3 желтоқсан күні сағат 17:30-да Шетпе – Ақтау бағытындағы трассада жеңіл көліктер тиелген автовоз аударылып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда қырғыз нөмірлі тіркелген аударылған автовоз және бүлінген бірнеше жеңіл көлік көрінеді.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, Қырғызстаннан Ақтауға бағыт алған DAF маркалы жүк көлігі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылған.
Тягачта болған сегіз жеңіл көліктің барлығы зақымданған.
Автовоз жүргізушісі зардап шекпеген. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша (Көлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы, адамдардың денсаулығына зиян келтіруіне, көлік құралдарына немесе басқа мүлікке залал келтіруіне әкеп соққан) әкімшілік хаттама толтырылған, – деп хабарлады полиция.
Аталған бап бойынша жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, бұл — 78 640 теңге.