Қазақстан армиясы заманауи қақтығыстарға бағытталған жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіріп жатыр

/
Қазақстан армиясы заманауи қақтығыстарға бағытталған жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіріп жатыр
gov.kz

Алматы өңірлік гарнизонында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің жетекшілігімен оқу-әдістемелік жиындар өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара барысында заманауи қарулы қақтығыстар жағдайына бейімделген жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілу үстінде. Жиынға Қарулы күштердің әртүрлі түрлерінің, Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері қатысып жатыр. Жұмыс орындалатын міндеттердің ерекшеліктеріне қарай бес бағыт бойынша ұйымдастырылған. «Бітімгер» оқу орталығында әскерлерді даярлаудың жаңартылған тәсілдері таныстырылып, бригаданың күнделікті қызметін жоспарлау тәртібі бойынша көрсетілім сабақтары өткізілді.

Сержанттық құрамды дамытуға ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер үшін бөлімшелерді басқарудағы цифрлық шешімдерді қолдану бойынша практикалық сабақтар және қазіргі заманғы ұрыс жағдайындағы байланыс пен басқаруды ұйымдастыру мәселелеріне арналған дәрістер ұйымдастырылды.

Жиын аясында Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштер басшылық құрамының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар әуе шабуылына қарсы қорғаныс, тактикалық бөлімшелер мен зымыран әскерлерін қолдану, радиоэлектрондық күрес және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, әскерлерді инженерлік, техникалық және тылдық қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Жиын қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров қазіргі заманғы ұрыс қимылдары әскерлерді даярлау жүйесін үздіксіз жетілдіруді, жауынгерлік машық деңгейін арттыруды және жеке құрамның дене дайындығын жаңа жағдайларға бейімдеуді талап ететінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары