-Йорк және Лондонда орналасқан «үлкен үштік» – Standard & Poor's, Moody's, Fitch жаһандық рейтингтік агенттіктің әрбір мемлекет пен компанияға қатысты берген рейтингтік бағасы президенттер мен бизнесмендер үшін маңызға ие. Агенттіктердің бағалауы инвесторлардың қызығушылығына, әлемдік банктерден алынатын несиенің құнына тікелей әсер етеді.
Жаһандық рейтинг агенттіктердің бағалау әдістемесі мен көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін және олардың шешіміне түрлі фактор әсер етуі ықтимал. Ұлттық ерекшелік, ішкі саяси және экономикалық жағдай кейде толыққанды ескерілмеуі де ғажап емес. Сондықтан тек сыртқы бағалауға тәуелді болмай, өз еліміздің экономикалық ахуалын, қаржылық тұрақтылығын және инвестициялық тартымдылығын дербес бағалай алатын Ұлттық рейтинг агенттігінің құрылуы стратегиялық маңызға ие.
Ұлттық рейтинг агенттігі тәуелсіз бағалауды қамтамасыз етеді, инвесторлар үшін қосымша ақпарат көзі болады, реформаларды жүзеге асыруда ұлттық мүддені ескеруге мүмкіндік береді, қаржы нарығының дамуына ықпал етеді.
– Ұлттық рейтинг агенттігінің болуы елдің қаржы нарығының дамуына, жергілікті инвесторларға ақпарат беруге және халықаралық рейтинг агенттігінің бағалауымен қатар тәуелсіз пікір қалыптастыруға көмектеседі. Олар көбінесе ұлттық экономиканың ерекшелігін, жергілікті компаниялардың қаржылық жағдайын және ұлттық тәуекелдерді жақсырақ түсінеді, – дейді экономист ғалым Жанкелді Шымшық.
Рейтинг агенттіктер Азия елдерінде көптеп кездеседі. Мәселен, Қытайда China Chengxin Credit Rating Group (CCX), China Lianhe Credit Rating Co., Ltd сынды агенттіктер елдің экономикалық тұрақтылығын бағалайды. Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайланд, Индонезияда бірнеше агенттік жұмыс істейді. Тіпті, Вьетнам мен Бангладеште сараптау және бағалау ұйымдары бар. Осы елдердегі рейтинг орталықтардың жұмысын зерттеп, тәжірибесінің ұтымды тұсын алуға әбден болады.
Еркіндік – елдікті шыңдайды
Расында, рейтинг елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін, бәсекеге қабілеттілік деңгейін, макроэкономикалық көрсеткіштерді саралауға көмегі көп.
Әлемде маңызға ие рейтингтің бірі – Экономикалық еркіндік индексі (EFI). Бұл – мемлекеттердің экономикалық еркіндік деңгейін өлшейтін және салыстыратын жыл сайынғы рейтинг.
Экономикалық еркіндік индексі елдердің экономикалық жүйелерінің қаншалықты еркін екенін өлшейді. Индекс 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бағаланады.
Индекстің мәні елдің экономикалық саясатының бағытын, нарықтық механизмнің жұмыс істеу деңгейін және жекеменшік пен кәсіпкерлікке қаншалықты еркіндік берілетінінен көрінеді.
Экономикалық еркіндік индексі елдердің экономикалық саясатын бағалауға, салыстыруға және жақсартуға арналған маңызды құрал саналады. Оның экономикалық өсуді ынталандыру, инвестицияларды тарту және жалпы әл-ауқатты арттыру үшін маңызы ерекше.
– 2025 жылғы рейтинг нәтижелері бойынша Қазақстан 63,8 балмен 176 ел арасында 68-орынға ие болды. Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің ішінде Қазақстан 39 елдің ішінен 12-орында тұр. Бұл ретте елдің балы орташа әлемдік (59,7 балл) және өңірлік мәннен (58,3 балл) жоғары бағаланады.
Рейтингте Сингапур, Швейцария, Ирландия, Тайвань және Люксембург сияқты елдер көш бастап тұр. Рейтингті Солтүстік Корея, Куба, Венесуэла, Зимбабве және Судан аяқтайды, – деді Ұлттық экономика министрлігі Макроэкономикалық талдау және болжау департаментінің директоры Вагиз Хисматулин.
Әрине, EFI көрсеткішін жоғарлату үшін азаматтық қоғамды дамытып, БАҚ-тың еркіндігін қамтамасыз етіп, құқықтық және институционалдық реформаларды жүйелеу қажет.
Өмір сапасы – маңызды көрсеткіш
1990 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында Адам даму индексі (АДИ) жарияланып келеді. АДИ – экономикалық өсуді ғана емес, адамдардың өмір сүру ұзақтығын, білім деңгейін және лайықты өмір сүру жағдайларын қамтитын үш негізгі өлшемді біріктіреді.
АДИ мәні 0-ден 1-ге дейін өзгереді. 1-ге жақын мән елдің даму деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. 0.5-тен 0.8-ге дейін орташа деңгейлі елдер, 0.5-тен төмен АДИ көрсеткіші төмен елдер саналады.
– Адам даму индексі – адамдардың ұзақ және салауатты өмір сүру салтын, сауаттылық деңгейі және білім берудің қолжетімділігін, жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысты есепке алады. Бұл көрсеткіштер елдің нақты даму деңгейін салыстыруға және динамикасын бақылауға, әлеуметтік саясатты әзірлеуге және тиімділігін бағалауға көмектеседі. Яғни, индекстің өсуі елдегі адамдардың өмір сүру ұзақтығының артқанын, білім деңгейінің және өмір сүру жағдайларының жақсарғанын көрсетеді, – деді вице-министр Бауыржан Омарбеков.
Бұл рейтинг арқылы елдердің саяси тұрақтылығын, адамдарның әл-ауқат деңгейін, қоғамның тұрақты даму көрсеткішін, әлеуметтік әділеттілік принциптерін, инвестициялық тартымдылықты анықтауға болады.
2024 жылғы 13 наурызда соңғы (2023-2024) нәтижесі жарияланды. Рейтинг қорытындысы бойынша адам дамуы жоғары он елдің қатарына Швейцария, Норвегия, Исландия, Гонконг, Дания, Швеция, Германия, Ирландия, Сингапур және Аустралия кірді. Қазақстан 0.802 балмен 67-орынға ие болды. Бұл рейтингте Түркіменстан – 94, Өзбекстан – 106, Қырғыз Республикасы – 117, Тәжікстан – 126-орыннан көрінді. Ең төменгі жағында Орталық Африка Республикасы (191 орын), Оңтүстік Судан (192 орын) және Сомали (193 орын) орналасты.
Халықаралық ұйымның Даму бағдарламасының есебіне сәйкес, 2020 жылдан бастап елдер арасындағы алшақтық өсе бастады. Мәселен, бірінші орындағы Швейцарияныкі 0.967 балмен есептелсе, соңғы орындағы Сомалидің көрсеткіші – 0.380 балл. Бұл екі елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін, бастысы, адамдардың өмір сүру сапасы қаншалықты алшақ екенін көрсетеді.
Халықаралық рейтингтердегі АДИ бойынша Қазақстанның көрсеткіші төмен болуына өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пен денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасының жеткіліксіздігі секілді факторлар ықпал етуі мүмкін.
Инновациялық экожүйенің айнасы
Инновациялардың жаһандық индексі (ИЖИ) – бұл әлем елдерінің инновациялық қабілеті мен жетістігін жыл сайын бағалайтын кешенді көрсеткіш.
2007 жылдан бастап Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ), Корнелл университеті және INSEAD бизнес мектебімен бірлесіп, жарияланып келеді.
Индекс 80-ге жуық көрсеткішті қамтиды. Бұл зерттеулер екі негізгі топтың ішіндегі жеті бағанға біріктіріледі. Біріншісі – елдің инновацияны дамыту үшін қажетті негізгі элементі мен инфрақұрылымын қамтыса, екінші бағытында – инновациялық қызметінің нақты нәтижесін көрсетеді.
Инновациялық қабілеттілікті кешенді бағалауға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты ынталандыруға, прогресті бақылау және бағалауға мүмкіндік береді.
– 2024 жылы 26 қыркүйекте ИЖИ нәтижесі жарияланды. Қазақстан индексте өткен жылмен салыстырғанда 3 позицияға көтеріліп, 25,7 балл нәтижесімен 133 елдің ішінде 78-орынды иеленді. Орталық және Оңтүстік Азияның 10 экономикасы арасында Қазақстан 3-орында (Үндістан мен Ираннан кейін) тұр.
2029 жылға дейінгі Қазақстанның ұлттық даму жоспары шеңберінде елдің инновациялық әлеуетін кешенді дамыту, сөйтіп, экономикадағы үлесін біртіндеп арттырып, креативті индустрияларды дамыту жөніндегі негізгі тәсілдер әзірленді. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде рейтингте еліміздің көрсеткіші жоғарлай береді деп ойлаймын, – дейді Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық саясатты үйлестіру басқармасының басшысы Гүлзира Ерболова.
ИЖИ көрсеткішін есептегенде Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Шығыс Азия, Шығыс Азия және Океания, Солтүстік Африка және Батыс Азия, Орталық және Оңтүстік Азия, Латын Америкасы және Кариб бассейні, Сахараның субэквациялық Африкасы деп сегіз аймаққа бөліпті.
Айта кететіні, соңғы төрт жылда Швейцария бұл рейтингте көш бастап тұр. Бұл елдің әлемдік инновация орталығына айналуына саяси тұрақтылығы мен тиімді басқару жүйесі, құқықтық жүйенің әділдігі мен зияткерлік меншіктің қорғалуы өз әсерін берді. Бұдан бөлек, жоғары сапалы көлік және коммуникациялық инфрақұрылым, бәсекеге қабілетті ішкі нарық, халықаралық саудаға ашықтық, инновациялық қызметке қолайлы бизнес ортаның болуы шешуші рөл атқарады.
Еуропада Швейцариядан бөлек, Швеция, Ұлыбритания, Финляндия, Нидерланды, Германия мен Данияны ерекшелеуге болады.
Әлемдік бәсеке картасы
Тағы бір маңызды көрсеткіш – Әлем елдерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілік (IMD) рейтингісі. Жаһандық зерттеу Лозаннада (Швейцария) орналасқан жетекші еуропалық Менеджмент институтының (IMD) әдістемесі бойынша есептеледі.
1989 жылдан бастап IMD елдердің бәсекеге қабілеттілігі зерттеледі.
IMD бәсекеге қабілеттілік рейтингісі елдердің экономикалық өмірінің кең ауқымын қамтитын 300-ден астам критерийді терең талдау негізінде құрастырылады. Зерттеу елдің экономикалық дамуының төрт негізгі аспектісіне экономиканың нақты көрсеткіші, мемлекеттік басқару тиімділігі, кәсіпкерлік ортаның жағдайы, инфрақұрылым деңгейі есепке алынады.
Бауыржан Омарбеков атап өткендей, бәсекеге қабілеттілік рейтингісі елдердің экономикалық дамуын бағалаудың, салыстырудың және жақсартудың аса маңызды құралы саналады.
IMD зерттеуінің кең ауқымы мен күрделі үдерістерді есепке алуы оның құндылығын, маңыздылығын арттырады. Рейтинг елдің макроэкономикалық тұрақтылығын, нарықтың тиімділігін, инфрақұрылымдық жүйелердің сапасын, білім мен денсаулық сақтау деңгейін, құқық қорғау жүйесінің ашықтығын, жұмыс күшінің біліктілігін, технологиялық дамуын және инновацияны енгізу қабілетін жан-жақты талдайды.
2024 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша 67 мемлекет бағаланды. Қазақстан 66,03 балмен 35-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш Қазақстанның әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін көрсетеді және оның алға жылжуға мүмкіндігі бар екенін айғақтайды.
Бұл рейтингтің жоғары сенімділікке ие болуының бірден-бір себебі – оның БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және басқа да беделді халықаралық институттардың статистикалық мәліметін пайдалануында. Бұл рейтингке берілген бағалардың объективтілігін және сенімділігін қамтамасыз етеді.
2024 жылғы рейтингте 100 балмен Сингапур көш бастады, бұл елдің экономикалық тиімділігі мен кәсіпкерлік ортасының жоғары деңгейін көрсетеді. Үздік ондыққа Швейцария, Дания, Ирландия, Гонконг, Швеция, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайвань, Нидерланды және Норвегия енді. Бұл елдердің барлығы жоғары дамыған экономикасы, тиімді басқару жүйесі және инновациялық әлеуетімен ерекшеленеді.
Орталық және Шығыс Еуропадағы Польша, Мажарстан, Чехия, Румыния, Болгария, Оңтүстік-Шығыс Азияның дамушы елдері Малайзия, Таиланд, Индонезия, Филиппинді біздің елмен салыстыруға болады. Бәсекеге қабілеттілік рейтингісі бойынша бұл елдердің көбісінің алдында тұрмыз. Демек, елдегі саяси реформалар әлі де жүйелене түссе, дамудың даңғыл жолын табатынымыз анық.
P.S.
Халықаралық рейтингтер – Қазақстанның әлемдік экономикалық кеңістіктегі орнын анықтап қана қоймай, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың және әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдететін стратегиялық құрал. Ал Ұлттық рейтинг агенттігі құрылатын болса, ұлттық мүддені барынша тиімді қорғауға және елдің халықаралық аренадағы беделін арттыруға әсер
ететін еді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ