бейсенбі, 17 сәуір, 2025

Астаналық 8 жастағы ерекше бала марафондардың белсенді қатысушысы атанды

/

Инклюзивті сыныпта оқитын Әлназар Әдісбек – елордада өтетін марафондардың белсенді қатысушысы. Оның диагнозы – кез келген мақсатқа жетуге еш кедергі емес екенінің дәлелі. Рухы мықты жасөспірім осылайша көпке үлгі. Ол бұған дейін «Бірлік жүрісі», «Astana Run», «Charity Samruk Marathon», «Family Run», «Zengi Baba», «Run for Autism» және басқа да марафондарды бағындырды.

Анасы Мария Айдарханованың айтуынша, 8 жастағы Әлназар былтыр өзі қатысқан «Charity Samruk Marathon» қайырымдылық жарысынан түскен қаражатқа жабдықталған инклюзия кабинеті бар мектептің оқушысы атанған. Аталған жүгіру іс-шарасында 127 миллион теңге жиналып, Астананың 5 мектебінде жаңа форматтағы инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Осылайша Әлназар баршамен бірге ерекше балалардың болашағына үлес қосып, бүгінде қатарластарымен мектепке барып жүр.

Айта кету кеек, оқушы 1-сыныпқа баратын кезде, оқу орындарының барлығында бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлар жасалмағандықтан мектепті іздеуде әбіргерге түскен. 

Жасөспірім тек жүгірумен ғана емес, жүзу, коньки тебумен айналысады. Бұл сенсорлық жүктемені жеңілдетуге, моториканы дамытуға және әлеуметтенуіне ықпал етеді. Инклюзия кабинетінде жеке емдік дене шынықтыру сыныбында айналысып, сонымен қатар дефектолог, логопед, психологпен жұмыс істейді.

Анасының айтуынша, жалпы білім беретін мектептерде мұндай кабинеттердің ашылуы ерекше балаларға қолдау мен олардың өміріндегі оң өзгерістерге үлкен мүмкіндік береді. Биыл Мария мен Әлназар 3 мамырда Ботаникалық бақта өтетін «Charity Samruk Marathon» тағы да қатысуға ниетті. Қайырымдылық марафонында жиналған қаражат елордадағы мектептерде жаңа инклюзия кабинеттерін ашуға бағытталады.

«Инклюзия ол – қоғамды кезеңдеп, байыппен өзгерту, диагнозы бар балалар туралы адамдардың пікірін өзгерту», – дейді Мария.

Айта кетейік, марафонды ұйымдастырушы – «Самұрық-Қазына» қоры Астанада 5 инклюзия кабинетінен бөлек, тағы да 6 сыныпты жабдықтады. Соның арқасында 500-ден астам ерекше оқушы инклюзивті біліммен қамтылып отыр.

Осы көктемнің басты қайырымдылық марафоны 3 мамырда өтеді. Тіркелу samrukmarathon.kz (https://samrukmarathon.kz) сайтында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары