Маңғыстау облысында аң аулау кезінде ер адам серіктесін абайсызда атып алып, аңшы қаза тапқан. Марқұмның туыстары тың деректерді жариялады, деп хабарлайды Lada.kz.
Оқиға 2 желтоқсанға қараған түні болған. Қарақия ауданында екі дос қайықпен құс аулауға шыққан. Аңшылық кезінде 49 жастағы ер адам абайсызда мылтықтан 52 жастағы серіктесіне оқ атқан. Алған жарақаты салдарынан ер адам оқиға орнында қаза тапқан.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алғашқы тексеру нәтижесінде аң аулау кезінде абайсызда жазатайым оқиға болып, жәбірленушіге өлімге әкелген зиян келтірілгені анықталған. Қазір іс бойынша жан-жақты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалған, - деп мәлімдеді Маңғыстау облысы полиция департаменті.
Күдікті процессуалдық тәртіппен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аңшының қазасына қатысты іс бойынша жаңа нұсқалар пайда болды. Марқұмның туыстары оқиға орнында екі емес, төрт адам болуы мүмкін екенін айтады.
Әлеуметтік желілерде аңшының өліміне үш адам қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Жарияланымдарда 1 желтоқсанда аң аулауға төрт ауылдас бірге шыққаны, ал 2 желтоқсан күні күндіз олардың біреуі серіктесінің басына оқ атқаны айтылған. Соның салдарынан ер адам көз жұмғаны көрсетіледі. Сондай-ақ оқиғадан кейін қатысушылардың медициналық көмекке бірден жүгінбегені және құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар бермегені жөнінде мәліметтер бар.
Кейінгі ақпараттарға сәйкес, марқұмның мәйіті көліктің жүк салғышында шамамен тоғыз сағат бойы тасымалданып, тек 3 желтоқсанға қараған түні Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Ал аңшылыққа қатысты құрал-жабдықтар, оның ішінде қайықтар мен қару-жарақ жасырылған деген де болжам айтылуда.
Марқұмның жақындары істі әділ әрі объективті тергеп, оқиға орнында болған барлық адамдардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.