Қазақстанда автожанармай құю стансаларындағы жанар-жағармай бағасы 16 қазан деңгейінде бекітілді. Бұл — АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынына қатысты шешім, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.
Энергетика министрлігінің сайтында хабарланғандай, енгізілген уақытша мораторийдің негізгі принципі – АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек сауда бағасын автожанармай құю стансаларында (АЖҚС) 2025 жылғы 16 қазандағы деңгейде сақтау. Ел аумағында бірыңғай шекті баға белгілеу қарастырылмаған. Мұндай икемді тәсіл нарықтағы бәсекелестікті сақтап қалуға мүмкіндік беріп, операторлар арасындағы баға айырмашылығын түсіндіреді.
Қазіргі таңда ірі жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин бағасы литріне 213–239 теңге, дизель отыны 317–337 теңге аралығында.
Энергетика министрлігі жағдайды тұрақтандыру мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, алдын алу шараларын қолға алғанын мәлімдеді.
"16 қазанда ірі көтерме жеткізушілер мен жанармай құю станциялары желілері басшылары қатысқан кеңес өтті.
Кеңесте үкіметтің ЖЖМ бағасын одан әрі көтеруге жол бермеу жөніндегі нақты ұстанымы жеткізілді. БҚДА тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда монополияға қарсы шаралар қабылданатын болады", - делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, елімізде жанармай қоры 3–4 аптаға жеткілікті деңгейде және тұрақты толықтырылып отырады. Қазіргі таңда АИ-92 бензинінің көлемі 341 мың тоннаны, дизель отыны – 405 мың тоннаны құрайды.
"Бұл көрсеткіштер бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Екі отандық мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуден кейін 25 қазаннан бастап кезең-кезеңімен іске қосылады, бұл нарықтағы теңгерімді нығайтуға септігін тигізеді.
Энергетика министрлігі мораторийдің сақталуын бақылап, аймақтық штабтар мен нарық қатысушылары арасында үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Нарықтағы жағдай үкіметтің жіті бақылауында", - деп қосты министрлік өкілдері.