АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың жұбайы Мишель Обама әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған ажырасу жөніндегі қауесеттерге алғаш рет жауап берді, деп хабарлады turkystan.kz.
Ол Work in Progress подкастында бұл әңгімелерге таңғалғанын білдірген.
2009 жылдан 2017 жылға дейін АҚШ-тың бірінші ханымы болған Мишель Обама елдің қоғамдық өміріне белсене араласып, сайлаушылар арасында үлкен танымалдыққа ие болды. Дегенмен, подкастта айтқанындай, сол жылдары қоғамдық қызмет пен кәмелетке толмаған қыздарын тәрбиелеу міндеті оның жеке уақытын еркін жоспарлауына мүмкіндік бермеген. Қазір екі қызы да есейіп, өз алдына өмір сүріп жатқандықтан, Мишель енді шешімдерді өзі еркін қабылдай алатынын айтты.
Мишель Обама қазір де қоғамдық істермен айналысып жүр, алайда оны жеке өмірімен, спортпен үйлестіре отырып атқарып келеді. Ол осылайша, қоғам мен стереотиптердің қысымына қарамастан, әйелдің табысты әрі тәуелсіз бола алатынын көрсетіп жүр.
Обамалар отбасындағы кикілжің туралы алыпқашпа әңгімелер қаңтарда Барак Обаманың АҚШ-тың бұрынғы президенті Джимми Картердің жерлеу рәсімі мен Дональд Трамптың инаугурациясына жалғыз қатысуынан кейін тарай бастаған. Сәуірдің басында Обаманың Вашингтон көшесінде жеке күзетшімен бірге серуендеп жүрген сәтінен түсірілген фотолар да бұл қауесеттерді одан әрі өршіткен.
Мишель Обаманың 2024 жылғы президент сайлауына Демократиялық партия атынан түсуі мүмкін деген болжамдар да тарағанымен, ол бұл мүмкіндікті жоққа шығарды. Оның орнына экс-бірінші ханым вице-президент Камала Харриске қолдау білдіріп, оның сайлауалды науқаны кезінде белсенді түрде үгіт-насихат жүргізген.