Психологтар отбасындағы кез келген жайтқа байланысты баламен үлкен адамша пікір алмасу, оның ойын білу – баланың өзін төмен санамауына оң ықпал етеді дейді.
Балалар мен жасөспірімдер арасында депрессия қайдан пайда болады? Суицидтік көңіл күйден қалай сақтанамыз?
Мамандар балалардың жабығуы, жалғыздыққа душар болуы, қоғамда немесе мектепте буллингке ұшырауы, отбасындағы жанжал, әлеуметтік проблема өтпелі кезеңдегі балаларға айрықша қысым болатынын айтады.
Көп бала өзін қорғансызбын, жалғызбын, мені ешкім түсінбейді деп ойлайды. Сондықтан да суицид жасауға шешім қабылдап жатады. Оның алдын алу үшін ата-ананың жауапкершілігі өте жоғары. Қазір ата-аналар балаларымен жиі сөйлеспейді. Тек одан сабақ үлгерімін сұрайды яки болмаса, оған керекті заттар туралы ғана әңгімелеседі. Ұялы телефон мен компьютердегі түрлі ойындарға, әлеуметтік желідегі топтарға тәуелді болған бала күн санап шынайы өмірден алыстап, әке-шешесімен арақатынасы суи түседі. Бұл – торығудың алғашқы сатысы.
Біріншіден, ата-анасы баласының мінез-құлқын, көңіл күйін жиі бақылап, онымен барынша шынайы, ұрыспай, кеңесіп, қажет болса сырласындай сөйлесе білуі керек.
Екіншіден, баласына қандай тақырып қызық, соны зерттеп, соған байланысты қызығушылығын оятып, күн сайын әңгімеге тарту маңызды.
Үшіншіден, егер бала ата-анасымен сөйлескісі келмесе, мектепте де тұйықтала бастаса, онда дереу психологқа жүгінген дұрыс. Өйткені баланың ішкі әлеміндегі өзгерісті тек психолог қана аңдап, онымен сөйлесе алады.
Мамандар баламен сөйлесуді дағдыға айналдыру керек дейді. Бала ес білгеннен не көргені, не білгені туралы әңгімелесіп үйренсе, кейін де ата-анасына сырын айтатын, олардан жатсынбайтын, пікірін ашық айтатын болып өседі.
Психологтар отбасындағы кез келген жайтқа байланысты баламен үлкен адамша пікір алмасу, оның ойын білу – баланың өзін төмен санамауына оң ықпал етеді дейді.
Сіз балаңызбен жиі сөйлесесіз бе?