Мамандар ормандағы кез келген отты көрген адамдардың төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ертерек хабарласуы қажеттігін айтады. Орман өртін ауыздықтау бір адамның қолынан келмейді, мұндай сәтте тұтас халықтың бірлігі, сауаттылығы керек.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өртке қарсы қызмет комитетінің мәліметінше, елімізде жылына 10 мыңнан аса өрт болып, 300-ге жуық адам қайтыс болды. Былтыр 7 560-тан астам өрт оқиғасы тіркеліп, 229 адам қаза тапқан. Алаңдатарлығы, өрт жиілеп, кісі өлімі де жыл сайын көбейіп келеді.
Әсіресе, өрт көктем, жаз, күз айларында, аптап ыстық пен құрғақшылық кезінде тұтанады. Елімізде соңғы кездері орман өрті көбейген. Бүгін біз орман өртінің шығу және одан қорғану жолы туралы қысқаша баяндаймыз.
Соңғы таяу жылдары Ресей, Түркия, Канада, АҚШ, Аустралияда ірі орман өрттері болды. Миллиондаған гектар алқап қызыл жалынға оранды. Орманмен бірге аң-құс, өсімдік, жан-жануар, адамдардың үйлері, елді мекендер өртенді. Өрт сөндірушілер қаза болды.
Елімізде орманды алқап аз болғанына қарамастан, орман өртінің қаупі азаймай тұр. Қостанай, Семейдегі орман өрті бүкіл елімізді әбігерге салғаны күні кеше. Елімізде орман өте аз. 11,2 пайыз ғана. Орманы аз елдің экологиясы құбылмалы. Ормансыз елде қуаңшылық көп болады. Әлемнің жылынуы мен су қорының азаюы, экологиялық апаттардың дені орманның аздығынан туындап жатады. Сол үшін әлем экологтары үнемі дабыл қағып, ағаш егуді, жасанды орман үлесін көбейтуді, табиғи орман алқабын сақтауды айтып жатады. Бұл мақсатта жылына халықаралық ірі конференциялар, БҰҰ-ның жиындары өтеді. Соған қарамастан, жыл сайын әлемде орман азайып барады. Өйткені технология дамығанымен, соған қажетті ағаш өнімін пайдалану көбейіп келеді.
Орман өртінің шығу себебі
Әуелі, дала өрті секілді табиғи жағдайдан, яғни, аптап ыстықтан болады. Сондай-ақ найзағай оты мен жанартаудың атқылауынан туындайды.
Екіншіден, мұнда да адам факторы бар. Орманды әдейі өртеп, ағаш сатып, пайда табуды көздеп жатады. Мұндай ақпараттың елімізде тарағаны да жасырын емес.
Кейбір елдерде орманды өртеп, орнын егістік алқабы жасауды көздейтін алпауыт компаниялар бар екені жазылып жүр. Елімізде ондай оқиға тіркелмегенімен, адамдардың өз мақсатын орындаудың түрлі жолын іздейтінін біле жүрген артық етпейді.
Орман өртінің зияны шаш етектен. Ол дауыл секілді, оңайлықпен өшпейді. Тіпті, жел мен ыстық леп соқса, ырық бермейді. Қостанай мен Семейдегі өрт кезінде өртті ауыздықтау жолында ондаған кісі қайтыс болды. Мал-жанынан, үйінен, техникасынан, байлығынан бір жолда айырылып қалғандар қаншама. Сондықтан орманға барғанда өте абай болған жөн.
Бұлай дейтініміз, орман өрті кейде салғырттық пен немқұрайлықтың кесірінен тұтанып жатады. Адамдар орманға барып демалып, түрлі қоқыс тастап, жаққан оттарын толық сөндірмей кетіп, яки, тез тұтанғыш заттарды бейберекет тастап, соның кесірінен ойламаған жерден өрт қаулап жатады.
Орман өртін сөндіру өте қиын. Ағаштар бықсып, тез арада толық жанбайды. Сондай-ақ орманның түтін-ысы күшті болады. Орманның басым бөлігі таулы, жарлы, қиын жерлерде өсетіндіктен, оны ауыздықтауға өрт сөндіретін техниканың жетуі қиын. Көп жағдайда тікұшақпен су шашады. Суды жеткілікті шашу үшін көп күш, қаржы, техника керек. Шетелдегі алапат өрттерде көрші елдер көмек беріп, өрт сөндірушілер мен техникаларын жіберіп, тіпті кей кездері БҰҰ-ның арнайы тобы көмекке аттанып жатады.
Мамандар ормандағы кез келген отты көрген адамдардың төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ертерек хабарласуы қажеттігін айтады. Орман өртін ауыздықтау бір адамның қолынан келмейді, мұндай сәтте тұтас халықтың бірлігі, сауаттылығы керек.
Т.ӨСКЕНБАЙ