Трамп Гренландияға көз тікті...

Климаттың өзгеруі Гренландияның экономика­лық және саяси жағдайына да әсер етеді. Дегенмен басқа елдер одан пайда көріп қалуға ұмтылуы да таң­ғаларлық жайт емес. Мұздың еруі жаңа теңіз жолдарының ашылуына ықпал етіп, Солтүстік теңіз жолы мен Трансарктикалық бағытты одан әрі дамытады.

Трамп Гренландияға көз тікті...
сурет: BBC
492

АҚШ Президенті Дональд Трамп Гренландияны сатып алуға ниетті. Сатып ала алмаса, тартып алудан да тайынбайтынын ашық жеткізді. Тіпті, күш қолдануға дайын екенін жоққа шығарған жоқ. Ал Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Еуропа елдерінен қолдау сұрап, қауіпсіздікке қосымша 2 миллиард доллар бөлінетіні туралы мәлімдеді. Тіпті, әскер қою мәселесі де қаралған, алайда Еуропа Трампқа тікелей қарсы шығудан тартынып отыр.
Сонымен, Трамп мұзды өлкеге неге көз тікті? Ел халқы бұл туралы не ойлайды?

Трамптың «жабылмаған гештальты»

Дональд Трамп сайлана сала орындалмаған арман-мақсатын есіне түсіріп, Гренландияны АҚШ иелігіне алу туралы сөз қозғай бастады. Бұған дейінгі бірінші сайланымында да осы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. 
Дания аралдың сатылмайтынын айтып, өз пози­циясын анық білдіргенімен, Трамп АҚШ-тың Грен­ландияға иелік етуін «абсолютті қажеттілік» деп ба­ғалап отыр. Тіпті, арал халқының қалағаны да сол екенін айтып мәлімдеме жасады. Қаңтарда өткен баспасөз мәслихатында «Гренландияны немесе Па­нама каналын «әскери немесе экономикалық қы­сым­мен» алу жоспарда бар ма?» деген сұраққа Трамп: «Жоқ, мен екеуінің бірін де жоққа шығара алмаймын, дегенмен мен мынаны анық айта аламын: олар бізге экономикалық қауіпсіздік үшін қажет», – деп жауап берді.
Дат телеарнасына берген сұхбатында Трамптың мә­лімдемелеріне пікір білдірген Дания премьер-министрі Метте Фредериксен АҚШ-ты «Данияның ең маңызды және жақын одақтасы» деп атап, Вашингтон Гренландияны бақылауға алу үшін әскери немесе экономикалық күш қолданбайтынына сенетінін айтты.  
Фредериксен АҚШ-тың Арктикаға деген қы­зығушылығының артуын оң қабыл­дай­тынын тағы да атап өтті, бірақ бұл «Гренландия хал­­қын құрметтей отырып жүзеге асырылуы тиіс» деді. «Сонымен қатар бұл Дания мен АҚШ-тың, оның ішін­де НАТО аясындағы ынтымақтастығын жал­ғас­тыруына мүмкіндік беретіндей жасалуы қажет», – деп қосты ол.
Осылайша, Трамп Гренландияны иелену АҚШ қауіп­сіздігі үшін маңызды деп мәлімдеді, бірақ «ол Гренландияның табиғи ресурстарына, со­ның ішінде сирек кездесетін пайдалы қазбаларына қызығу­шы­лық танытуы мүмкін» деген сарапшы­лар­дың пікірін бү­кіл әлемдегі алпауыт ақпарат көздері  жа­рыса жа­зып жатыр. Сондай-ақ климат дағдары­сының әсе­рінен артып келе жатқан аумақтың тран­зиттік әлеуе­ті де Трамп ниетінің негізі болуы ықти­мал. Осы­лайша, Арктика аймағында орналасқан арал гео­саяси бәсекелестіктің маңызды нүктесіне айна­­лып келеді.

Байлығы да баршылық

Гренландия – әлемдегі ең үлкен арал. Трамптың Грен­ландияны сатып алуға деген қызығушылығы жайдан-жай емес: бұл аймақ табиғи ресурстарға бай, сон­дай-ақ мұздықтардың еруі мен жаңа теңіз жол­дарының ашылуы әлемдік экономикалық және әскери балансқа зор ықпал етеді.
Арал геосаяси тұрғыдан да ерекше рөл атқарады. АҚШ үшін бұл арал Солтүстік Атлантикадағы маңыз­ды аумақ саналады, себебі ол Еуропа мен Сол­түстік Америка арасындағы әуе және теңіз жолдарын ба­қылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Грен­лан­дияның солтүстік бөлігіндегі әскери базалар Арк­тикадағы Ресейдің ықпалына қарсы тұру үшін стратегиялық маңызға ие.
Гренландия қойнауында сирек кездесетін қазба байлықтардың, уран, мұнай және табиғи газдың ора­сан қоры бар. Бұл минералдар заманауи техно­ло­гиялар, телекоммуникация және энергетика сала­ларында ерекше маңызға ие. Әсіресе, неодиум, дисп­розий және тербий технология өндірісінде өте құнды. Олар смартфон, электромобиль, жел гене­ра­торы мен әскери жабдық әзірлеуде қолданылады. Қа­зір елдің көптеген пайдалы қазбасы Қытайға экс­портталады, бұл АҚШ сияқты елдерді өз бақы­лауын күшейтуге итермелейді.
Дания билігі 2021 жылы Гренландияда мұнай өн­­діруге тыйым салды, алайда АҚШ бұл аймақтың энер­гетикалық әлеуетін де пайдалануға мүдделі. Себебі болашақта көмірсутек қорларына сұраныс сақ­талатыны анық. Егер мұнай және газ өндірісі қай­та басталса, Гренландия әлемдік энергетикалық нарық­та маңызды ойыншыға айналуы мүмкін.

Мұздықтар ерісе, мұхитқа жол ашылмақ

Сонымен қатар бұл аймақ ерекше табиғатымен, теңіз сүтқоректілерімен және экожүйесімен таңғал­дыра­ды. Дегенмен климаттың өзгеруінен Гренлан­дияның мұз қабаты қарқынды түрде еріп барады. Егер аралдағы мұз толығымен еріп кетсе, теңіз деңгейі 7,4 метрге көтеріледі, бұл әлемдегі жағалауда орналасқан қалалар мен елдер үшін үлкен қауіп төндіреді. Зерттеулер көрсеткендей, 1992 жылдан бері Гренландия жыл сайын 182 миллиард тонна мұз жоғалтқан, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 489 миллиард тоннаға жетті. Guardian басылымының мәліметінше, мұздықтар 2030 жылға қарай толықтай еруі ықтимал. 
Климаттың өзгеруі Гренландияның экономика­лық және саяси жағдайына да әсер етеді. Дегенмен басқа елдер одан пайда көріп қалуға ұмтылуы да таң­ғаларлық жайт емес. Мұздың еруі жаңа теңіз жолдарының ашылуына ықпал етіп, Солтүстік теңіз жолы мен Трансарктикалық бағытты одан әрі дамытады. Мұндай жағдайда, Солтүстік полюсте жаңа транзиттік жолдар пайда болып, АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа елдерінің ресурстарға қол жеткізуін, жүк тасымалын біршама оңайлатады әрі арзанырақ, эко­номикалық тұрғыдан тиімдірек етеді. Бұл өз кезе­гінде АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы эко­номикалық бәсекелестікті күшейтеді. 

Талас пен тартыс

Осылайша, Гренландияның географиялық орны елдің өзіне үлкен қауіп, өзгелерге зор мүмкіндік әкелуі мүмкін. Арктика аймағындағы жаңа сауда жолдарының ашылуы АҚШ-тың бұл аймақта өз ықпалын арттыруына жол ашады, себебі онда америкалық әскери база орналасқан. Сонымен қатар аралдың табиғи ресурстары мен логистикалық мүмкіндіктері стратегиялық тұрғыдан өте құнды.
2018 жылы Қытай билігі Гренландияда бірнеше инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды ұсынды, соның ішінде әуежай құрылысы мен пай­да­лы қазбалар өндіру жобалары бар. Алайда АҚШ пен Дания бұл қадамдарды Гренландиядағы Қытай ықпалын күшейтуге бағытталған стратегия­лық әрекет ретінде бағалады.
Euronews мәліметінше, Трамптың Гренлан­дия­ны сатып алу туралы ұсынысы Еуропа көш­бас­шыларын айтарлықтай алаңдатқан. Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Еуропаның үш елінен қолдау сұрап, Арктика қауіпсіздігіне қосымша 2 миллиард доллар бөлген. Кей шенеуніктер Гренландияға еуропалық әскерлерді орналастыру мәселесін де ұсыныпты, алайда Еуропа Трампқа тікелей қарсы шығудан тартынып отыр.
Ал гренландиялықтар әлем елдерінің аралға деген қызығушылығы халықтың мүддесінен жоғары екенін сезінеді. Елде тәуелсіздік алу мәселесі де қа­рас­тырылып жатыр. Гренландия үкіметі авто­но­мия­сын кеңейтуге тырысып, экономикасын әртарап­тан­дыруға күш салуда. Данияның қаржылық қолдауына қара­мастан, Гренландия толық тәуелсіздікке ұмты­ла­ды, алайда экономикалық және саяси жағдай оған кедергі болуы мүмкін.

Трамптың Гренландияға көз тігуі – АҚШ-тың геосаяси және экономикалық мүддесін көрсететін айқын мысал. Алдағы уақытта бұл аймаққа байланысты геосаяси шиеленіс одан әрі күшейе түсуі мүмкін. Одан бөлек, Қытай, Ресей және Еуроодақ бұл өңірде өз ықпалын арттыруға тырысуы да ғажап емес. Осылайша, климаттағы өзгерістер, табиғи ресурстарға деген сұраныстың артуы және Арктикадағы жаңа сауда жолдарының пайда болуы Гренландияны халықаралық 
саяси ойындардың басты нысанына айналдырып отыр.

Серіктес жаңалықтары