Осы аптада есірткінің ірі партиялық көлемі СҚО-да анықталды.
ІІМ кинологиялық бөлімі қызметкерлері «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында еліміздің барлық аумағында есірткі тасымалдаушыларды анықтау бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шараларды жүргізуді қолға алды.
Осы аптада есірткінің ірі партиялық көлемі СҚО-да анықталды.
– Солтүстік Қазақстан облысының жүргізушісі күдік туғызған автокөлік тоқтатылды. Лақап аты Виола қызметтік-іздестіру иті көлікті тексеру барысында салмағы 30 грамнан асатын мефедрон есірткі затын тапты. Ұсталған адам есірткі таратушы екені анықталды.
Тағы бір оқиға республикалық маңызы бар Алматы – Астана автожолында тіркелді. Полиция қызметкерлері тексеру барысында көліктен 11 келіден асатын гашиш тәркілеген. Ал есірткіні анықтаған – Тея қызметтік иті, – дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің кинологиялық қызмет басқармасының бастығы Алмас Күнтуов.
Қызметтік-іздестіру иттерінің жұмыс нәтижелері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. 2025 жылдың екі айында ғана олардың көмегімен 100-ден астам оқиға анықталған, 600 келіден астам есірткі, оның ішінде 48 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ-нің кинологиялық бөлімі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша жұмысты жалғастыруда.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға қатысты бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Қабылданған түзетулер қылмыстық жауапкершілік жүйесін жақсартуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай жазаларды саралауға бағытталған.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы есірткі ісі бойынша 297-баптың 3-бөлігі бойынша 938 адам сотталған. Кейінгі бес жылда сотталғандар саны үш есе артқан. Олардың басым көпшілігі 10 жылдан
15 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айырылды. Ал есірткі өндіргендерге берілетін 15-20 жыл түрме жазасы өмір бойына бас еркіндігінен айыру жазасына ауыстырылды.
Мамандар елде есірткі тасығаны үшін сотталғандар саны қалай көбейсе, солай жасарып жатқанын да айтып дабыл қағуда. Мысалы, былтыр есірткіге қатысты қылмыс жасап сотталғандардың тең жартысы – 16 мен 29 жас аралығындағы жастар болған. Бес жыл бұрын есірткімен сотталғандар арасында жастардың үлесі 30 пайыз еді. 2020 жылы есірткі сақтау, тасумен байланысты 297-баппен 5 бала сотталған. 2024 жылы кәмелетке толмаған 31 бала түрме жазасын алған.