Аталған заңсыз әрекеттен жалпы сомасы 30 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Жуырда Алматы қаласы бойынша ҚМА департаменті алты микроқаржы ұйымның заңсыз әрекеттерін әшкереледі. Қылмысқа қарсы күрес жүргізген агенттік өкілдері Creditum МҚҰ, Sofi Finance МҚҰ, Hava Finance МҚҰ, SF Offline МҚҰ, POS Credit МҚҰ, Сәлем Кредит МҚҰ басшылығына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу амалдарын жүргізіліп жатыр.
– Төлемдері кешіктірілген қарыз алушыларды KOKE.KZ, TENGO.KZ, HAVA.KZ платформалары арқылы серіктес компаниялармен кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген. Бұл ретте кепіл берушінің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана күшіне енген. Аталған қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлемдер алып, азаматтарды қарызға батырған. Салдарынан қарыз алушылар несиенің бастапқы сомасынан 3-5 есе көп төлем жасауға мәжбүр болған. Мысалы, қарыз алушы Ш. 120 мың теңге несие алып, негізгі қарыз бен пайыздарды қоспағанда тек кепілдік үшін 446 мың теңге төлеген, – делінген қаржылық мониторинг агенттігі таратқан хабарламада.
Осылайша, микроқаржы ұйымдарының негізгі табысы жалған кепілдік шарттары бойынша төлемдерден жасалған. Аталған заңсыз әрекеттен жалпы сомасы 30 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Мамандар микроқаржы ұйымынан шағын несие алар кезде сақ болуды ескертеді. Өйткені онлайн-кредит рәсімдеу үшін банк картасының барлық құпия нөмірлерін сұрайды. Ал бұл интернет-алаяқтар-
дың арбауына түсіруге қолайлылық жаратады.