Түркияға беташарды «алып барған» қазақ

Әлеуметтік желіден Түркиядағы белсенді қазақ жастарының мереке сайын топ болып домбыра тартып отырған сәті таспаланған видеоны жиі көзіміз шалады. Олардың арасынан Хусеин Ертұғұрылды домбыра тартудың хас шебері екенін бірден байқайсың. Түркістанда білімін ұштаған Хусеин кейінгі екі жылда сексенге жуық этникалық қазақты домбыра тартуға үйреткен. Онымен қоса, Түркия қазақтарының тойларында беташар айтуды «сәнге» айналдырған. Этникалық қазақтармен қоса, өзге ұлт өкілдеріне ұлттық аспабымыздың қыр-сырын үйретіп жүрген Хусеинге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Қазір көп қазақстандықтың Түркияға барып, білімін жетілдіруге ұмтылатыны әмбеге аян. Ал сіз керісінше Түркиядан Түркістанға білім қуып келіп, онда бес жыл тұрақтапсыз. «Өз тегімді таниын, төл тарихымды білейін» деген мақсат па бұл?
– Дәл солай. Ыстанбұлда туып-өссем де, кішкене күнімнен Қазақстанды көруді армандадым. Оған қоса, қазақ тілін үйренгім келді. Тарихын тануды мақсат еттім. Сондықтан Ыстанбұлдағы мектепті бітірген соң атамекенде жоғары білім алғым келді. Түркияда тек Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дипломын қабылдайды. Сөйтіп, 2012 жылы сонда оқуға түстім. Бір жағынан қатты қуандым. Түркістан секілді киелі жерге, тарихи мекенге табаным тиді. Алдымен Алматыда емтихан тапсырып, бір-екі ай дайындық курсына дайындалдым. Сосын бір жыл Түркістанда университетте дайындық курсынан өтіп, келесі жылы оқуға қабылдандым. Жалпы айтсам, атажұртта бас-аяғы бес жыл білім алдым. Ол уақытта көп нәрсені байыбына жетіп түсінбесем де, тарихи Отанға жалғыз болсам да барамын деп шештім. Сескенбедім. «Осындай мүмкіндік туып тұр. Мен атамекенге барамын. Қалай қарайсыздар?» деп ата-анамның алдынан өттім. Ол кісілер «Жалғыз барма, балам. Бір өзіңе қиын болады» деп уайымын жасырмады. Бірақ Алматыда туыс ағамыздың тұратыны ол кісілердің көңіліне медеу болды. Десе де мен өз еліме, атажұртыма бара жатқан соң, мұның жаман жағын еш ойға алмадым. Дегенмен ата-анам уайымдаумен болды. Әлгі туыс ағам дайындық курсында оқып жүргенімде бақилық болды. Үйдегілер «Түркияға қайта ғой. Ол жақта оқыма, қауіпті болуы мүмкін. Жалғыз қалдың» деп айнытқысы келді. «Өлсем, Түркияда да өлемін ғой. Өлсем, Қазақстанда да өлемін» деп ата-анамды көндіріп, атамекенде оқуымды жалғастырдым. Қазақстанға алғаш табаным тиіп, қала ішін аралағандағы әсерді еш ұмытпаймын. Алғаш автобусқа отырғанымда іші қазаққа, өзіме ұқсайтындарға толы екенін көріп қатты таңғалғанмын. Түркияда аралас ұлттар тұрады ғой. Ал атажұртта автобуста келе жатып жан-жағымның түгелі қазақ екенін марқайып, масаттанған сәтім әлі есімде.
– Түркістандағы университетте инженер мамандығын меңгерсеңіз де, домбырамен ән шырқап, түрлі сайыста жүлдегер атаныпсыз. Домбыраны бұрыннан шерте алатын ба едіңіз әлде Түркістанға келіп үйрендіңіз бе?
– Мен атамекенге келмей тұрып та домбыра тартып жүргенмін. Бала күнімізде Түркияда қазіргідей домбыра тартуға баулитын маман болған жоқ. Әрі YouTube-қа бейнесабақтар жүктелмеген кез. Үйде әкем домбыраны көп тыңдайтын. Сол қоңыр үн санамызға жазылып қалса керек. Бала күннен ыңылдап тартып отырып, өз бетімше үйреніп алдым. Ең алғаш Нұрғиса Тілендиев атамыздың «Ата толғауы» күйін үйрендім. Бірте-бірте репертуарым молая түсті. Есейе келе домбыраны шертіп қана қоймай, ән айтқым келді. Алайда қазақша білмейтінмін. Қазақстанға қазақша «Қалайсың? Жақсы» деген сөзден басқа дым білмей келгенмін. Дегенмен Түркістанда екі-үш айдың ішінде ана тілімді тез үйреніп алдым. Қазақ тілін үйренген соң барлық өнерім шықты ғой (күліп). Кейін университет ішінде өтетін өнер сайыстарынан қалмайтын болдым. Бертін келе оқу ордасының атынан түрлі жарысқа қатыса бастадым. Ол уақытта жыл сайын шетел қазақтарының өнер фестивалі өтетін. Мен сонда іріктеліп, Астанадағы үлкен концертте екі мәрте жүлдегер атандым. Тілді тез үйренуіме, өнерге бұрынғыдан бетер жақын болуыма Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан келген қазақтардың көп үлесі тиді. Олар әнді керемет шырқайтын. Консерваторияда оқитындармен де дос болдым. Олардың әндерін алғаш естігенде жүрегім селт ете қалатын. Сосын сөзін жаттап, мен де олармен қосылып айтатын болдым.
– Түркияға каникулға барып жүріп, ондағы балаларды домбыра тартуға үйретіпсіз. Кейін өз үйіңізден үйірме ашып, ұлттық аспабымызды қайтсем үйренемін деп жүрген жастардың басын қосыпсыз.
– Иә. Каникулға барғанда той-томалақтарға жиі шығатынмын. Жасы менен кіші бір-екі досым «Домбыра шертуді бізге де үйретсеңші» деп қолқа салды. Сосын оларды үйіме шақырдым. Кейін олармен бірге он, содан соң он бес, ақырында жиырмаға жуық жас еріп келетінді шығарды. Екі жыл бойы оларға үйімде тегін сабақ беріп, бәрін нөлден бастап үйреттім. Олар қазір домбыраны жақсы шерте алады.
– Оқу бітіріп, Түркияға қайтқан соң да тойларға шығып тұрдыңыз ба?
– Иә. Мұнда келген соң үйлену тойларда беташар айтуды қолға алдым. Негізі, беташарды каникул кезінде жақын бір туысымның тойында айтқанмын. Мұны жылы қабылдаған көпшілік кейін мені тойларға беташар айтуға жиі шақыра бастады.
– Байқауымша, Түркиядағы қазақтар үйлену тойды көбіне түрік дәстүріне сай өткізеді. Сіздер жақта беташар бұрыннан өткізілетін бе еді? Әлде мұны сіз «сәнге» айналдырдыңыз ба?
– Біз жақта беташар ара-тұра өткізілетін. Алайда қарабайыр, жаттанды сөздермен қайыра салатын. «Келін келді, келінжан» дегеннен ары аспайды. Келінге қарата айтылатын сөз жоқ. Ал мен дәл Қазақстандағыдай өткізіп, келінге сәлем салғызып, әсерлі қылуға бар өнерімді ортаға саламын. Алғаш рет нағыз беташардың қалай өткізілетінін Түркістанда бір досымның үйлену тойынан көрген болатынмын. Қатты ұнап қалды. Түркияға оралған соң, тура солай істегім келді. Жарты мәтінін өзім жазамын, жартысын әндерден, термелерден кіріктіремін. Мысалы, Ақтамберді жыраудың термесіндегі «Қалың малы арзан деп жаман әйел алмаңыз» деген жерін қостым. Жуырда тек өз сөзіме жазылған беташар әнін орындамақпын.
– Нағыз беташарды тамашалаған жұртшылық алғашында таңғалған шығар?
– Иә, көбі шок болды (күліп). Тойда отырғандар «Бұл жігіт Қазақстаннан келді ме? Қай жердің қазағы екен?» деп сұрағандар да болды. Кейін мені танып-білгенде таңғалысын жасырмады. Мен қазір мамандығым бойынша HP Türkiye компаниясында жұмыс істеймін. Алайда бос уақытымды өнерге, өзгелерді өнерге баулуға арнаймын. Беташар әнін басқаларға да үйреткенмін. Домбыраны жақсы шерткенімен олардың қазақшасы жоқ. Ал акцентпен айтуға ұялады.
– Қазір тойларға жиі шығып тұрасыз ба?
– Иә, демалыс күндері шығып тұрамын. Жеке рекордым – бір күнде төрт тойға бардым. Бір күнде төрт жерге барып өнер көрсету оңай шаруа емес. Дегенмен шақырған жерден қалмауға тырысамын. Кейде бір тойға ғана барып үлгересің. Бізде жаздыгүні тойлар көбіне кемеде өткізіледі. Сол мезгілде кемеде беташар айтуға шақыратындар қатары көбейеді. Бірақ кемеге бір мінген соң шыға алмай қаласың. Теңіздің ортасында өтетіндіктен, сонда түнге дейін «қамалып» қаласың.
– Ыстанбұлда белсенді қазақ жастарының басын біріктірген Kazakder ұйымының ұйытқы болуымен домбыра курсын өткізетініңізден хабардармыз. Білгеніміздей, басында үйірмеге көптеп келген жастарға домбыра жетпеген екен...
– Екі жыл бұрын ол ұйымның негізін қалаушылардың бірі Жанымхан аға хабарласып, Ыстанбұлда домбыра үйірмесін ашқалы жатқанын айтып, сабақ беруімді өтінді. Мен басында ойланамын дедім. Ол кісі «Өзің сабақ бер, болмаса басқа маман тауып бер» деп қолқалады. Мен басқа маман іздеп көрген едім, алайда Ыстанбұлда домбыраның қыр-сырын білетін маман жоқтың қасы. Ойлана келе, домбыра үйренемін деушілерге өзім сабақ бергенім дұрыс болар деп шештім. Бастапқыда үйірмеге 15-20 адам келіп жүрді. Кейін олардың саны 40-қа жетті. Қазір WhatsApp тобымызда 85-ке жуық адам бар. Сенбі, жексенбі күндері екі сағаттай сабақ өткіземін. Кейде үш сағатқа жалғасады. Деңгейіне қарай топ-топқа бөліп оқытамын. Сіз айтқандай, басында көп қызық болды. Үйренемін деп келгендердің көбінде домбыра болмады. Қалай үйретемін деп басым қатты. Домбырасын арқалап келгендердің аспабы да оңып тұрған жоқ. Бірінікі мүлде сынық, екіншісі скотч жабыстырып алған. Үш-төртеуі алып келген домбыраның сапасы нашар болса да, үйретуге жарап тұрды. Сөйтіп, бес топқа бөліп, әр топқа бір домбырадан таратып беремін. Алдымен біреуіне бір қағысты үйретемін, ол мәдени залдың шетінде отырған қалған төртеуіне көрсетеді. Алғашқы 3-4 айда бұлай үйрету қиын болды. Бес адам бір домбырамен үйренгеннен көп нәрсе ұға қоймайды ғой. Кейін Жанымхан ағалар демеуші тауып, елден 35 домбыра алдыртты. Жаңа домбыраларды алып келген соң, ісіміз алға басты. Әр үйренушіге жеке домбыра берілді әрі оларға домбыраны аманаттап, үйлеріне алып кетуге рұқсат бердік. Себебі сабақта үйренгенді үйде қайталамаса бәрі бекер. Расында, жаңа домбыраларды қолданған соң көп оқушы жақсы нәтиже көрсете бастады. Арамыздан өнерлі қыз-жігіттер «атып» шықты. Бір өкініштісі, қазір мен оларға тек күй үйретумен шектеліп жүрмін. Ән үйренгісі келетіндер баршылық, алайда олар қазақша білмеген соң ән шырқаудан тартыншақтайды. Әмбе олар әнді акцентпен айтуға ұялады. Десе де, оларға ән айтуды бәрібір үйретемін. Білгені өздеріне жақсы. Негізі, бұл үйірменің берері көп. Әсіресе, ата-аналар «Балаларымызға жақсы болды» деп қуанады.
– Үйірмеге тек жастар ғана келе ме әлде?
– Басында жастармен ілесіп, үлкен кісілер де келіп жүрді. Кейін кейбіреуінің уақыты болмады, ал енді біреулері жастармен бірге отырып үйренгенге ұялды ма, білмеймін, екі-үш сабақтан соң келмей қойды. Олар көбіне жастардың аяқ алысына қарап ұялыңқырайтын. Қазір сабаққа келіп жүрген өзге ұлттар арасында орта жастағылар да бар.
– Ыстанбұлда домбыра үйренуге ниетті өзге ұлт өкілдері де бар ма?
– Иә, 40-45 жастағы екі қырғыз әйел домбыра тартуды бізден үйреніп жүр. Арамызда ұйғыр жас балалар да бар. Сонымен қоса, төрт түрік қыз-жігіті бар.
– Олар үйірме туралы өзгелерден естіп келе ме сонда?
– Біле білсеңіз, домбыра аспабы Түркияда танымал. Сайлау кезінде Dombra әні Ақ партияның ұраны ретінде танылды. Көбі әнге, сосын осы аспапқа қызыға бастады. Оған қоса, қазір танымалдығы артып келе жатқан Turan этно-фольк ансамблі мұнда жиі келіп концерт қояды. Жанкүйерлер олардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан керемет туындыларды көп рет тыңдап жүреді. Ондағы домбыраның қоңыр үніне елітіп, ол аспапта ойнағысы келеді. Сондықтан Түркияда домбыраны үйренуге қызығатындар саны көп.
Мен атамекеніме өнер, білім қуалап барғаныма өкінбеймін. Тарихымды тани түстім, төл тілімді үйрендім. Әрі болашақ жарымды кездестірдім. Жарым – Қарағандының қызы. Бүгінде екеуіміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Қызым менімен бірге домбыра үйірмесіне барып жүр. Олар тілін, ділін, ұлттық мәдениетін жетік білетін азамат болып өссе екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ