«Тірісінде табанын жерге тигізбедің»: Сәкен Майғазиев өмірден өткен ағасын еске алды

Әнші марқұм ағасы туралы жазба қалдырды.

«Тірісінде табанын жерге тигізбедің»: Сәкен Майғазиев өмірден өткен ағасын еске алды
сурет ашық дереккөзден алынды
430

Танымал әнші Сәкен Майғазиев әнсапарда жүріп ағасының қазасына бара алмағанын айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Музарт» тобының солисті Сәкен Майғазиев тірісінде туған ағасын талай жерге апарып емдеткенін, алайда дерті дауа бермегін айтып, есіне алды.

«Атам мен әжемді де, Майғазы атамнан тараған төрт ұлдың да көзін көрдім. Марқұм Қордабай әкемнің Қорғанбай, Тельман, Бегман атты інілері де бақилық болғалы біраз жыл өтті. Бірнеше жыл бұрын әкеміздің туған інісі Тельман ағамның дендеген дертін емдеуге Алматыға алдырдық. Шама-шарқымызға қарай шапқыладық. Мен ән сапарда жүргенімде туған інім Тәкен арқасына салып жүріп ауруханадан ауруханаға тасыды. Дәрігерлер де барын салды. Уақыт өте ем-домын елде жалғастыратын болып ауылға аттанды. Бірақ беті бері бұрылмады. Оңалып қалар деген ой да жоқ емес.

Біз «МузАРТ» тобымен 20 күндік әнсапарға кеттік. Ағамның ахуалын сұрап ауылға күнде хабарласам. Төсек тартып жатқан Тельман ағамның хәлі төмендей берді. Құдіреті күшті ҚҰДАЙдың қауқарсыз құлының қолынан не келеді, Көкшетауға келгенде Тельман ағамның қайтыс болғаны туралы хабар келді. Ауылға кетуім керек деп шештім. Анама хабарласқанымда: «Балам, ақ қар, көк мұз, жол тайғақта Көкшетаудан Астанаға көлікпен, Астанадан Шымкентке ұшақпен, Шымқаладан Созаққа, сосын Тастыға тартпақсың... Мені уайымнан өлсін демесең әнсапарыңды жалғастыр, жеңешең де жөні сол деп отыр. Тірісінде табанын жерге тигізбедіңдер, разымыз. Халықтан үлкен емессің, концертіңді жалғастыра бер, батамызды береміз...», деді», - деді Сәкен Майғазиев.

Алайда, ол ағасын соңғы сапарға шығарып сала алмағанын айтты.

Жылап-сықтап болған соң үш арсыз (ұйқы, күлкі, тамақ) өзінің дегенін жасай бастады. Кешкі концертте нар көтере алмайтын жүкті көтеріп тұрғанымды бірде-бір көрерменге көрсетпедім. «Өнер жолы - ауыр жол», деп неге айтады екен, барлық саланың өз қиындығы бар емес пе?» - дейтін мен, ауырлықты сол сәтте сезінгендей болдым. Бауырларымыз бүтін болсын. Жақынданыңыз жандарыңыздан табылсын. Жұма мүбәрәк, жақсыларым», - деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.

Серіктес жаңалықтары