Мектеп асханасында жалған медициналық құжатпен жұмыс істегендер сотталды
Олар медициналық қорытындыны 5000 теңгеге сатып алған.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Бесшоқы ауылындағы мектеп асханасында тиісті медициналық тексерістен өтпей, жалған медициналық қорытынды сатып алып, жұмыс істеген адамдар жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар сотта медициналық қорытындыны 5000 теңгеге сатып алғандарын айтқан. Жалған құжатта олардың флюорографияға түскені, дерматологиялық, бактериологиялық тексерістен өткені көрсетілген.
«4 адамға қатысты үкім желтоқсанда шықты. Біреуіне 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, қалғандарына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енді», - деді Мұнайлы аудандық соты әкімшілігінің басшысы Ерсін Қазиев.
Яғни сотталушылардың біріне 148 мың теңге, үшеуіне 74 мың теңге айыппұл салынған.
Айта кетейік, бұл оқиға өткен жылы 6 қыркүйекте болған. Түскі ас ішкеннен кейін оқушылар ауырып, медициналық көмекке жүгінген. Нәтижесінде 460 оқушы ауруханаға жатқызылып, бәріне «уланған» деген диагноз қойылған болатын.