Негізгі ерекшелігі – материалдық ресурстардан гөрі идея мен шығармашылық қабілет басты ресурс. Креативті индустрия инновацияны дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, ұлттық экономиканы әртараптандыруға көмектеседі.
Креативті индустрия – мәдениет, өнер, технология және бизнес элементтерін біріктіретін сала. Мұнда шығармашылық пен интеллектуалдық еңбек экономикалық құндылыққа айналады. Оған музыка, кино, дизайн, сәулет, анимация, жарнама, баспа ісі, ойын индустриясы, IT, сән индустриясы және басқа да салалар жатады.
Негізгі ерекшелігі – материалдық ресурстардан гөрі идея мен шығармашылық қабілет басты ресурс. Креативті индустрия инновацияны дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, ұлттық экономиканы әртараптандыруға көмектеседі.
Креативті индустрияны дамыту еліміз үшін маңызды және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде бүгінде ерекше назар аударылып отыр. Экономиканың бұл стратегиялық маңызды секторы 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына енгізілген. Негізгі мақсат – саланы қолдауға арналған заңнамалық және институционалдық шараларға, инфрақұрылымды дамытуға, қазақстандық креативті өнімдердің импортын арттыруға бағытталған.
Еске сала кетсек, биыл Мемлекет басшысы «Креативті индустрияларды дамыту туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат креативті саланы дамыту бойынша уәкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдардың құзыретін арттыруды қарастырады. Оның мақсаты – креативті индустрия өкілдерінің дамуына жағдай жасау.
Креативті экономиканы дамыту мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы шаралар пакетін әзірледі. Мәселен, биыл Үкімет жанынан Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылмақ. Қордың негізгі міндеті – дарынды азаматтарды табу және қолдау, жобалар мен инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қазақстандық креативті өнімдер мен қызметтердің экспортын алға жылжыту.
Қор халықаралық нарыққа шығаруға арналған креативті жобаларды дамыту үшін, түрлі қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын конкурс негізінде әзірлеп, іске асыратын болады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Бюджет кодексіне қол қойды. Кодекс аясында ұлттық лотерея операторы сатқан лотерея билеттерінің 3 пайызын креативті индустрияны дамытуға бөлу қарастырылған.
Сонымен қатар e-Creative деп аталатын креативті индустрия өкілдерінің бірыңғай реестрі құрылмақ. Бұл онлайн-платформа қажетті мамандарды жылдам табуға, креативті индустрия субъектілерінің артуын қадағалауға, сондай-ақ отандық креативті өнімдер мен қызметтерді дамытуға арналған бизнес-процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Креативті индустрияны дамытудың басты бағыттардың бірі – креаторларға арналған инфрақұрылым құру. Қазақстанның ірі қалаларында креативті хабтар жүйелі түрде ашылып жатыр. Қазір Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Петропавл, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Ақтау және Жезқазған қалаларында 12 хаб жұмыс істеп тұр. 2025 жылы тағы 8 хаб ашу жоспарланған.
Министрліктің алғашқы міндеттерінің бірі – креативті сала өкілдерін көлеңкелі экономикадан шығару. Осы мақсатта
40 түрлі креативті қызмет арнайы салық режиміне енгізілді. Бұл бизнес барлық салық түрлерінен (КТС, ЖТС, ҚҚС) босатылып, оған бірыңғай салық төлеуге мүмкіндік берді. Атап айтсақ, жеке кәсіпкерлер 2-4 пайыз, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер 8 пайыз мөлшерде салық төлейді. Ал салық жеңілдіктерінің арқасында креативті индустрия саласында жұмыспен қамтылғандар саны мен тіркелген субъектілер саны 15 пайызға артты, яғни
6 мыңға көбейді. Бүгінде бұл салада 45 597 субъект жұмыс істейді, онда 135 мың адам еңбек етеді.
А.Бименді