жексенбі, 13 сәуір, 2025

Сталинград үшін соғысқан қазақ

«Бәрі де жеңіс үшін!» деп жанын отқа са­лып, басын өлімге тігіп, фашистермен шай­қасып жатқанда, елдегілердің жағдайы айт­паса да түсінікті еді.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. 60 миллионнан астам адамның өмірін қиған, әлемнің саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылысына орасан зор өзгеріс әкелген соғыстан соң адамзат баласы бейбітшілік пен тұрақты­лықтың қаншалықты маңызды екенін түсінді. 

Соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуы­на орай бүгін біз Ұлы Отан со­ғы­сы­ның ардагері – ғибратты ғұмыр кешкен әке­міз Бексұлтан Жабаев туралы сыр шертсек дей­міз. Атамыз Жабай мен әжеміз Қағаздың ай­туынша, әкеміз Батыс Қазақстан облысы Қаратө­бе елді мекенінің маңындағы қыстау­лар­дың бірінде 1924 жылғы (тышқан жылы) қаң­тар айының басында жертөледе дүниеге келіпті.
Атамыз әйелім босанады деп, жертөленің ауыз­ғы бөлігін қойдың қиына толтырып, та­мызыққа қурайды баулап, дайындап қой­ған екен. Жарық дүниеге аман-есен жеткен әке­міз Бексұлтанның ұзақ ғұмыры осылайша бас­талыпты. Ол кезде ел іші біршама тыныш бол­ғанымен, халықтың әл-ауқаты мәз емес кез. Кейін билік басына Голощекиннің келуімен халықтың жағдайы бұрынғыдан да бетер күрт төмендеп кеткен. Себебі халықтан, әр шаңырақтан алатын салықтың адам естімеген түрлері пайда бола бастаған: азық-түлік салығы, жер-су салығы, тұтыну салығы, сүйек, мүйіз, тұяқ салықтары, артық астықты мәж­бүрлеп тартып алу, конфискация, ет са­лығы, малды тартып алып етке өткізу сияқты ша­раларда зорлық-зомбылық көрсету, төтен­ше шараларды қолдануға рұқсат берілген. Көнбегендерін байлармен қоса «итжеккенге» жер аудару шаралары да басталған. Нәтиже­сін­де, мұндай ауыр жағдай халықтың ашу-ыза­сын тудырып, Қазақстанның көп өңір­лерін­де Үкіметке қарсы көтерілістер бола бас­таған, бірақ оларды күшпен басып, аяусыз жа­залап отырған. Оның үстіне «жығылғанға жұ­дырық» дегендей, аштықтың да белгілері бай­қала бастаған. 
Ертерек қимылдағандар шетел асып, Иран­ға өтіп кеткен. Аузынан ағы, қорасынан ма­лы кетпеген аталарымыз да қатыгез саясат­тың қысымынан қорқып, ағайын-тума ауыз біріктіріп, аман қалу мақсатында бар-жоғын алып, азды-көпті малын алдына салып, айдап бір түнде туған жерін тастап 1929 жылы қа­шып көшіп кеткен. Сонда әкеміз Бексұлтан бес жасқа толмаған бала екен. Содан Ақтөбе об­лысының Жем, Сам, Сағыз арқылы Үстірт­тің үстімен жүріп отырып, жолда қарақшы­ларға таланып, барынан айрылып, аш-жа­лаңаш 1929 жылдың қара күзінде «Қара­құм жолымен» Хорезм ойпатына құлағандарын атамыз Жабай әңгімесінде айтып отыратын, ол кезде «Бес қала» деп те айтушы еді. Сол жер­де «Тұрымтай тұсына» дегендей, әркім өзі­не қоныс іздеп кеткен. Жабай атамыз Әму­дарияның Лабак пристаніне жақын 7 ша­қырым жердегі ауылға қоныс тепкен, себебі бірінші кезекте аман қалу жайын ойлаған бол­са керек. Сол кезде әкеміз Бексұлтан 7-8 жас шамасында екен. Бір-екі бала болып ауыл адам­дарының түйелерін баққан. Серік­тес­тері­мен келісе отырып, түйелердің тұсауын ше­шіп жіберіп, Лабак пристаніндегі 4 жыл­дық мектепке ата-анасына білдірмей барып оқыған екен. Пристань басында күндіз-түні қызған жұмыс: пароходтарға жүктер тиеліп (мақта, арпа, бидай, тары, жоңышқа, жүн, тері т.б.), бірі келіп, бірі кетіп жататын. Жұмыс­шы­ларға карточкамен 500 грамм нан және ар­найы асханадан тамақ беретін. Кейбір мейі­рімді жандар балаларды аяп, өздерінің на­нынан кішкентай үзіп береді. Сол нанды әкеміз жерден жеті қоян тапқандай қуанып, анасына әкеліп береді, ал анасы үйдегі бала­лары мен қызының аузына бөліп салып, әке­мізге де аздап беріп отырған. Көрдіңіздер ме, ананың балаларына мейірім-махаббаты қан­дай болған! Сонда өзі дәмін де татпайды екен. Сол асханада екі орыс апай жұмыс істе­ген. Түс мезгілінде асханадан шелекпен жуын­дыны алып шығып төккенде, далада жүрген ит­тер де, балалар да қатар жүгіреді екен. Со­дан таласып-тармасып бұйырғанын алып қайтады. Сондағы алатындары картоптың қабығы, тұздалған балықтың басы (селедка), нанның ұнтағы. Әжеміз сол қалдықтарды қай­натып, тұздалған балықтың басын салып, сорпа жасайды, ол кезде тамаққа себетін тұз да табыла бермейді. Әкеміз сол кездегі ішкен ботқаның дәмі өмір бойы естен кетпейтінін айтып отыратын. Себебі аштықтың ащы дәмін татқан адам тірі қалса, оны ешқашан ұмыт­пайды.
Осындай қиын-қыстау, жоқшылық за­манда қағаз-қалам деген атымен жоқ болса да, 7 жылдық мектепті үздік бітір­ген әкеміз өте ынталы шәкірттердің бірі бо­лады. Ауылда сауатсыздықты жою (ликбез) науқанына да жан-тәнімен атсалысқанын ата-әжелердің әңгімелерінен естіп отырушы едік. Ол кісі халықтың қолы енді-енді нанға же­тіп, тұрмысы сәл де болса жақсара бастаған тұс­та соғыс деген сұмдық хабардың келгенін үл­кен тебіреніспен айтып отыратын. Сол кез­де әкеміздің жасы небәрі 17-де болған. 
– Соғыс басталған күн маусымның жай­ма-шуақ күні болатын. Ауыл адамдары тү­гел­дей ауылдық кеңестің маңына жиналған. Бә­рінің жүзінде қобалжу, үрей бар. Соғыс де­ген сұмдықтың бастарына қалай төнгенін тү­сіне алмай әуре-сарсаң болып тұрған. Тек «со­ғыс басталды» деген хабардан басқа еш ақ­парат жоқ. Ауылдың көзі ашық азаматтары, мұ­ғалімдер Германияның 1939 жылы КСРО-мен өзара шабуыл жасаспау туралы келісімі бар екенін айтады. Көп ұзамай ауылға «по­лу­торка» машинамен аупарткомның, әскери ко­миссариаттың және милицияның өкілдері келіп, жиналыс ашты. Аупартком өкілі бірін­ші болып сөз алып, соғысты халыққа жет­кізді. Бейбіт отырған ел дүр сілкінді. Әскери комиссариат өкілі жаудың бетін қайтару үшін елде жаппай мобилизация бастала­ты­нын, Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу кезі келгенін айтса, милиция өкілі ел ішінде ішкі тәртіп туралы айтып түсіндірді. Жау­ды жеңу үшін әркім, ол соғыс майданында ма, еңбек майданында ма, қарқынды еңбек етіп, соғысқа аянбай үлес қосу керегін ха­лық­қа міндеттеп жеткізді. Ауыл тұрғындарының атынан Қосымбай ақсақалдың айтқан сөзі әлі есімде: «Антты бұзған антұрған Гитлер опа­сыз болып шықты. Антты бұзған адам тү­бінде оңбайды». Осы кезде кейбіреулер Гит­лерге лағнет айтып жатты. Осылайша, «Бә­рі де жеңіс үшін!», «Бәрі де майдан үшін!» де­ген ұранмен қарбалас, жанталасқан өмір, ты­нымсыз тылдағы еңбек басталып кетті. 1942 жылы күзге қарай мен 18-ге толып, әс­кер­ге шақырылдым. Біздің ауылдан 12 бала бірге аттандық. Бір ай шамасында Чарджоу қа­ласында әскери іске, тәртіпке үйретті. Вин­тов­кадан ату, граната лақтыру, танкке қарсы іс-әрекет жасау, жаралыға алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйрендік. 1942 жылғы 12 қыр­күйек күні Лабак пристанінен пароход­пен майданға алып кетті. Чарджоуда әскери ант қабылдап, эшелонмен Сталинград май­да­нына жол тарттық. 1942 жылғы қарашада біз­дің полк Сталинград шайқасына кірді. Со­ғыс күн демей, түн демей жүріп жатты. Не­міс басқыншыларының мақсаты – Ста­линг­радты басып алу, ал біздің мақсатымыз – бір қадам да жер бермей, жаудың бетін қайтарып, қа­ла­ны қорғау болды. Шайқастың соншалықты ауыр болғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қаза тапқандардан, жаралылардан ақ­қан қан траншеяларда судай ағып жатты, құр­бан болғандардан аяқ алып жүру мүмкін бол­мады. Артиллерия снарядтары ізді-ізінен жа­рылып жатса, миналар оған қоса жарылып, сол­даттар есепсіз оққа ұшып жатты. Жаудың ал­дыңғы шебін шегіндіріп, енді үшіншісіне жа­қын қалғанда оң қапталымнан снаряд жа­рылып, қатты дыбыс, күшті жарқыл есімде қал­ды, басқа ештеңе есімде жоқ. Контузия алып, сол жерге құлап, топыраққа жартылай кө­­­­міліп қалыппын. Қанша сағат, қанша күн жат­қанымды ешкім анық білмейді, сани­тар­лар тауып алып, санитар пойызына апарып тап­сырыпты. Снаряд жарқыншағы жауы­ры­нымның етін және оң аяқтың жуан сан етін қопарып жыртып кетіпті, сүйегі сау екен, бір тәулік дегенде есімді жиыппын. Ауыр жара­лы­­­­лардың ішінде мен де бармын, санитар пойызды шығысқа қарай алып кетті. Қаза бол­ғандарды жол бойы пойыздан түсіріп жа­тыр, аман қалғандарын, жаралыларды ем­деп, сауықтырып, Жапонияға қарсы ұрыс­қа қою мақсат болды. Себебі сол кезде фа­шистер Сталинградты алса, Жапония қиыр шы­ғыстан соғысты бастауы керек екен. Жел­­­тоқсанның басында Владивостокқа келіп жеттік. Көпшілігі №8-Владивосток әскери-теңіз госпиталына түсті. Менің өкпем қа­бы­нып, дәрі-дәрмек жетіспеушілігінен жағ­дайым қиындап, тез аза бастадым, тіпті тамақ ішуден де қалдым. Сонымен қатты әлсіреген мен үмітсіздер палатасына шығарылыппын. Ол жерде шала-жансар хәлде бірнеше тәулік жат­тым. Сәтін салып, сол шамада Ленинг­рад­тан кезекті эвакуацияланғандар келді. Олар­дың арасында белгілі хирург, профессор Бирю­ков бар екен. Хирург алдымен үмітсіздер па­латасында жатқандарды көріп шықты, шала-жансар әл үстінде жатқан мені көріп, «Не­медленно на операционный стол» деді. Осы сөзді де еміс-еміс естіп, ары қарай талып кет­кенімді білемін. Содан ота жасалған соң 4 күнге дейін ес-түссіз жатыппын, есімді жи­насам мейірбикелер «Парень заново родился, если бы не профессор, в живых тебя не было бы» деп жатыр. Сол госпитальда бес ай емде­ліп, аздап өзіме келдім. Бұл кезде немістер Сталинградты ала алмаған соң жапондар да ты­ныштала бастаған көрінеді. «Жалпы, май­дан жағдайы ауыр болғанымен, енді аз да болса басымдық біздің жақта» деп замполит­тер айтып жүрді. Осылайша, 1943 жылғы кү­з-дің аяғына қарай медкомиссияның ше­ші­мімен ІІ топтағы мүгедек болып ауылға орал­дым, – деп еске алатын әкеміз соғыс жыл­дарын. 
«Бәрі де жеңіс үшін!» деп жанын отқа са­лып, басын өлімге тігіп, фашистермен шай­қасып жатқанда, елдегілердің жағдайы айт­паса да түсінікті еді. Ауылдағылар қолда бар­дың бәрін майданға жіберіп жатқанда өз­де­рінде киерге киім, ішерге ас жоқ, азып-то­зып, жадап-жүдеп отырған елге келген әкем ауыл мектебіне әскери дайындық пәні­нен сабақ беріп, жұмысқа орналасады. 
Әкеміз Бексұлтан жан түршігерлік соғыс­тан мүгедек болып оралса да, қалған өмірін ұс­­таз­дық етумен жалғап, адалдығымен, әділ­ді­гі­мен елінің ортасында үлкен сый-құрметке бө­­ленеді. Айта берсек, әкеміздің өмірі бір үл­­кен тарих. Өскен-өнген отбасымыздың бәй­­терегі, ұрпағына саналы тәрбие берген сая­­лы ағашы 2014 жылғы 29 қарашада 91 жа­сында Жеңістің 70 жылдығын көре алмай дү­ниеден өтті. Жаратушы ғибратты ғұмыр бер­­ді, өзі аңсаған жеті арманы орындалды. Ең үлкен арманының бірі әулеті ұр­пақ­тары­мен бірге 1993 жылы тарихи Отаны Қа­зақ­станға қоныстанып, аман-есен елге оралды. Жаңа құтты қонысында 21 жылдан астам ұрпа­ғымен бақытты ғұмыр кешкен әкеміз ба­лаларының жетістіктерін көзімен көріп, куә болып, тағдырына риза болды. 
Әкеміздің артында білікті де білімді әс­кери дәрігер, азаматтық авиация ұш­қышы, ядролық физик, энергетика және бай­ланыс саласы, инженерлер, ұстаздар, қар­жы, бизнес, ауыл шаруашылығы, мал шаруа­шы­лығы мамандары қолөнершілер, құры­лыс­шылар, атом электр стансасында қызмет ете­тін ұрпағы қалды. Адам ұрпағымен мың жа­сайды деп осындайда айтылса керек. Бәрін ой е­легінен өткізіп отырсаң, әкеміздің бала­ла­рына қандай тәлім-тәрбие бергеніне қарап қы­зығасың. Ұрпағының сапалы білім алуына, өне­гелі өмір сүруіне жағдай жасаған әке­міз­дің бізге қалдырған ең үлкен мұрасы – адал­дық пен еңбек. Оның ерлігі мен өнегесі еш­қа­шан ұмытылмайды. Ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғаса бермек! 
1945 жылғы 9 мамырдағы жеңіс бүкіл адам­зат баласының, халықтың жеңісі еді. Қан май­данда ел үшін, жер үшін аянбай шай­қа­сып, ерлікпен қаза тапқандардың, жүрек жұт­қан батырлардың жеңісі. Ойламаған жер­ден жаудың жоспарын бұзып, ақыл-ой­мен шабуыл жасап, ерлік көрсеткен пар­ти­зандардың, майданда жүрген ұл-қыздардың, әке-ағаларын киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақ, оқ-дәрілермен қамтамасыз етіп отырған тылдағы еңбек ардагерлерінің: ата-әжелер, әйел-қыздар, соғыстан қайтып орал­ған мүгедектердің, жасөспірімдер мен кіш­кен­тай балалардың жеңісі. Бұл жеңіс оңай­лықпен келген жоқ, қаншама боздақ жер құш­ты, ерлікпен қаза тапты, елге оралмады, де­нелері топыраққа көміліп із-түссіз табыл­май кетті. Міне, жеңіс нағыз солардікі, олар­дың ерлігі, атақ-даңқы мәңгі есте сақталады. Себебі бұл алтын әріппен жазылған шын тарих. 

Абай ЖҰМАНИЯЗОВ,
Қарасай ауданының құрметті азаматы, 
Жібек жолы ауылдық 
округінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Бөлісу: