сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

ШҚО-да ерекше балаларға арналған кабинет ашылды

/

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданында арнайы кабинет ашылды. 
 

Орталықта есту, көру, сөйлеу қабілеттері, тірек-қозғалыс аппараты, эмоционалды-ерік саласы бұзылған, зерде бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген балаларға түзету-дамыту көмегін көрсету, дамуында қиындықтары бар балаларды оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету, баланың жағдайын кешенді зерттеу және жеке дамыту бағдарламасын әзірлеу, жеке, шағын және топтық түзету сабақтарын ұйымдастыру, ата-аналарға ерекше балаларды тәрбиелеу бойынша кеңес беру, жалпы білім беретін мекемелердегі педагогтарға әдістемелік қолдау көрсету бойынша қызмет көрсетіледі.
Мекемеде педагог-психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру және музыкалық ырғақ мамандары қызмет атқарады. Балаларға тегін психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетіледі.

«Ерекше балалар – біздің қоғамның толыққанды мүшелері. Олар үшін қолайлы жағдай жасау – басты міндетіміз. «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында осындай бастамаларды үнемі қолдап келеді. Бұл орталық ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналары үшін үлкен көмек болады. Енді олар алысқа бармай-ақ, өз ауданында қажетті түзету-дамыту қызметтерін ала алады. Бұл – қоғамның инклюзивті дамуының нақты көрсеткіші», –дейді «AMANAT» партиясының Тарбағатай аудандық филиалының төрағасы Асқар Боғырбаев.


Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, Монтессори әдістемелік кабинеті, тұзды бөлме, емдік дене шынықтыру, ырғақты музыка, психолог, дефектолог, логопед кабинеттері толық жабдықталып, пайдалануға берілді.


«Біздің басты мақсатымыз – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сапалы түзету-педагогикалық қолдау көрсету. Әр баланың дамуы үшін жеке бағдарлама әзірленіп, оған кәсіби мамандар көмектеседі. Сонымен қатар, ата-аналарға да қажетті кеңес пен әдістемелік қолдау көрсетеміз. Біздің мекеме заманауи жабдықтармен қамтылған, әр маман өз ісінің білікті маманы. Бұл орталықтың ашылуы – Тарбағатай ауданының ерекше балалары үшін үлкен мүмкіндік. Біз олардың әлеуметтенуіне, сапалы білім алуына және өмірге бейімделуіне барынша жағдай жасауға тырысамыз», – дейді «Тарбағатай ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ меңгерушісі Айжан Оразғалиева.


Қазір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес қорытындысы бойынша мекемеге 117 бала жолданған, оның ішінде 61 бала ата-аналарының өтініші негізінде тұрақты түрде қызмет алуда. Сабақтар қазақ тілінде жүргізіліп, жеке және топтық сабақтар түрінде ұйымдастырылады. Сабақ ұзақтығы баланың жас ерекшелігіне қарай 35-45 минут аралығында өтеді.

«Менің баламның сөйлеуінде кешігулер болды, сонымен қатар әлеуметтік ортаға бейімделуде қиындықтар көрдік. Бұрын қажетті мамандарға қаралу үшін қалаларға баруға тура келетін. Қазір, шүкір, өз ауданымызда осындай орталық ашылып, білікті мамандар балалармен жұмыс істеп жатыр. Бірнеше айдың ішінде баламның тілінде айтарлықтай өзгерістер бар, өзіне деген сенімі артты. Ең бастысы – балам осында қуана келеді. Бізге осындай мүмкіндік берген барша мамандарға және осы істі қолдаған азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін», – дейді аудан тұрғыны Арайлым Кеңесханова.


Тарбағатай ауданында ашылған бұл түзету кабинеті – ерекше қажеттілігі бар балалар үшін үлкен мүмкіндік. Ол балалардың дамуына және сапалы білім алуына ықпал ететін маңызды мекеме болмақ. 

Бөлісу: