Эмиль Чоран. Беккет

Сэмюэл Беккет (Samuel Barclay Becket – 1906-1989) – ирландиялық әйгілі жазушы, ақын, драматург.

Эмиль Чоран. Беккет
yg.ma
653

«Годоны тосу», «Құмдағы айқай», «Қараңғы бөлмедегі күндер» сынды абсурд бағытында жазған шығармалары ХХ ғасыр әдебиетінің ең үздік туындыларының қатарынан орын алған. Ешкімге ұқсамайтын дара стилі мен абсурд театрының негізін қалағаны үшін 1969 жылы Нобель сыйлығын алған. Беккет туралы даңқты румын әрі француз эссеист-ойшылы Эмиль Мишель Чоранның (Emil Michel Cioran – 1911-1995) мақаласын ұсынып отырмыз. Бұл мақаладан Беккеттің өмірін емес, оның эстетикалық көзқарасының сырын аңдауға болады. 

Беккет секілді болмыс-бітімі бөгде, бө­генайы бөлек жанның жұмбағын шеш­кісі келген адам, алдымен, астарында оның бар жалғыздығы мен қалтарыстағы қия­лы жасырынған, жан төзгісіз һәм шек­сіз еңбекке толы кісікиік өмірінің мәніндей бол­ған әрі әрбір беккеттік минуттың үнсіз ұра­ны секілді көрінетін «қалыс қалу» деген сөз­дің мағынасын жан-жүрегімен толық се­зінуі керек. Буддизмде сана сергектігіне же­туді іздеген шәкірттен «табыт кемірген тыш­қанның» табандылығы талап етіледі. Өз есім-сойына лайық кез келген қаламгер де осындай жанкештілікпен өмір сүреді. Бек­кет – тіршілікті астаң-кестең етіп қо­пару арқылы оны жаңаландыра, жаңарта тү­сетін, сол арқылы оның ғұмырын соза тү­сетін талқандаушылар тобынан болатын.
«Бізге берілген кесімді уақыт біреулер үшін құртатындай тым ұзақ емес». Ақын­ның бұл сөзі сыртқы дүниеден, қалтарыста ке­зігуден, бөгде нәрседен бас тартқан әр­бірі­міздің сөзіміз. Беккет, немесе өз-өзің­мен болудың теңдессіз өнері. Бұған қоса, тырнақтай да тәкаппарлықсыз, ерекшелеп тұрар ен-таңбасыз, таңдаулы болу түсіні­гі­нен айырып алғысыз болу. Егер осыған дейін биязылық деген сөз пайда болмаған бол­са, оны Беккет үшін жарату қажеттілігі туар еді. Адам таңғаларлық, табиғаттан тыс дей­тіндей бір факт: ол ешбір адамды еш­қа­шан жамандап көрмеген, өсек-ғайбаттың ащы тілінің гигиеналық мүмкіндіктерін, оның емдік һәм көңіл жұбатар қасиеттерін ба­ғалап көрмеген жан. Мен оның досты да, дұш­панды да сөз еткенін естіген емеспін. Оның бұл артықшылығы кейін аяныш ту­дырары сөзсіз, ол бейсанасында бұл үшін азап шегуге де тиіс. Артымда иін тірескен жа­лақорлар мен бәлеқорлар болмаса, тіпті былай айтқан да болар едім: ол өзіне сан-сапат сарыуайым мен сынақты, алаң көңіл мен қаншама қиыншылықты дайындап жатыр!
Ол уақыттың ішінде емес, уақытпен па­­­­раллель өмір сүреді. Сол үшін де болар, оның соңғы жаңалықтар туралы не ой­лай­тынын сұрау бір рет те болса ойыма кел­меп­ті. Беккетті тани тұра, тарих деген – бар-жоғы адам онсыз да өмір сүре алатын, оны айналып өте алатын уақыт өлшемі ғана екенін түсінесің.
Егер Беккет өз кейіпкерлері секілді болып, ештеңеге қол жеткізе алмаса да, ол бәрібір дәл сол қалпында қалушы еді. Өзін-өзі дәлелдеуге ұмтылмайтын ода жеңіс пен күйреудің идеясы бірдей адам­ның келбеті бар. Ол туралы ойлаған сайын «Бұны түсіну не деген қиын! Ауқымы не де­ген кең!» дей беремін. Егер оқыстан әлде­бір оқиға болса және оның бойында еш­қан­дай құпия болмаса, мен үшін нағыз ақыл­ға сыйымсыздықтың нақ өзі осы болар еді.
Мен уайым-күйзелістердің өз арнасы­нан асып төгілуі, сезімдерге немқұрайлы қарау, жан-тәніңмен әңгімелесу, сезімін ке­нет­тен, орынсыз әрі тұрпайы білдіру де­ген дүниелер қалыпты нәрседей қабыл­да­натын Еуропаның бір түпкірінде өстім. Мұнда бәрі жайлы бәрі біледі, мұнда бірде-бір құпияны сақтай алмайсың, ал сөзуар­лық өзіңді ұмыттырып жіберетіндей хәлге жеткізіп тынады. 
Мені осы бір табиғаттан тыс ұстамды адам­ның неге өзіне елітіп әкетпегені жай­лы айтуым керек пе өзі? 
Биязылық қамкөңіл осалдықты теріс­те­мейді. Бірде достарымен бірге отырған кеш­кі ас үстінде қонақтардың бірі Беккетті оның өзі мен шығармашылығы жайлы бос әрі қиын сұрақтармен тұншықтыра бас­та­ған­да, ол салдыр-салақ үйлесімсіздіктің қуы­­­сына тығыла түсіп, ақыр соңында әң­гімелесушісіне арқасын беріп отыруға сәл қал­ды. Ота жасату үшін пышаққа түсуге ба­ра жатқан жандай немесе өзіне әлде­қай­дан қауіп төніп тұрған адамдай ойлы, түнеріңкі қалыпта, кешкі асын тауыспастан орнынан тұрып кетті.
Шамамен бес жыл бұрын, Гинме кө­ше­сінде кездейсоқ жолығысып қалғанымызда ол қазір не істеп жүргенімді сұрады. Мен жа­зуға деген қызығушылығымды жоғалт­қа­нымды, өзімді еске түсірудің, «жарату­дың» ешқандай қажеттілігін көрмейтінімді, жазудың мен үшін азапқа айналғанын айттым... Меніңше, ол таң қалған секілді бол­ды. Бірақ өзімнің таңғалғанымды анық біле­мін. Өйткені ол дәл жазу туралы айтқан сөй­лемінде «қуаныш» деген сөзді қосып айт­ты. Қағыс естідім бе деп қалдым. Жоқ, олай емес екен. Сонда барып, осыдан он жыл бұрындары «Клозри де Лилада» алғаш кез­дескенімізде әбден діңкелегенін мойын­дап, енді сөзден ештеңе суырып шығара алмайтындай халде көрінген.
...Бірақ сөзді ол секілді жақсы көретін өзге кім бар? Сөздер – оның өмір серігі, жал­ғыз жұбанышы болатын. Ол ешқашан ешнәрсемен сенімді түрде мақтана ал­май­тын, тек сөздер арасында ғана өзін қара жерге табаны тиіп тұрғандай сезінетін. Сөзге сенуін доғарғанда, олар өзін сатып кет­кендей, иен далаға жалғыз тастап кет­кен­дей сезінгенде оның үмітсіздік дерті бас көтеретін. Ол бұларсыз қос қолынан айы­рылған жандай еді. Мен оның «Атау­сы­зын­да» айтылатындай «Тыныштықты тесіп ақ­қан үнсіздік тамшылары» секілді сөзге жү­гініп, сөзге бас иген сәттерін санамаға­ны­ма әрі өзіме түртіп алмағаныма өкінемін. Сын­байтын сүйеніш, қажымас таянышқа айналған нәзіктіктің нышандары. 
Ағылшын тіліндегі сөздің алдында тұ­ра­тын «-сыз», «-сіз» мәніндегі көмекші сөз­дер француз тілінде «Lessness» деген атау ал­ды – неміс тіліндегі Losigkeit секілдіге ба­ра-бар қолданып, бұл жаңалықты ашқан Бек­кет болатын. Lessness (Беменің Ungrund-ы сияқты сарқылмас) деген сөз мені тура мағынасында қатты қызықтырды. Бір күні мен Беккетке бұл сөзге француз ті­лінде лайықты балама таппайынша ұйық­тай алмайтынымды айттым... Біз бірге «-сыз» бен «ең аздан» тууы мүмкін барлық сөз­ді қарастырдық. Ешқайсысы да ғаріптік пен шексіздіктің қоспасындай, түпсіз, тұң­ғиық Lessness-тің мағынасына маңайлаған жоқ. Көңіл-күйіміз түскен күйі қоштастық. Үйге келе сала, әлгі байғұс сөзді санамда әрі итеріп-бері жығып, аударып-төңкеріп отырдым да қойдым. Таңертең Беккетке «Біз іздеп жүрген сөз шамасы sineite шығар» деп жаздым. Ол өзі де (шамасы, менімен бір сәтте) осы туралы ойлағанын айтты. Деген­мен мойындауымыз керек, біздің бұл табы­сымыз сәтсіз болатын. Біз іздеуді доғаруы­мыз керек екенін, француз тілінде мұндай сөздің жоқ екеніне көндігуіміз керек екенін айтып тарқағанбыз.
Өз айтары жоқ және жеке әлемі жоқ жазушымен әдебиет туралы сөз қоз­ғауға тура келеді. Ал Беккетпен мұндай та­қырыпта сөйлесу – өте сирек нәрсе, тіпті мүмкін де емес. Ол кез келген тақырыпта: қар­жылық қиындықтар, әртүрлі уайым­дай­тын нәрселер жайлы әңгіме айта бере­тін. «Қалай ойлайсыз, анау немесе мынау өз заманынан оза шабуы мүмкін бе? », «Анау немесе мынау қазіргі лауазымына лайық па?», «Икс пен игректің қайсысының атақ-даңқы ұзағырақ болуы мүмкін?» деген секіл­ді мәнсіз сұрақтарға мүлдем шыдай алмай­тын. Осы сынды кез келген бағалау оны тым шаршатып әрі көңіл-күйін түсіріп жі­беретін. «Бекерге ауыз ауыртудың не ке­ре­гі бар?» – дастарқандағы айтыс-тартысы қиямет-қайымның гротесктік нұсқасын еске түсіретін, ерекше шаршатқан кешкі астан кейін ол маған осылай деген еді. Өзі кітаптары мен пьесалары туралы кез кел­ген әңгімеден қашқақтайтын. Басынан өткерген кедергілерді емес, әлі алда тұрған кедергілерді бағалайтын әрі өзіне таяп келе жатқан оқиғалар мен ойларға толығымен еніп кететін. Одан пьеса туралы сұраса, ол пье­с­аның мәні, идеясы жайлы емес, тек қойы­лым туралы, қойылымның әр мину­тынан, тіпті әр секундынан көретін ұсақ дүниелердің ықпыл-жықпылына дейін айтатын. Сахнадағы кеңістікті үзік-үзік дауыспен толтыруды да, алмастыруды да та­лап ететін «Not I»-ды ойнау үшін әртіс адам қандай қатаң талаптарға сай болуы керек екенін маған түсіндіріп бергендегі жігерлі дауысын ешқашан ұмытпаспын. Көз алдында тура мағынасындағы әлсіз әрі тосқауылсыз, алды-артын түгел орап ала­тын ашылған ауызды көргенде оның көз­дерінің қалай жарқ еткенін көрсеңіз! Ол құд­ды Пифияның соңғы құбылуына, сал­танатты күйреуіне тірілей сол сәтте қа­ты­сып отырғандай болды!
Өткен қыста Обсерватория даңғы­лы­мен келе жатқанымызда, өмір бойы зираттарды аралаған әрі Беккеттің де оларға кетар емес екенін (естеріңізде бол­са, «Алғашқы махаббат» зиратты сипат­тау­дан басталатын (Гамбургтегі зират еке­нін сөз арасында айта кетейін) біле­тін­дік­тен, жақында Пер-Лашезге барғанымызда қо­рымдағы атақты адамдар тізімінен Пру­ст­ты таба алмағанда оның ашуға бу­лық­­­­қанын есіне салдым. (Айтпақшы, мен Бек­кетті осыдан отыз жыл бұрын Америка кі­тапханасынан оның Пруст туралы жаз­ған шағын кітапшасын кезіктіргенде алғаш танығанмын). Әңгімеміздің неліктен Свифт­ке ауысып кеткені есімде жоқ, – бір жа­ғынан Свифттің адам жерлеу кезіндегі әзіл­дерін есепке алғанда, мұнда таңға­лар­лық ештеңе жоқ. Беккет Свифттің «Саяхат­тарын» қайта оқып жатқанын, «Гуигнгнмдер елін» басқа бөлімдерінен артығырақ көре­ті­нін, әсіресе ондағы Гулливердің өзіне йе­худың ұрғашысы жақындағанда кеудесін қорқыныш пен жиіркеніш құрсаулап алып, ашудан түтігіп кететін жерін көбірек ұната­тынын айтты. «Джойс, – деді ол, – Свифтті жаратпаған екен». Мені таң-тамаша еткен, тіпті қапаландырғандай болған бұл сөзіне Джойстың сатираға мүлдем бейімі болма­ғанын қосты. «Ол ешқашан бірдеңені бүл­діретіндей адам болған емес, бақылаушы кейпінде өмір сүрді, әлем қандай болса, со­лай қабылдады. Ол үшін үзілген жапырақ құ­лаған бомбадан кем түспейтін...».
Осы бір керемет сөздер менің сұрағыма сы­пайы әрі салмақ арта жауап берген Ар­ман Робеннің сөздерін есіме түсіреді: «Та­лай ақынды тәржімалаған сіздің ой­шыл­дардың ішіндегі ең терең ақын Чжуан-Цзы­ға назарыңыз түспегені қалай?». – «Мен бұл тура­лы сан мәрте ойладым. Бірақ Шот­лан­дияның солтүстігіндегі жартасты жазыққа ұқсайтын кітапты аударып көрші!» деген. 
Беккетпен танысқаннан кейін, оны кейіп­керлерімен не байланыстыруы мүм­кін екені жайлы өзімнен талай рет сұрадым. Оларда қандай ортақтық бар? Осыншама алуан түрлі болу мүмкін бе? Әлде, кейіп­кер­лер­дің ғана емес, өз өмірі де «Мэлон өле­діден» тамшылаған «қорғасын нұрға» бат­қан деп түсінуіміз керек пе? Оның көп беті маған ғарыштық апаттан кейінгі монолог секілді көрінді. Құдды бәрінен де азат, тіпті өз қарғысыңнан да арылған күйде, әзәзіл ғана елестете алатын шет-шекарадан асып, о дүниеге қадам басып бара жатқандай әсерде қаласың. Өздерінің өлі не тірі екенін білмей дал болып, Беккетке жат тілде айт­қанда, бұ дүниенің шексіз шаруа­лары­нан әбден езіліп-жаншылған бұл жаратылыстар жаны жараланбайтын, әлсіз жақтары жоқ секілді бетперде таққан бұйығы әрі әлсіз жанның қиялынан туған, жақында ғана, аяқ астынан, тек бір сәтке ғана олардың бәрін автормен, яки сыбайласымен бай­ла­ныстырып тұрған нәзік жіпті көргендей болдым... Сол секундта көргенімді, дәлірек айт­қанда, сезінгенімді жалпыға түсінікті сөздермен жеткізу мүмкін емес. Әйтсе де, содан бері мен оның кейіпкерлерінің әр сөзінен әлдебір дауыстың тербелісін естіп келемін... Алайда кенеттен туған пайымның ойдан шығарылған теория секілді тым морт сынғыш, нәзік әрі алдамшы бола­ты­нын да айта кеткім келеді. 
Біздің алғашқы кездесуімізде-ақ мен оның сонау бір шет жерден: беймүм­кін, ақылға сыймайтын, үмітсіз бір әлемнен келгенін түсіндім. Бір қызығы, ол қабырғаға таянған күйі өз орнынан тапжылмай, қа­шан­ғы ақыл-парасатымен өз дегенінде қалу­ды жалғастырды; шекара – бастапқы нүк­те, соңғы нүкте – жетіп жығылу секілді! Сон­дықтан оның мыж-тыж, азапты әлемі шек­сіздікке дейін созылуы мүмкін, ал біз­дікі кез келген сәтте жоғалып кетуге дайын.
Мен өзімді Витгенштейннің филосо­фия­сының жақсы жанкүйерімін деп айта алмаймын, бірақ адам ретінде ол мені ылғи да қызықтырады. Ол туралы оқығанымның бәрі кеудемдегі әлденені қозғап кетеді. Мен Беккет екеуінің арасынан ортақ қасиеттерді бірнеше мәрте таптым. Екі жұмбақ жан, қос құбылыс, өзіне шақырып тұрып есіңді шығарады, тығырыққа тіреп тынады. Екеуі де адамдардан да, заттардан да алшақ, екеуі де өзіне адал, екеуі де сөзден және бейтаныс шекараға жетуге ұмтылыстан түпкілікті бас тартқан. Олар басқа дәуірде ғұмыр кешсе дүниені тәрк еткен дәруіш болып кетер еді. Енді, Витгенштейннің қайбір кездері не үшін монастырға бекініп алғысы келгенін түсінген де сияқтымыз. Беккетке келер бол­сақ, оны бірнеше ғасыр бұрын көрер көз­ге қораш құжырада тұрғанын, тіпті ай­қыш­та жалаңаш тұрғанын елестету қиын емес. Бұл әңгімені алғаш болып бастап, ауа­дан алып жатқан мен емес қой. Сіздер оның кейбір фотосуреттердегі бұ дүниеге тән емес, жұмбақ, «адамға ұқсамайтын» кейіп­терін еске түсіріп көріңіздер.
Шыққан тегің әлбетте көп нәрсені біл­діре­ді. Бұл – шүбәсіз. Бірақ өзімізге қарай басатын шешуші қадамымызды қандай тамырымыздан болса да, айырылған кезде басамыз, сол себепті де өмірбаянымыздағы ұсақ-түйек, егжей-тегжейлі дүниелер Құ­дайдыкінен көп емес... Беккет – ирлан­дия­лық. Бұл – өте маңызды әрі мүлдем мәнсіз нәр­се. Оның үстіне одан «әдеттегі ан­логсакс­ты» көру тіптен дұрыс емес. Ол бұ­ған мүлдем ұқсамайды. Мүмкін, мәселе со­ғысқа дейінгі Лондон туралы ауыр есте­лік­терде болар? Меніңше, ол ағылшындар­дан «дөрекі» ештеңе де көрмейді. Ол ешқа­шан көтере алмайтын үкімді қазір мен ке­сіп отырмын әрі мұнымен өзім де ке­ліс­пес едім. Өйткені ең алдымен, ағылшын­дар­ды – қансыраған халдегі, ең қорғансыз, ең талғампаз, ең өркениетті халық деп са­най­мын (бәлкім, бұл бүкіл балқандық­тар­дың бұлдыр қиялы да шығар).
Беккет – әсерсіздіктен, жансыздықтан то­лықтай арылған кескін-келбеті­мен Францияда өз үйінде жүргендей жүрді. Оның Шамфорды өлеңмен аударуға ты­рыс­қаны үлгі тұтуға тұрарлық дүние емес пе? Әлбетте, Шамфорды тұтастай емес, бір­неше максималарын ғана. Ой, ниет, әрине, тамаша, бірақ қалай десеңіз де, мен үшін мүлдем түсініксіз (моралистердің про­засында лирикалық өмір мүлдем бол­майтынын еске түсірсек болар), мен үшін бұл кем дегенде ашынаң бар екенін мойын­даумен бара-бар дүние. Ерте ме, кеш пе, жа­сырын ақыл өзінің шын мәнін ашары сөз­сіз. Беккеттің болмысының поэзиямен ұқсастығы сондай, тіпті бөліп алғысыз.
Мен үшін оның еркіндігі мен адалдығы қоян-қолтық, қол ұстасып қатар жүреді. Дүние күйреп кетсе де, ол өз ісінен еш­қа­шан қол үзбейді және өз жазғандарының бір әрпін де өзгертпейді. Ең бастысы, ол на­ғыз мызғымас адам. Ал ұсақ-түйек дү­ниелерде біздің бәрімізден, тіпті өз кейіп­керлерінен де әлсіз болып шығуы мүмкін...
Осы жазбаларды жазуға отырғанда Майс­тер Экхарт пен Ницшенің «Ізгі адам» жайлы жазғандарын (олардың әрқайсысы «Ізгі адамды» әртүрлі сипаттады ғой) қайта бір оқуды ойладым. Ойлағанымды орындай алған жоқпын, бірақ Беккет туралы жазу бары­сында «Ізгі адамды» бір минут та естен шы­ғармадым.
1976 жыл

Орыс тілінен аударған: 
Еділбек Дүйсен

 

Серіктес жаңалықтары