«Тәртіпті өзіңнен баста!»: Қызылордада оқушыларға парақорлықпен күрестің маңызы түсіндірілді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаменті Білім басқармасымен бірлесіп, «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы аясында Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырды.
Кездесуде Департаменттің превенция басқармасы басшысының орынбасары Ж.Жүсіпәлиев оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғамның дамуына кедергі келтіретін ең үлкен проблемалардың бірі екенін түсіндіріп, оның алдын алу қажеттілігін атап өтті, ойланбай жасалатын әрекеттерден аулақ болуға және заңға қайшы келетін әрекеттерді жасамауға шақырды.
Өз кезегінде, Департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі А.Тохты өзінің тәжірибесімен бөліссе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер Ж.Тұсмағамбетов жемқорлықтың зиянды әсерлері, оның қоғамдағы теріс салдары, парақорлықпен күрестің маңызы, адалдық пен әділдік принциптері, сондай-ақ жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру қажеттілігі туралы айтты. Сонымен қатар, оқушыларды «Адал ұрпақ» клубына қатысуға шақырып, жемқорлыққа қарсы іс-шараларға белсенді атсалысуға ынталандырды.
Кездесу соңында оқушылардың сұрақтарына жауап беріліп, тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.