20 градусқа дейін жылы: Наурызда қазақстандықтарды қандай ауа райы күтеді?
Наурыздың алғашқы онкүндігінде елдің басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылайды

Қазгидромет синоптиктері 2025 жылдың наурызына арналған ауа райы болжамын жариялады.
Мамандардың айтуынша, көктемнің алғашқы айы жылы әрі жауын-шашынды болады. Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы орташа нормадан 2 градусқа жоғары болмақ. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері көбінесе нормадан көп болады, ал еліміздің оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде қалыпты деңгейде сақталады.
Наурыз айында ауа райы құбылмалы болмақ: аязды күндер жылы күндермен алмасады. Солтүстік өңірлерде қысқы борандар күтіледі. Сондай-ақ наурызда жаңбыр мен жылбысқы қар жауып, жел күшейіп, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін.
Наурыздың алғашқы онкүндігінде елдің басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылайды.
Түнде температура -12…-20 градус, ал орталық және шығыс өңірлерде -15 градус шамасында болады. Күндіз -3-тен +5 градусқа дейін жылы болады.
Оңтүстік өңірлерде түнгі температура -2…-10 градустан 0…+8 градусқа дейін ауытқиды, ал күндіз -2-ден +15 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан облысында ауа температурасы +15…+20 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Он күндіктің соңында Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасының аздап төмендеуі күтіледі. Солтүстік өңірлерде түнде -3…-8 градус, күндіз 0…-5 градус болады. Оңтүстік өңірлерде түнде -5…+2 градус, ал күндіз +3…+10 градус шамасында жылы болады.
Екінші онкүндікте ауа температурасы құбылмалы болады. Солтүстік өңірлерде түнде -10…+3 градус, күндіз -13…+10 градус аралығында өзгереді. Оңтүстік өңірлерде түнгі температура -5…+10 градус, ал күндіз +8…+20 градус болады.
Үшінші онкүндікте елдің басым бөлігінде түнгі температура -5…+10 градус, ал күндіз +5…+20 градус аралығында өзгереді. Солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарда түнде -5…0 градус, күндіз -5…+10 градус шамасында болады.