2024 жыл несімен есте қалды?

2024 жыл несімен есте қалды?
сурет: istockphoto.com
1155

Ресей мен Украина арасындағы соғыс биыл да аяқталмады. АҚШ билігіне үміткер кандидаттың бірі сайлауға санаулы ай қалғанда ойынан айнып қалды, екіншісіне екі рет қастандық жасалды, ең тосын жаңалық – АҚШ билігіне Трамп қайта оралды. Жалпы, бұл жыл сайлауға толы жыл болды. Мексикада алғаш рет әйел адам президент болды. Ал Бангладеште жеңіске жететініне күмән болмаған Шейх Хасина елден қашты. Ұлыбританияда лейбористер жеңіске жетті. Жапония Президенті отставкаға кетті. Иран президенті тікұшақ апатынан қаза тапты. Аргентина күтпеген жерден БРИКС-ке қосылудан бас тартты.

Көптеген елде өздігінен жүретін так­силер пайда болып, әлемді таң­ғал­дырған Starship алып зымыраны сы­нақтан өт­ті. NASA-ның Айға ұшуы кейінге қалды. Сәуір­де миллиондаған адам күннің толық тұ­тылғанының куәсі болды. Осылайша, әлем біз ойлағаннан да тосын, ол біз елес­теткеннен де ерекше оқиғалармен бетпе-бет келді. 

Трамп, тұрақсыздық және тартыс

Геосаяси ахуалдың дүмпуі биыл да жер-жаһанды біраз шайқады. Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Таяу Шығыстағы шие­ле­ніс ушығып тұрғанда, жаңа қақтығыс­тар­дың тұтанып кету қаупі елді елеңдетті. Бі­ріне-бірі жалғасқан, бірімен бірі бай­ла­ныс­қан себеп-салдарлар әлемнің әл-ауқа­тына әсер етпей қоймады.
2024 жылы АҚШ саясатында тағы бір қы­зық оқиға болды. Бұрынғы президент До­нальд Трамп республикалық партияның көш­басшысы ретінде қайта саяси сахнаға шық­ты. Ол 2024 жылғы президенттік сай­лауға қатысуға ниет білдіріп, өзінің кон­сервативті бағдарламасын ұсынды. Трамп­тың қайта оралуы АҚШ-тағы саяси поля­ри­зацияны күшейтіп, демократтар мен республикашылдар арасындағы тартысты одан әрі ушықтырды.
Мексикада тұңғыш рет әйел адам пре­зи­дент болды. Клаудия Шейнбаум бұл мәр­тебелі қызметке қол жеткізіп қана қой­май, елдегі гендерлік теңдік үшін үлкен қ­а­дам жасады. Оның сайлаудағы жеңісі әйел­дердің саясатта белсенділігін арт­тыруға және жаңа ұрпақтың сенімін ны­ғайтуға үлгі болды. Клаудияның бағ­дар­ла­ма­сында экология мәселелеріне, кедей­ші­лік­пен күреске және елдегі қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл Мексиканың ішкі және сыртқы сая­сатына жаңа леп әкелетіні сөзсіз.
Үндістанда 2024 жылғы 19 сәуірден  
1 маусымға дейін жалғасқан парламент сайлауы әлемдегі ең ірі демократияның болашағын анықтады. Халықаралық бақылаушылар бұл сайлауды Үндістанның де­мократиялық институттарының берік­тігін көрсететін ерекше оқиға деп бағалады. Сайлау нәтижесінде елдің жаңа саяси бағы­ты анықталып, халықтың экономикалық ре­формаларға, ауыл шаруашылығын да­мытуға және технологиялық инновация­ларға деген үміті арта түсті.
2024 жылғы 13 қаңтарда Тайваньда пре­зиденттік және парламент сайлауы өтті. Бұл сайлау Қытай мен Тайвань арасын­дағы шиеленістің аясында үлкен мәнге ие болды. 
Сирияда Башар Асад режимі құлады. 8 желтоқсанда оппозиция Дамаскті басып алды. Башар Асад отбасы мүшелерімен бірге Ресейге қашып, саяси баспана алды. Бұл оқиғалар Сирияның саяси құрылымына үлкен өзгеріс әкелді.
2024 жылы Арген­тинадағы президент сай­лауы елдің болашағына үлкен өзгеріс әкелді. Ұлттық деңгейде эко­номикалық қиын­дық­тар мен инфляция халықтың жаңа көш­басшыға деген үмі­тін арт­тырды. Пре­зидент бо­лып Хавьер Ми­лей сай­ланды. Оның ра­дикалды ли­бер­­та­риан­дық сая­са­ты елдегі экономикалық ре­формаларды жүр­­гізуге бағытталған, дегенмен оны сы­нау­шы­лар да, жақтау­шылар да жетерлік.

Әлем әлі әбігер

Қытай экономикасының бәсеңдеуі, АҚШ пен ЕО арасындағы сауда келісімдері, жа­сыл энергетикаға инвестициялардың артуы, криптовалютаның тұрақтануы, алтын мен мұнай бағаларындағы өзгерістер секілді экономикалық үрдістер жаһандық экономикаға жаңа бағыт берді.
2024 жылы көптеген елде инфляцияның баяу­лағаны байқалды, бұл энергия ресурс­тары бағасының тұрақтануы және кейбір тауарлар мен қызметтерге сұраныстың төмендеуімен байланысты болды. Дегенмен кей­бір дамушы елдерде инфляция деңгейі жоғары болып қалды, бұл олардың ішкі эко­номикалық жағдайларына және сырт­қы факторларға тәуелділігін көрсетеді. 
Еуропа елдері мен АҚШ-та инфляция дең­­гейі орташа есеппен 0,7 пайыздан 6 пайыз­­ға дейінгі аралықта болды. Ең төменгі көрсеткіштер Лихтенштейн, Швейцария  және Люксембургте тіркелді. Ал ең жоғары инфляция Беларусь, Молдова, Исландия және Румынияда байқалды. 
Түркияда жылдық инфляция қарашада 47,1 пайызға дейін төмендеді, қазанда бұл көр­сеткіш 48,6 пайыз болған. Әлемдегі ең жоғары инфляция Аргентинада тіркелді, онда қыркүйек айында инфляция 236,7 пайыздан 209,0 пайызға дейін төмендеді. Қытайда жылдық инфляция қыркүйектегі 0,4 пайыздан қазанда 0,3 пайызға дейін баяу­лады.
2024 жылы әлемдік монетарлық саясат эко­номикалық жағдайлардың өзгеруіне сәйкес бейімделуді жалғастырды, инфля­ция мен экономикалық өсімді теңестіруге ұм­тылды. Жалпы, 2024 жыл орталық банк­тердің пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту мәселесінде сақтық танытқан жылы болды. Олар экономикалық тұрақтылықты сақ­тап, инфляцияны төмендетуге баса назар аударды.
АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі базалық ставканы өзгерту мәселесінде сақ­тық танытты. ФРС төрағасы Джером Пауэлл саясатты жұмсартудың басталуы қар­­жы шарттарын айтарлықтай жеңіл­дету­ге әкелуі тиіс екенін атап өтті.
Еуропа орталық банкі де бұл мәселеде аса сақ әрекет етті. 2024 жылғы маусымда ЕОБ мөлшерлемені төмендеткенімен, на­рық алдағы кезеңде тағы да төмендейтініне күмәнмен қарап отыр. Экономистер кейбір ЕО елдеріндегі саяси тұрақсыздықтың қосымша шаралар қабылдауға кедергі келтіретінін айтады. 
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлем­дік экономиканың 2024 және 2025 жыл­дары 3,2 пайызға өседі деп бол­жап отыр, бұл 2023 жылғы өсіммен бірдей. Инфляция 4,5 пайыз деңгейінде болады деген долбар бар, бұл инфляция қысы­мы­ның біртіндеп төмендегенін көрсетеді. 
Қытай экономикасы 2024 жылы баяу өсім көрсетті. Жаңа технологиялық санк­ция­лар мен экспорттық шектеулер елдің өн­дірісін тежеді. Дегенмен Қытай үкіметі эко­номиканы қолдау үшін бірқатар ынта­лан­дыру шараларын іске асырды. Бұл әлем­дік нарықтарға Қытайдың ықпалын қайта қарауға түрткі болды.
АҚШ пен Еуропалық Одақ арасында жа­­салған жаңа сауда келісімдері халық­аралық нарыққа оң әсер етті. Бұл келісімдер трансатлантикалық экономикалық ынты­мақ­тастықты нығайтып, екіжақты сауда кө­лемін ұлғайтты. Әсіресе, жоғары техно­ло­гиялар мен ауыл шаруашылығы саласын­дағы ынтымақтастық күшейе түсті.

Жасыл энергетика – жаңа болашақ

2024 жылы әлемдік дең­гей­де жаңарты­ла­тын энер­гия көздеріне салынған ин­вес­тициялар рекорд­тық деңгейге жетті. 
Көптеген ел көміртегі шы­ғарын­ды­ла­рын азайту бойынша жаңа мін­дет­те­мелер қа­былдады, бұл энергетика нары­ғын­­да үл­кен сер­пі­ліс тудырды. Жел және күн энер­гетикасына салынған қаржы кө­ле­мі екі есе артты.

Кешір, биткоин...

Биткойн мен басқа да криптовалюталар 2024 жылы нарықта тұрақтылық көрсетті. Орталық банктер цифрлық валюталарды ен­гізуді жалғастырып, криптовалюта на­ры­ғының заңнамалық реттелуіне жол аш­ты. Бұл қаржы секторында жаңа тех­но­логияларға деген сенімділікті арттырды.
Британдық Financial Times газеті бит­коинды 14 жыл бойы сынағаны үшін ресми түр­де кешірім сұрады. Газет редакциясы бұ­рын жариялаған материалдары арқылы көптеген оқырманды биткоин сатып алу мүмкіндігінен айырғанын мойындады. Бұл кешірім Financial Times басылымының крип­товалюталарға көзқарасында айтар­лықтай өзгерістер болғанын көрсетеді. Қаржы әлеміндегі жаңалықтарға сенетін көптеген инвестор сол жылдары биткоинға на­зар аудармай, оның қазіргі жоғары баға­сына куә болған кезде өкінгендерін ашық айтып жүр.  
Қазір биткоинның құны тарихи мак­си­мумдарға жетіп, көптеген инвестор үшін бай­лықтың көзіне айналды.
Жалпы, финтех нарығы қарқынына қар­қын қосты. Енді жақында жануарлар да банк­тен шот ашуға мүмкіндік алуы ықти­мал. 

Алтын мен қара алтын

2024 жылы әлемдік нарықтарда алтын мен мұнай бағалары ерекше назар аударт­ты. 
Геосаяси шиеленістер мен эконо­ми­калық белгісіздіктер алтынның бағасын ас­пандатты. Инвесторлар алтынды тұрақ­ты актив ретінде таңдап, унциясы жыл соңына қарай 2 100 АҚШ долларына жетті. 
Мұнай нарығы да үлкен өзгерістерге ұшырады. ОПЕК елдері мен Ресей өндірісті қыс­қарту туралы шешім қабылдап, мұнай ба­ғасы барреліне 95-100 АҚШ доллар ара­лығында тұрақтады. Бұл өзгерістер әлемдік энер­гетика және шикізат нарығына айтар­лықтай әсер етті.

Жасанды интеллекттің шынайы шекарасы

2022 жылы ChatGPT-дің іске қосылуы ЖИ-ге деген қызығушылықты күрт арт­тыр­ған еді. ChatGPT бірнеше апта ішінде 100 мил­лион пайдаланушы жинап, тарихтағы ең жылдам танылған өнім болды. Инвес­торлар да қызығушылық танытты. 2024-2027 жылдары ЖИ деректер орталықтарына жұм­салатын шығындар 1,4 триллион дол­ларға жетуі мүмкін деген болжам айтылды. Nvidia компаниясының нарықтық құны 3 триллион долларға дейін өсті. Дегенмен биыл жасанды интеллекттің де шекаралары мен мәселелері бар екені байқала бастады.
Көптеген компания әлі де ЖИ-ді қалай пай­далану керек екенін немесе оның мүм­кіндіктерін толық түсінбейді. Амери­каның бизнес-ұйымдарының тек 5 пайызы ЖИ-ді өз өнімдері мен қызметтерінде қолданып жатыр. ЖИ стартаптарының көбі әлі пайда әкелмейді. 
Сонымен қатар ЖИ модельдерін әзір­леу­ге қажетті энергия мен деректер тап­шы­лығы күрделеніп барады. Инвесторлардың қызығушылығы мен шынайы бизнес нә­ти­желері арасындағы алшақтық 2025 жылы шиеленіске әкелуі мүмкін.
Үлкен ЖИ модельдерін оқыту үшін үл­кен энергия қажет. Мысалы, GPT-4 моделін оқы­туға пайдаланылған электр қуаты 5 мың америкалықтың үйін бір жыл бойы қам­тамасыз етер еді. Келесі буын модель­д­ерін оқы­ту 1 миллиард долларға дейін же­туі мүмкін, ал оларды пайдалану шығын­дары да артып жатыр. Сонымен қатар сапалы мәтіндік деректер тапшылығы байқалуда, болжам бойынша интернеттегі қолжетімді деректер 2028 жылға дейін таусылуы мүм­кін.
Әлемдегі компаниялар бұл мәселелерді шешу жолдарын іздеуде, тиімдірек чип­тер­ден бастап, энергияны аз қажет ететін ша­ғын модельдерді дамытуға дейін талпы­нып жатыр. Басқалары жаңа сапалы дерек­көз­дерді табу немесе деректерді синте­ти­ка­лық түрде жасау арқылы модельдерді оқы­ту жолдарын қарастыруға көшті.
Ресей, Қытай және Үндістан жасанды ин­теллект саласында бірлесіп жұмыс істеу үшін БРИКС+ альянсын құрды. Бұл туралы әлемдік БАҚ белсенді түрде жазып жатыр. Сарап­шылардың айтуынша, альянстың бі­ріккен технологиялық қуаты мен ресурс­тары батыс елдерінің ЖИ саласындағы бар­лық жетістікті басып озуы мүмкін. Альянс құрамына кіретін елдердің ірі ғы­лыми-зерттеу орталықтары, озық тех­но­логиялары және қомақты инвести­ция­лары бір­лесе отырып, ЖИ саласында жаңа дең­гейге шығуға мүмкіндік береді.  

Нобель бұйырған бастамалар

2024 жылы Нобель сыйлығы, әдеттегі­дей әртүрлі салаларда айтарлықтай жетіс­тік­ке жеткен ғалымдар мен ұйымдарға та­бысталды.
Медицина және физиология. Америка­лық ғалымдар Виктор Эмброс пен Гэри Равкан микроРНҚ-ның гендердің пост­транс­крипциялық реттелуіндегі рөлін аш­қаны үшін марапатталды. Бұл жаңалық жасу­шалардың бірдей ДНҚ-ға ие бола тұра, әртүрлі ақуыздарды қалай синтездейтінін түсіндіруге мүмкіндік берді. 
Физика. Джон Хопфилд (АҚШ) және Джеф­фри Хинтон (Ұлыбритания) маши­на­ны оқыту саласындағы зерттеулері үшін ма­рапатталды. Хопфилд ассоциативті ней­рон­дық желіні жасап, суреттерді қалпына кел­тіруді мүмкін етті, ал Хинтон рекуррент­ті желіні ойлап тауып, олардың нақты эле­менттерін тануға мүмкіндік берді. Бұл 1980-жылдары жасалған әзірлемелер қа­зіргі жасанды интеллект дамуының негізін қалады. 
Химия. Дэвид Бейкер (АҚШ), Джон Джам­пер және Демис Хассабис (Ұлыбри­та­ния) ақуыздардың құрылымын бол­жау жә­не жобалау саласындағы жетіс­тік­тері үшін марапатталды. Олардың жұ­мы­сы ақуыз­дардың күрделі құрылымын тү­сінуге және жаңа түрлерін жасауға жол ашты. 
Әдебиет. Оңтүстік кореялық жазушы Хан Ган «адам жанының нәзіктігін ашып көр­сететін және тарих салған жарақ­ат­тар­мен күресетін әсерлі поэтикалық прозасы» үшін марапатталды. 
Бейбітшілік сыйлығы. Жапонияның «Нихон Хиданкё» ұйымы Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбалауынан зардап шеккендерді біріктіріп, ядролық қарудан азат әлем күресі үшін марапатталды. Ұйым 1956 жылы құрылған және ядролық қарудан бас тартуды насихаттайды. 
Экономика. Дарон Аджемоглу, Саймон Джонсон (Массачусетс технологиялық инс­титуты) және Джеймс Робинсон (Чи­каго университеті) саяси және эконо­ми­ка­лық институттардың елдердің экономи­ка­лық дамуына әсерін зерттегені үшін мара­патталды. Олардың жұмысы неге кейбір ел­дерде экономикалық өсу бар, ал басқа­ларында жоқ екенін түсіндіреді.

Жаңа үміт

2024 жыл медицина тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде есте қалуы мүмкін. Ғалымдар қатерлі ісікті ем­деуде жаңа дәуірдің есігін ашатын вакцина жасауға жақын екенін мәлімдеді. Бұл жаңалық әлемдегі миллиондаған адамның үмітін оятты.
Онкологиялық аурулармен күрес көп­теген жыл бойы медицина са­ла­сының басты бағыты болып келді. Ракқа қарсы вакцина – аурудың алдын алуға не­месе оны емдеуді жеңілдетуге арналған жаңа биотехнологиялық әдіс. Вакцина им­мун­дық жүйені рак жасушаларын тануға және жоюға үйретеді.
2024 жылы клиникалық сынақтардың үшін­ші кезеңі табысты аяқталғаны туралы ал­ғашқы хабарлар жарияланды. Зерттеу нә­тижелері бойынша, жаңа вакцина рак­тың бірнеше түріне, соның ішінде сүт безі, өкпе және тері рактарына қарсы тиімділік көрсеткен.
Ғылыми қауымдастық пен пациенттер арасында бұл жаңалық үлкен қызығу­шы­лық тудырды. Алайда кейбір сарапшылар вакцинаның тиімділігі мен қолжетімділігі туралы сұрақтарды көтеріп жатыр. Вакци­наның жаппай өндірісін ұйымдастыру және оны әлемнің барлық аймақтарына жет­кізу үшін біраз уақыт қажет болатыны анық.
Сонымен қатар вакцинаның бағасы да басты мәселелердің бірі. Көптеген дамушы ел­де заманауи емдеу әдістеріне қолжетім­ділік шектеулі болып отыр. Осы тұрғыда ха­лықаралық ұйымдар вакцинаны барлық адам­ға қолжетімді ету үшін арнайы бағ­дар­ламалар дайындауды ұсынуда.

Осылайша, бір белгісіздіктің белесінен өткен әлем екінші белгісіздіктің табалдырығынан аттағалы тұр. Алдағы оқиғаларды болжау қиын екенін бар әлем мойындап отыр. Дегенмен өткенді саралау бұлдыр тұманда нық қадам басудың алғышарты екені сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары