Бағамды ұстап тұру ұшпаққа шығармайды
Жыл басынан бері теңге бағамы тағы бірнеше рет құбылды. Доллар құны 530 теңгеден асып, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Банк пен Үкімет валюта саясатына қатысты тәсілдерді қайта қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте, ел арасында валюта бағамын қолдан реттеу туралы пікір жиі айтыла бастады. Мұндай валюта саясат жүргізуде тәжірибеміз бар: 2015 жылғы тамызға дейін бағамды белгілі бір деңгейде қолдан белгілеп отырдық. Оған қоса, әлі күнге дейін осындай саясат жүргізіп отырған мемлекеттер де жоқ емес. Сонымен, неліктен доллардың құнын «бекітіп», қайтадан бір қалыпта ұстап тұрмаймыз? Неліктен бір доллар бір теңгеге тең емес?
Сын-қатер сейіле қойған жоқ
Ұлттық Банктің мәліметіне сүйенсек, өткен айдың қорытындысы бойынша бір АҚШ доллары 525,10 теңгеге дейін жетіп, 2,5 пайызға әлсіреді.
Әлемдегі ахуалға қарайтын болсақ, АҚШ долларының күшеюі дамушы елдердің басқа валюталарына да айтарлықтай қысым түсірді. АҚШ долларының индексі 108 тармаққа жетті – бұл кейінгі екі жылдағы максимум.
– Осы жағдайдың өзі инвесторлардың америкалық валютаға деген қызығушылығы өскенін көрсетеді, ал ол бүкіл әлемдегі ұлттық валюталардың позициясына кері әсер етеді, – деп мәлімдеді реттеуші.
Демек, теңге құнына қысым түсірген ішкі-сыртқы факторлардың әсері әлі сейілген жоқ. Тұрақсыздық тудыратын ауытқулардың алдын алып, теңге бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеу үшін Ұлттық Банк желтоқсанда валюта интервенцияларын жүргізді. Айдың қорытындысы бойынша сатылған валюта көлемі – 307,6 млн АҚШ доллары.
Одан бөлек, осы аптада Ұлттық Банк қолма-қол шетел валютасын сатып алу мен сату бағамдарының айырмашылығын шектейтін қаулы жобасын әзірледі. Оған сәйкес, айырбастау пункттері АҚШ долларына 7 теңгеден артық, Еуроға 10 теңгеден артық үстеме қоспауы керек.
– Ұсынылған өзгерістер, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді төмендетуге, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілтуге бағытталған, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк.
Осындай жанама түрде қабылданатын шаралар болмаса, реттеуші валюта нарығына тікелей араласа алмайды. Тек шамадан тыс құбылуды басып, ауытқуларды реттеу үшін интервенция жүргізеді, қосымша құралдарға жүгінеді. Өйткені 2015 жылғы тамызда біз теңгені еркін айдынға жіберіп, бағытымызда басқа саясатқа бұрған болатынбыз. Бұл саясат бойынша, теңге бағамын нарық өзі анықтайды.
Яғни, доллардың бір айдан кейін, тіпті ертең қанша теңге болатынын, қалай өзгеретінін ешкім де нақты болжап біле алмайды. Оны ешкім де –Президент те, Ұлттық Банк те, Үкімет те бекітпейді, ұстап тұрмайды, өзгертпейді.
«Бағамды қолдан ұстап тұру – қауіпті»
Теңге бағамы күрт құбылған кезде валюта саясатына қатысты сұрақ көбейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Банк пен Үкімет валюта саясатына қатысты тәсілдерді қайта қарастырып жатқанын мәлімдеді. Қазіргі қабылданып жатқан шаралардан қайыр болмаса, басқа саясатқа көшу қажет емес пе деген сұрақ та төтесінен қойылды.
Мәселен, былтыр жыл аяғында Сенат депутаттары доллар бағамы Қазақстан экономикасының негізгі макрокөрсеткіштерінің бірі екенін және әлеуметтік маңызы бар екенін алға тарта келе, жағдай тұрақсыз болса, валюта саясатын өзгерту қажет деп сұраған болатын. Сенатор Сергей Карплюктің бұл сұрағына Тимур Сүлейменов 2015 жылдан бастап Қазақстанның нарықтық валюта бағамына көшкенін негізге алып жауап берді.
– Бұл дегеніміз – біз қандай да бір валютаға немесе оның бағамына тәуелді емеспіз. Бағамды нарықтағы жағдай анықтайды. Мысалы, доллардың ұсынысы экспорттың валюталық кірісті сататын нарық қатысушыларының әрекетіне байланысты болады. Ал валютаны қажет ететіндер, мысалы, инвестициялық жобаларды іске асырып жатқандар немесе басқа да мақсаттары барлар, биржада сұраныс жасайды. Осылайша, валюта бағамы ешқандай мемлекеттік реттеусіз қалыптасады, – деп түсіндірді ол.
Осы мәселеге қатысты сұраққа реттеуші төрағасының кеңесшісі Сәбит Хакімжанов та жауап берген болатын.
– Айырбас бағамы – нарық қалыптастыратын баға. Экспорттаушылар валютаны нарыққа әкеледі, импорттаушылар оны сатып алады, шетел инвесторлары экономикамызға ақша салады, ал пайдасын қайта алып кетеді. Біздің инвесторларымыз – негізінен Ұлттық қор мен зейнетақы қоры, дәл осылай, бірақ керісінше әрекет етеді: қаржы ағындары басқа бағытта жүреді. Валюта бағамы нарық қатысушылары өздері анықтайтын тепе-тең баға ретінде қалыптасады. Біз бұл процеске араласпаймыз. Сегіз жыл бұрын біз еркін өзгермелі валюта бағамына көшу туралы шешім қабылдадық және осы бағытты ұстанып келеміз, – деп түсіндірген еді Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі Сәбит Хакімжанов Zakon.kz-ке берген сұхбатында.
Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, теңгенің бағамын қолдан бекіту, тіпті қауіпті. Бұл саясаттан біз кезінде саналы түрде бас тарттық. Осыған байланысты ол реттеушінің нақты ұстанымын ашып айтып, себебін түсіндірді.
– 2015 жылға дейін біз бағамды қолдан бекітіп келдік. Бірақ біздің экономикалық моделімізге бұл жүйе тиімсіз. Себебі біз мұнай бағасына тәуелдіміз, ал оның тұрақсыздығы экономиканың теңгерімсіздігіне әкеледі. Бұл теңгерімсіздік бір-ақ сәтте күрт девальвацияға ұшыратады. Мысалы, 2014-2015 жылдары тұрақсыздықтың өскені соншалық – мемлекет теңгені қорғау үшін 30 миллиард доллардан астам резерв жұмсады. Бірақ сол уақытта бұл бағам ешқандай экономикалық немесе нарықтық көрсеткіштерге сәйкес келмейтіні белгілі болды. Осы тәжірибеге сүйене отырып, біз бағамды қолдан бекітіп ұстап тұру ашық нарықтық экономикаға қауіпті екенін түсіндік. Мұндай саясат міндетті түрде девальвацияға алып келеді. Сондықтан қазір сарапшылардың кейбірі айтып жүрген бекітілген бағам саясатына оралу туралы ұсынысты біз қолдамаймыз, – деді Тимур Сүлейменов.
Бағамды қолдан бекітудің тағы бір қаупі – ол елдің экономикалық тәуелсіздігін шектейді. Егер валюта бағамы белгілі бір шетел валютасына байланған болса, мемлекет сол курсты ұстап тұруға міндетті болады. Бұл өз кезегінде долларлануға әкеледі: адамдар және компаниялар әлсіз ұлттық валютада емес, тұрақты шетел валютасында активтерін сақтауға ұмтылады.
– Нәтижесінде, экономика, банктер және ірі корпорациялар өздерінің ішкі шешімдеріне емес, шетелдік валютаның, яғни АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің ақша-кредит саясатына сүйенуге мәжбүр болады. Бұл –қауіпті, өйткені өзіңнің ақша-кредит саясатыңды басқа елдің шешімдеріне тәуелді ету дұрыс емес, – деді Ұлттық Банк төрағасы.
Демек, бағамды қайтадан қолдан ұстап тұратын саясатқа көшу мәселесін реттеуші қолдап отырған жоқ. Олардың түсіндіруінше, «мұндай саясат сырт көзге жағымды көрінеді, себебі бағаны қолдан реттеу тек тұрақтылық орнаған сияқты әсер береді. Бірақ шын мәнінде, асыра бағаланған курс тұрақтылыққа кері әсер етеді: ол тұтынуды, әсіресе импортты арттырады, бірақ экономиканың дамуын тежейді. Бұл елдегі индустрияны құлдыратады, экономиканың құлшынысын жоғалтуына, яғни банкротқа ұшырауға итермелейді».
«Бұл саясаттан еліміздің жоғалтқаны көп»
Есептейтін болсақ, 2015 жылғы тамызға дейін теңге құнын ұстап тұру үшін Ұлттық қор мен валюта резервтерімізден 30 миллиардтан астам қаржат жұмсаған екенбіз. Яғни, теңгені 140-150 теңге деңгейінде ұстап тұру үшін қордан қыруар қаражатты саттық, тіпті желге ұшырдық десе де болады. Ал бұл уақытша пайда ғана әкелді.
2014-2015 жылдарға қайтадан ойша оралып, валюта бағамын басқару қандай нәтиже бергенін еске түсіріп көрейік. Бұл кезеңдерді Сәбит Хакімжанов былай сипаттайды:
– Сол уақытта біздің экспорттың бағасы күрт төмендеді: мұнай екі есе арзандады, металдардың бағасы да құлдырады. Валюта нарығына түсетін түсім азайып, ағымдағы шоттан айтарлықтай үлкен дефицит байқалды. Осылайша, еліміз шамадан тыс шығынданып жатқаны белгілі болды. Ал бұған дейін біз қарқынды түрде дамыдық, бірақ мемлекет шығыны кірістен де жылдамырақ өсті. Шығынды қысқарту табысты көбейтуден әлдеқайда қиын болып шықты. Экономикалық тұрғыдан да, саяси жағынан да. Негізінен, адамдар табыстың өсуін өз жетістігі деп есептейді, ал азаюын Үкіметтің кінәсі деп қабылдайды. Сол себепті біз доллардағы табыстың жоғары деңгейін сақтап тұрғандай көрінуге тырысып, бағамды ары қарай қолдан ұстап тұрдық және сол үшін резервтер мен Ұлттық қордан валюта саттық, – дейді ол.
Төраға кеңесшісінің сөзінше, бұл саясаттан еліміздің жоғалтқаны көп. Барлық жағынан: резервтердің азайғанынан бастап экономика шығындарына дейін...
– Жалпы, бұл саясаттан еліміздің жоғалтқаны көп. Ең алдымен, экономикалық шығындарды меңзеп отырмын, олар қаржылық шығындардан әлдеқайда көп. Нақтырақ айтсам, экономиканың нақты секторы үлкен шығынға ұшырады. Егер бағам мұнай бағасының төмендеуіне жайлап әрі уақытылы бейімделгенде, шығын әлдеқайда аз болар еді. Еркін валюта бағамын ұстансақ, теңге рубль сияқты 2014 жылғы қараша-желтоқсанда-ақ әлсірей бастаған болар еді. Ол кезде рубль де теңгемен қатар жүрді, өйткені екеуі бірдей факторларға тәуелді болып, ұқсас фиксалдық саясатқа негізделді. Бірақ біз 9 ай бойы резервтерді шашып, тұтынуды арттырып, жергілікті өндірушілерді қысымға алып, экономиканың бейімделуін тежедік. Ставкаларды 100 пайыздан асырып, несие беру мен төлем жүйесін толығымен тоқтаттық. Мұның бәрі әл-ауқатымызды жақсы етіп көрсету үшін ғана жасалды, – дейді ол.
Бағамды қолдан ұстап тұрудың пайдасыз әрі тым қымбат екені сол кезде-ақ белгілі болған. Себебі Қазақстан мұндай жағдайдан өткен бірінші ел емес.
– Біз халыққа еркін өзгермелі валюта бағамы мен жалған тұрақтылықты ажыратуды түсіндіруіміз керек. Әртүрлі бекітілген бағам түрлері – коридорлар, байланған бағамдар, валюта себеттері, интервенциялар – тек бос уәде. Біз бәріміз тұрақтылықты қалаймыз, сондықтан оны уәде еткен кез келген адамға сенуге бейімбіз. Бірақ мына нәрсені түсіну қажет: ондай уәделердің сырты жылтырап тұрғанымен, іші – бос, – дейді Сәбит Хакімжанов.
Яғни, валюта манипуляциялары мемлекеттің экономикаға араласуының кез келген түрі сияқты жұмыс істейді: олар белгілі бір экономикалық мақсаттарға қол жеткізуге қызмет ете алады, бірақ экономиканың ресурстарын тиімді пайдалануға кедергі келтіріп, оларды басқа бағытқа бұрып жіберуі мүмкін. Егер резервтер таусылса, валюта бағамын ұстап тұру қиынға соғады. «Валюта бағамы – нарықтағы баға, ал нарықтағы бағаны бақылауға тырысу ешқашан жақсылыққа апармаған. Бұл – дүние жүзі тарихынан белгілі жайт және бұған Қазақстанның өз тәжірибесі де дәлел бола алады».
Басқа елдер неге бас тартпайды?
Сын-қатері көп екеніне қарамастан, мұндай саясат ұстанатын елдер әлі де бар. Бұл – мұнай экспорттаушыларға да, экономикасы әртараптандырылған елдерге де тән құбылыс. Мысалы, Әзербайжан манатты тұрақты деңгейде ұстап отыр. Дегенмен бұл девальвация қаупі жоқ дегенді білдірмейді. Сауд риялы АҚШ долларына байланысты бағаланады. Мұнай бағасы әлемдік нарықта АҚШ долларымен белгіленеді, сондықтан ұлттық валютаны долларға байлау арқылы Сауд Арабиясы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, сыртқы саудада артықшылыққа ие болады. Сол сияқты Біріккен Араб Әмірліктері де дирхамды АҚШ долларына «байлап қойған». Тұрақты бағам саясаты олардың экономикасына қолайлы. Салыстырмалы түрде алсақ, экономикасы әртараптандырылған, профицитке ие елдер бағамды әлдеқайда сәтті ұстап тұра алады. Мысалы, Дания өзінің кронасын еуроға байланысты бекітті.
Демек, әлі де болса бас тартпаған елдерге бекітілген бағам саясаты белгілі бір деңгейде тиімді болуы мүмкін. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, мұндай елдер бұл саясаттың ұзақ мерзімде тиімді болатынына күмәнмен қарайды. Көптеген ел икемді шараларды енгізіп, бекітілген және өзгермелі бағамдардың элементтерін үйлестіруге тырысып жатыр. Өйткені экономикалық жағдай өзгерсе, оған валюта саясаты да бейімделуі қажет. Бұл – елдің ұлттық мүддесін сақтау және жаһандық экономикалық сын-қатерге қарсы тұрудағы маңызды қадам.
Андрей Чеботарев, экономист:
Барынша болжауға келетін валюта саясаты қажет
– Бағамды қолдан ұстап тұратын елдер – негізінен өте бай, үлкен ұлттық қоры бар елдер немесе өте жабық елдер. Өйткені экономика неғұрлым үлкен әрі ашық, ал резерв аз болған сайын бекітілген бағам саясатын ұстану мүмкін емес. Арқа сүйейтін ештеңе жоқ, құлдырау кезінде ұстанатын тіреу болмайды. Сол себепті мұндай саясатты мұнайға бай Парсы шығанағындағы елдер ұстанады. Ал біз үшін бағамды қолдан ұстап тұру – тиімсіз саясат. Мұны барлығы жақсы түсінеді.
Негізінде, мәселе бағамды белгілі бір деңгейде ұстап тұруда емес, мәселе – барынша болжауға келетін валюта саясаты қажет екенінде. Ұлттық Банк сұраныс жағынан да, ұсыныс жағынан да, Ұлттық қор, БЗЖҚ конвертациялары, алтын сатып-алу сату арқылы да барлығын реттеп отыр. Тек осы саясаттың барлығын барынша сенімді, халыққа да, экономика агенттеріне де барынша түсінікті етіп жүргізу керек деп есептеймін.
Қорыта айтқанда, еркін айырбас бағамы, яғни теңгені «еркіндікке жіберу» сұраныс пен ұсыныс негізінде икемді түрде қалыптасуына мүмкіндік береді, сонымен қатар экономикалық жағдайларға тез бейімделуге жағдай жасайды. Яғни, өз бетінше тіршілік етіп, өз күшімен шыңдалып, өсуі үшін өз еркіне жіберу деп түсінуге болады. Жалпы, әр елдің ақшасы өз экономикасының мүмкіндігі мен қуатынан хабар береді. Кез келген екі елдің экономикасы қатарлас болса да, ешқашан бірдей бола алмайтыны сияқты ұлттық валюталар да бір-бірімен теңесе алмайды. Ал ақшаның құнын ақшамен ұстап тұрудың пайдасынан зияны көп.