Мазмұны
Қазақстандағы жекеменшік оңалту орталықтары көбіне лицензиясыз жұмыс істейді. Бірақ соған қарамай, қызмет көрсетуді жалғастырып, кейде сапасыз көмек ұсынады. «AMANAT» партиясы мұндай мекемелерге бақылауды күшейтіп, мұқтаж жандарды емдеу мен әлеуметтік бейімдеу тәсілдерін қайта қарауға шақырды.
«AMANAT» партиясы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында тәуелділікті емдеу және психикалық бұзылыстармен күресу саласындағы жағдай талқыланды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жекеменшік оңалту орталықтарына жүйелі бақылау орнатылмайынша және психикалық ауытқулары бар азаматтарды нақты есепке алмайынша, көмек көрсетудің тиімділігі туралы айту ерте. Партия бұл салада ашықтық, сапа және жауапкершілік қағидаттарына негізделген жаңа тәсіл енгізуді ұсынды.
«Біз ұлт денсаулығы үшін аса маңызды мәселелерді талқылап отырмыз. Тәуелділікке шалдыққан адамдарды оңалту және әлеуметтік бейімдеу медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтитын кешенді тәсілді қажет етеді. Біз оңалту мекемелерінің қызметін бақылауды күшейтіп, осындай азаматтарды есепке алу жүйесін жақсартуымыз керек», – деді ол.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев емдеу, есеп жүргізу және оңалту мекемелерінің қызметін ұйымдастыру туралы өзекті ақпаратпен бөлісті. Бүгінде Қазақстанда 20 облыстық психикалық денсаулық орталығы, 83 қалалық психоневрологиялық орталық және аудандық ауруханалар жанындағы 207 психологиялық көмек кабинеті жұмыс істейді. Елде психикалық ауытқуларға байланысты динамикалық бақылауда 110 мыңға жуық адам тұр, оның ішінде 91 мыңы – алкогольге, 18 мыңнан астамы – есірткіге тәуелді.
«Біз Оқу-ағарту министрлігімен келісімге келіп, мектеп оқушылары арасында алкоголь мен есірткіні қолдану мәселелері бойынша Еуропалық зерттеу жобасының әдістемесін енгізе бастадық. Ата-аналардың рұқсатымен жүргізілетін анонимді сауалнама негізінде оқушылардың есірткіге бейімділік деңгейі анықталады. Кейін профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Зерттеуге Қазақстанның барлық өңірінен 125 мектеп пен 10 мыңға жуық оқушы қатысады», – деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.
Отырыс барысында медициналық лицензиясы жоқ, бірақ әлеуметтік және психологиялық оңалту қызметтерін көрсететін жекеменшік орталықтардың проблемасы да көтерілді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда осындай 66 ұйым бар.
«Жекеменшік оңалту орталықтарының қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін бақылауды күшейту, лицензиялау талаптарын енгізу және әлеуметтік-психологиялық оңалтудың тиімділігін қамтамасыз ететін қатаң стандарттар әзірлеу қажет. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, тиісті нормативтік-құқықтық актілерге енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан ақыл-ойы бұзылған және аутизмі бар балалармен жұмыс істеу мәселесін көтерді. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің инклюзивті саясатты енгізу бастамасына назар аударып, балалар тек медициналық көмек алып қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік бейімделу мен құқықтық қолдау шараларына да ие болуы керектігін атап өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті төрағасы Төлеген Оспанқұлов мекемелердің жұмысын бақылау және тәуелділігі бар немесе психикалық бұзылыстары бар адамдарды есепке алу жүйесі туралы ақпарат берді. Ол әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін реформалау қажеттігін атап өтті.
«Қазақстанда психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған 73 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда 16 мыңнан астам адам көмек алады. Биылдан бастап әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау процесін бастадық, оның аясында барлық осындай орталықтарға міндетті лицензиялау енгізілетін болады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 135 мыңнан астам адам қамтылды», – деді ол.
Отырыстың қорытындысында Жұлдыз Сүлейменова қатысушыларға жемісті жұмысы үшін алғыс айтып, бұдан кейін де бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін атап өтті.