Фобиясы бар адамдарға қатысты тың дерек мәлім болды

Фобиясы бар адамдар қорқынышты объектілерге назарын ұзақ тоқтатып, олардан алыстау кезінде кешігіп, шешім қабылдау жылдамдығы баяулайды. Бұл туралы Attention, Perception, & Psychophysics журналында жарияланған жаңа зерттеуде айтылған.
Фобия – белгілі бір заттан, жағдайдан немесе әрекеттен қорқу. Мұндай адамдар өз қорқыныштарынан барынша қашқақтайды, тіпті қауіп мүлде болмаған жағдайда да. Ең көп таралған фобияларға өрмекшілерден (арахнофобия), биіктіктен (акрофобия) және тар кеңістіктерден (клаустрофобия) қорқу жатады. Сонымен қатар, әлеуметтік фобия да кең таралған – бұл қоғамдық ортада ұятқа қалудан немесе сынға ұшыраудан қорқу.
Ғалымдар көз қозғалысын бақылау (eye-tracking) әдісі арқылы зерттеу жүргізіп, фобиясы бар адамдарда назар аударуды реттеу әлсіз дамығанын анықтады. Олар қорқынышты немесе тіпті бейтарап бейнелерден назарын басқа жаққа аударуда қиындық көріп, шешім қабылдауда баяу әрекет еткен.
"Фобиясы бар адамдар көз қозғалысын тез өзгертуде қиындыққа тап болады. Олар қорқынышты бейнені көргенде, қарапайым тапсырмаға жауап беруде де көп уақыт жұмсайды," – деп жазды зерттеу авторлары.
Мұндай назар аудару ерекшелігі "назар аудару бұрмалануы" (attention bias) деп аталады және бұл фобиямен байланысты мазасыздықтың артуына ықпал етуі мүмкін. Яғни, фобиясы бар адамдар ықтимал қауіпке ерекше назар аударады және одан назарын басқа жаққа бұруда қиындыққа ұшырайды.
Зерттеушілердің айтуынша, тәжірибеге қатысушылар қандай объектілермен бетпе-бет келетінін алдын ала білген. Егер олар күтпеген қауіп төндіретін бейнелерді көргенде, нәтиже басқаша болуы мүмкін еді.
"Eye Tracking Analysis of Attentional Disengagement in Phobic and Non-Phobic Individuals" атты зерттеуді Кристина Саалвирт, Максимилиан Штефани, Мариан Заутер және Вольфганг Мак жүргізді.