сейсенбі, 15 сәуір, 2025

Жалқаулық тұқым қуалайды – зерттеу

/
сурет: istockphoto.com

Генетика адамның жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығуына да, дене белсенділігінің төмен деңгейіне де әсер ететіні бұрыннан белгілі. Алайда алғаш рет Ювяскюля университетінің Спорт және денсаулық ғылымдары факультетінің зерттеушілері қозғалыссыз өмір салтына бейімділік пен жүрек-қан тамырлары аурулары арасындағы генетикалық байланысты зерттеді.

Бұл мақсатта FinnGen жобасы аясында шамамен 330 мың адамның бірегей геномдық және денсаулық деректері пайдаланылды.

Қозғалыссыздыққа бейімділікті заманауи геномдық полигендік көрсеткіштер арқылы анықтауға болады. Ғалымдар адамның бос уақытында экран алдында отыруға бейімділігін сипаттайтын полигендік көрсеткіш әзірлеп, оны ең жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары аурулары – гипертония, ишемиялық жүрек аурулары, миокард инфаркті мен инсультпен байланысын зерттеді. Талдау нәтижелері кейін 35 мың норвегті қамтитын басқа референттік топта қайталанып, дәлелденді.

«Қозғалыссыз өмір салтына генетикалық бейімділік екі елдің де популяциясында жүрек ауруларына шалдығу қаупін ұқсас деңгейде арттыратынын байқадық», – дейді Ювяскюля университетінің докторанты Лаура Йоэнсуу. «Мұндай генетикалық бейімділігі жоғары адамдар күніне орта есеппен жарты сағатқа көбірек отырып, ең жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупі 20%-ға дейін жоғарылайды», – деп қосты ол.

Ғалымдардың айтуынша, генетикалық деңгейде жалқау екеніңіз дәлелденсе де, дәрігерлер аптасына кем дегенде 2–3 рет белсенді қимылдауға кеңес береді. Бұл – жүрек пен жалпы денсаулық үшін маңызды.

Бөлісу: