UAE SWAT Challenge: Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске қол жеткізді

/
UAE SWAT Challenge: Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске қол жеткізді

Қазақстан командалары бес күн бойы Дубай қаласында өткен әлемнің үздік арнайы жасақтары арасындағы беделді додада ел намысын абыроймен қорғап, жарысты айқын жеңіспен аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

UAE SWAT Challenge – тактикалық операциялар, ғимарат пен мұнараны басып алу, кепілге алынғандарды және офицерлерді құтқару, сондай-ақ кешенді кедергілер жолағынан өту секілді бес күрделі кезеңнен тұратын халықаралық жарыс. Бұл сын алаңында тек күш емес, темірдей тәртіп, мінсіз үйлесім және стратегиялық ойлау шешуші рөл атқарды.

Турнир қорытындысы бойынша “Kazakhstan C” құрамасы 2026 жылғы сайыстың жеңімпазы атанды. Команда барлық кезеңде тұрақты нәтиже көрсетіп, кәсібиліктің жоғары деңгейін дәлелдеді. “Kazakhstan А” командасы да ел үмітін ақтап, әлемдік турнирдің екінші орнын иеленді. Ал соңғы кезеңде “Kazakhstan В” командасы жарқын өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Осылайша, қазақстандық құрамалар жарыстың барлық кезеңінде ең мықты қарсыластарына да басымдық бермей, табандылық пен шеберліктің үлгісін көрсетті.

Бес команда да теңдессіз дене дайындығын, мүлтіксіз командалық үйлесімділік пен жауынгерлік рухты паш етті. Олар әр тапсырмада секундпен жарысып қана қоймай, нақты операциялық жағдайларға барынша жақын сценарийлерде кәсіби шеберлігін танытты.

Қазақстан құрамасының сапында бір тудың астына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның (Бүркіт) арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің үздік жауынгерлері бірікті. Әртүрлі құрылымдардың тәжірибесі мен машығы бір арнаға тоғысып, біртұтас күшке айналды. Бұл бірлік халықаралық аренада өз нәтижесін берді.

Турнирдің жарқын беттерінің бірі — “Tomiris” қыздар құрамасы болды. Олар әлем жанкүйерлерінің ерекше ықыласына бөленді. Әр кезеңде әйелдер командалары арасында озық шығып, жалпы есепте ондаған ерлер құрамаларын артта қалдырды. “Tomiris” командасы тек жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, қазақстандық әйел жауынгерлердің кәсіби деңгейін, батылдығы мен табандылығын әлемге танытты. Олардың өнері халықаралық жарыс тарихындағы ерекше оқиғаға айналды.

Бес күндік дода Қазақстан арнайы бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен халықаралық стандарттарға сай дайындық деңгейін айқын көрсетті. Бұл жеңіс — жекелеген командалардың ғана емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық күштік құрылымдардың ортақ жетістігі болды.

Дубайдағы бұл тарихи турнир Қазақстанның арнайы жасақтары әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.  

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары