Ғылым сақабасы
Қазақ руханияты қос бәйтерегінен – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин мен абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлынан айырылды. Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, көркемсөз бен көсемсөздің, көрегендік пен кемелдіктің, тынымсыз еңбек пен қажымас қайсарлықтың ерен үлгісіне айналған, алыптар шоғырының көсегелі көшін толықтырған, шын мәнінде, Толық Адамға сай ғұмыр сүрген екі арыс қайтпас сапарға аттанды. Шектеулі берілген ғұмыр-дарияның әр тамшысын зая кетірмей, шөліркеген жүректерге нәр тамызған Сіздердей сахип жандарды келешек ұрпақ еш уақыт ұмытпақ емес.
Иә, ғылыми ойсыз санаға саңлау түспейді, қозғалыссыз сана сараң тартады, ойға қанат бітіріп, ұядан ұшыратын қозғаушы күш – ұстаз. Ал ілім мен ізгілікті табандылықпен, туа-жекжатына бөлмей, талабына қарай таңдап, мақсатына орай бейімдеп, білгенін көпке ықтиятпен таратушы адамды сақаба дейді. Сондықтан да, ұстаз көп. Бірақ сақабалар аз. Ғылым дүниесіндегі сондай аз сақабаның бірі және жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ руханиятының соңғы қормалдарының бірегейі оқымысты Мекемтас Мырзахметұлы еді. Оның бойындағы оқымыстылық, иә, ғұламалық емес, оқымыстылық қасиет – оның туа болмысына біткен «талап, еңбек, терең ой» да, «қанағат пен рақымда» (Абай) еді. Бұл талаптарды Мекең-Мекемтас аға-ұстазымыз ойы мен ілімі кенжелерге ғана емес, әуелі өзіне қойып, сол мақсатты өзіне іліми міндет етіп алды және ол мінезінен тоқсаннан асса да айныған емес. Өзі ғана біліп қоймады, білгенін өзгеге тарата да білді, игілігін жұғысты етті, ықыласын ойына сіңірді.
Соның нәтижесінде, кез келген ғұламаның пешенесіне жазыла бермейтін ғылыми бағыт пен мектеп – ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми мектебі қалыптасты. Ал ұстаз-сақабаның қалыбынан шыққан шәкірттерінің дені ғылымға адал, талаптарын тот баспаған құштарлыққа ие және ең бастысы, Мекеңнің өзі жиі айтатын «адамгершіліктің жауанмәрттік» сыпаттарын меңгерген тәлип-сақабаға – ізгілік ілімін таратқан шәкірт-сақабаға айналды. Солардың дем беруімен ұзына жобасы бойынша 400 том болатын «Түркістан кітапханасының» өзі Мекеңнің де, Мекеңнің шәкірттерінің де сақабалық сыпатқа толық сай екенін дәлелдейді. Әттең, мұндай ұлы Жобаның жол ортасына кеп тоқтап қалғаны қынжылтады. Бірақ табандылыққа тәрбиеленген тәліптер түбінде оны жеріне жеткізеді деп сенемін.
Бұлақ басынан тұнады. Ғылым да сол сияқты тұнық бастауға мұқтаж. Өйткені әуеліде кір мен кілтипан араласқан ғылыми ой ешқашанда таза нәтиже бермейді. Қандай жетістікке жетпесін одан о бастағы саздың иісі (таяз таным), лайдың кірі (дәлелсіз ғылыми пікір) білініп тұрады. Қазір, «таухид» пен «дәрілқараптың» мағынасын түсінбек түгіл, түйсінбестен «Мен Абайдың жұмбағын шештім» деп даурығып жүргендер осы тобырдан. Өйткені өзгені былай қойғанда, Абайдың: «Шариғат: – Ойланбай илан десе, Мен: Илану үшін ойланамын» – деген ақыли нақылын: «Мен де Абай сияқты: Ойланбай – иланбаймын, Ойлану үшін иланамын», – деп тәмсілдеп тәфсірлеген Мұхтар Әуезовтің софылық астарлы емеуірінін терең талдап түсініп алмай, Абайдың шаужайынан алуға болмайды. Ал Мекемтас Мырзахметұлы абайтануға келмес бұрын жиырма жыл бойы, аспирантурадан бастап докторлық диссертация қорғағанға шейін, Мұхтар Әуезовтің елу томдық мұрасымен мұқият танысып, әр заманның ығына ықтай жазылған Абайдың бес өмірбаянын өзара салыстырып, «Абайтану дәрістерінде» ықтасындата кіріктірген «қыстырма сөздерін қаперге алып, «Абай жолындағы» көркем оймен әдіптелген толғаулар мен жағымсыз «молдалардың» атынан тәфсірленген діни танымдық «көмескі емеуіріндердің» барлығын Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздеріндегі» ойларымен байланыстырып, «шындықтың», яғни, Хақиқаттың әдібін жазды. Өзінен ілгерідегі М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ә.Жиреншин сияқты, тағы да басқа ғалымдардың медреселік білімі болса да, олардың бұл бағытта тереңдете зерттеу жүргізуге ерік-құқы болмаған еді. Солардың, соның ішінде М.Әуезовтің емеуіріндете айтқан пікірлерінің астарын ашып, зерттеулеріндегі ымыралы тұспалдарды түсіндіріп, абайтанудағы тың сорап-соқпақты көрсетіп, жаңа пайым-талдау ұсынған ғұламаға, ғылыми ойдың қормалына айналды.
Осыдан кейін барып, бүтіндей абайтануға бет бұрды. Бет бұрып қана қойған жоқ, жаңа бағыттағы үрдіс қалыптастырып, бетұрыс әкелді. Бұрын «мағынасы жат» көрінетін тың «түйін сөздер» мен ұғымдарды, «алғашқы пәлсафадан» таным тарамысын тартатын парасатты пайымдаулар мен «ар ілімін игеріп», «ғылыммен хаһты таныған», «толық адамның» пәндауи шарттарын түйсініп қана қоймай, сол жолды бағытына алып, «Ақиқатқа» бетін бұрған Мекең – Мекемтас оқымысты қазақ ғылыми ойының мәйегін шайқап, іліми ниетін ұйытып, бақассыз ғалым ретінде мойындалды. Сөйтіп, абайтануда жаңа ғылыми мектеп қалыптасты.
Міне, осындай әуезовтану мен абайтанудың жікарасында жүрген «өтпелі дәуірінде» еркін ойдан бас асауы басылмаған мені «бұғалыққа түсірді». Осы екі тұлғаның етегіне жармасып жүргендіктен де Мекеңнің бар жазғанын қалдырмай оқып, Абай туралы, әсіресе, «Отыз сегізінші», «Қырық үшінші» сөздер қақындағы шашыранды ойларымның басы бірікпеген тұста үлкен демеу болды. Биязы, баяу сөйлейтін, «ақырын жүріп, анық басатын» осынау бір ғылым адамына қалай бауыр баса бастағанымды өзім де аңғармай қалдым. Сөйтсем, Мекең, сырт көзге, «баяу сөйлеп», «ақырын жүріп, анық басқанымен», ғылыми көзқарасын дәйектеуге келгенде, қазымырлы шешен, нық сөйлеп, батыл адымдайтын «жаужүректің» өзі боп шықты.
Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов сексен жетінші жылы қаңтарда Алаш қайраткерлерін ақтау туралы комиссияның төрағасы етіп бекітіп, тергеу істерімен танысу үшін Жоғары сотқа жіберді. Бір күні Мекең: «Мына құжатты Ташкент университетінің архивінен алдым. Саған керек болады», – деп, М.Әуезов пен Д.Ысқақовты тұтқындау туралы анықтаманы ұсынды. Енді, өзара әңгіменің ауаны өзгере бастады. Сол жылы және келесі жылы менің «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..» атты М.Әуезов туралы эссе-толғауларым жарық көрді. Үйреншікті арыздардың шеті де қылтия бастады. Орталық комитетте дайындалып жатқан «Қазақ ұлтшылдығы» атты қаулыдағы «ұлтшылдықты қоздырған жеті жазушының ішіндегі» «ең жас алашордашы» ретінде менің де атым тізімде тұрғанынан хабардар едім. Қысқа қарай Қойшығара Салғарин мен Мекемтас Мырзахметов бірінен кейін бірі мені оңаша шақырып: Екі жарияланым туралы Орталық комитетке арыз түскенін, беталыстарының теріс екенін, өздеріне мені әшкерелеу бағытында пікір жазып беруге тапсырма алғандарын, бірақ мені қорғап жазғандарын, сақ болуым керек екенін, одан қорғанудың жолдарын айтып, кеңес берді.
Содан бастап Мекеңмен ашық сөйлесетін болдым. Сексен тоғызыншы жылдан бастап Мекең (Ол кезде мен үшін Мекемтас аға) «Сенің орның – Әуезов музейі. Жұмысыңа да тыныш. Ләйлә апаң жауға бермейді. Қорғанышың болады», – деп мені бопсалай бастады. Шындығын айтайын, ғылым академиясын: «Іш пыстыратын, әдеби ортадан тыс мекеме» – деп есептейтінмін. Солай деп жазып жібергенім де бар. «Қилы замандағы» тарихи шындық туралы «Бейуақ» атты кітабым шыққаннан кейін, енді Мекең басқа амалға көшті: әуелі – Рахаңды (Рақманқүл Бердібаевты), содан кейін Серкеңді (Серік Қирабаевты, институт директоры) «құдалыққа» жіберді. Академик-ағаларым көрген сайын «Ана Мекемтасты жылата бермей (тура солай айтты) келсеңші», – деп өзімси қатқыл дауыстайтын болды. Несін айта берейін, ақыры Мекең бір жолы қапыда қақпанына түсірді.
Күндер мен айлар өтті. Қарашаның аяғына қарай кешке жақын үйге сондай бір мәдениетті адам хабарласып «Тұрсын Құдакелдіұлы! Кеш және үйіңізге хабарласқаныма әрі орысша сөйлегеніме ғафу етіңіз. Сізбен жолығып, сөйлесуге бола ма? Қызметіңізге барсам, қай уақытта қабылдай аласыз? Сіз мені білмейсіз, менің аты-жөнім – Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова», – дейді! Әңгіменің соңы таңертеңгі сағат онда сол кісінің кабинетінде кездесу туралы уағдамен аяқталды. Таңертең мұражайға барсам, Ләйлә Мұхтарқызы мен Мекемтас аға күтіп отыр екен. Орындыққа отырар отырмастан Ләйла апай:
– Тұрсын Құдакелдіұлы! Менің сізге бір өтінішім бар. Егер Әуезовтің рухын сыйласаңыз, өтінішімнен бас тартпаңыз! – У меня к вам есть одна просьба. Если уважаете духа Ауэзова, не отказывайтесь моей просьбе!, – дегенде орныма отыра кеттім.
Кім Әуезовтің рухын аттап кете алады?!. Сөйтсем, бұл «қазақы тәсілді» Ләйлә апайға Мекең үйретіп қойыпты. Түні бойғы сылтауым желге кетті:
– «Бейуағыңыз» үшін диссертация жазбай кандидаттық дәреже берудің амалын қарастырып қойдым. Мекең ғылыми жетекші болады. Ал авторефератты сіз бір аптада жазасыз, – деп бәрін кесіп-пішіп қойыпты Ләйлә апай.
Қойшы, сонымен «М.Әуезтің «Қилы заман» және «Қараш-Қараш» повестеріндегі тарихи және көркемдік шындық» деген тақырып бойынша Мекеңнің жетекшілігімен бес айда ғылым кандидаты боп шыға келдім. Айтпақшы, өзіме аса жанашыр бір ғалым ағам «Жетекшіні өзгертейік. Академик болсын», – деп Мекеңнің атын сызайын деп жатқанда «– Мен қарсымын. Онда өзіңіз қорғаңыз!» – деп қолжазбаны алдына тастай сап, шығып бара жатқанымда «– Үй, Дүлей! Соған да сеніп қалдың ба!» – деп есік алдында тұрып қолын қойып беріп еді. Менің Мекеңнің бар жақсылығына қайырған қарымтам осы ғана.
Мені өз орнына «қонжитты» да, Мекең абайтану бөліміне ауысып кетті. Мекең жобасын салып кеткен М.Әуезовтің шығармаларының 50 томдық басылымын шығарудың азабы мен алғауы маған бұйырды.
Жан шапағатың – иман шапағатына ұлассын, сақаба-ұстаз!
Тұрсын Жұртбай