Тәуелсіздікті сақтау – қасиетті парызымыз
Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.
Жер бетіндегі барлық халық үшін қасиетті нәрсе – азаттық, еркіндік! Сол үшін ол – қай кезде де адамзаттың арманы, тілек-аңсары. Осылардың бәрін қосқанда Тәуелсіздік деген ұғым шығады. Ендеше, біз үшін Тәуелсіздіктен асқан қадірлі сөз жоқ!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осыдан екі жыл бұрын мемлекет халқын Тәуелсіздік күні туралы: «1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.
Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.
Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз.
Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы» деген еді. Мемлекет басшысының бұл сөзі бізге ел егемендігінің баянды болып, Тәуелсіздік тұғырының мәңгі-бақи асыл діңгекке айналуының мәнін терең ұқтырады.
Дәл қазір дүние жүзінде 4 мыңдай этнос өмір сүріп жатыр десек, солар 193 мемлекетте өмір сүреді, яғни 20 пайыздайы ғана тәуелсіз мемлекет құра алды деген сөз, сол аздың бірі – Қазақ елі, өзі атымен Қазақстан Республикасы деген елге ие болып отырған мемлекет құраушы ұлт.
Қазақ халқы, Қазақ мемлекеті тақыр жерден пайда болған ұлт та, ел де емес, ол – Ұлы Даланы есте жоқ ескі замандарда мекен еткен тайпалардың ұрпағы, Ғұн, Сақ империяларының, Түрік қағанатының, Дешті-Қыпшақ, Алтын Орда мемлекеттерінің жалғасы, Қазақ хандығы мемлекетінің ізбасары, Дала мәдениеті мен өркениетін жасаушылардың мұрагерлері. Оны тарих толық дәлелдеген.
Жер бетінде адам баласы пайда болып, санасы бірте-бірте дамып, қоғам құру идеясы ойға келгеннен бері адамзаттың басынан не өтпеді? Тайпадан ұлтқа, мемлекетке айналып, дөңгелекті арбадан машинаға мініп, ұшақпен ұшқанша талай мың жылдық өтті. Оның бәрі тарихта хатталған. Ал сол тарихты парақтаған әрбір адам замандар аласапыранында өз халқының басынан нелер өткенін: жеңілістер мен жеңістердің, соғыс пен бейбітшіліктің, құлдырау мен дамудың әсерлері жайлы білер еді, қателіктен сабақ алу мен жетістіктің игілігіне қалай қол жеткізгенін де ұғар еді. Сондықтан тарих әрқашанда сол тарихты өзі жасаған адам үшін ең мықты ұстаз, ақылшы әрі жол көрсетуші құбылыс.
Тәуелсіздіктің қадірін ұққысы келген әр адам тарихты оқуы керек, әсіресе бүгінгідей еркін елдің азаматы болған тұста. Сонда ғана ел азаматтары Қазақстанның тәуелсіздігі туралы кең танып-біліп, санасы тереңдеп, мемлекеттің іргесі нығая түседі.
Арғы замандағы түп-негізімізден бергі Қазақ хандығын құрған соң да дербестігімізді сақтап келген елміз. Тек 1847 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы қапылыста қаза тапқаннан кейін 1991 жылға дейін 144 жыл ішінде ғана жаттың боданында болдық. Бірақ осы жылдар ішінде азаттыққа ұмтылған ержүрек қазақтардың жатжерлік басқыншыларға қарсы күресі тоқтамаған. Деректермен сөйлесек, «Мамандардың есептеуінше, XVIII ғасыр соңындағы Сырым Датұлы көтерілісінен XX ғасыр басындағы Амангелді Иманов бастаған қарулы күреске дейін 300-ден астам отаршылдыққа қарсы шайқас қазақ даласында дүркіреп өтсе, осыншама рет наразылық білдіру кеңестік жылдарда да тоқтамады. Басқаша айтқанда, 1731 жылдан бастап, орта есеппен, қазақтар әр жылда 2-3 мәрте отарлық немесе тоталитарлық жүйеге қарсы шығып отырған» (Н.Мауытов,
Ғ.Жандыбай, Ғ.Егеубаева, Қазақ көтерілістері, энциклопедия, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2015 ж.).
Демек, біз бүгінде игілігін көріп отырған тәуелсіздік, біреулер айтып жүргендей аспаннан түскен «оңай олжа» емес, оған жеткенше қаншама ерлеріміз басын оққа байлап, жан аямай қан төкті. Сондықтан бүгінгі Тәуелсіздік – солардың қанының үстіне өсіп шыққан қасиетті гүл іспетті қадірлі, тәу етер киеміз!
Қай тәуелсіздіктің басында да Рух және Сана азаттығы тұрады. Оны жүрегі ел деп соққан батырлар мен ақылы мен білімі елден асқан тұлғалар жасайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақ тәуелсіздігі ұғымы екі жақтан бірдей дамыған феномен.
Қазақ тарихын парақтаған адам батырларымыздың тәуелсіздік үшін майданда ерлік жасап қан төккенін, ағартушыларымыздың рухани салада жанқиярлықпен тер төгіп, елдің санасына азаттық, еркіндік ұғымын барынша сіңіріп баққанына айқын көз жеткізер еді. Ұлт-азаттық көтерілісіне дем берген ерлердің ісі туралы жоғарыда аз-кем баяндап өттік, ал ағартушылардың еңбектерінің мән-маңызы туралы айта кетсек, ХІХ ғасырдағы Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы секілді руханият алыптары оқу-білім, ғылым, әдебиет салаларында жаңа өріс ашып, қазақ жүрегіне өлшеусіз шуақ шашып, елді сауаттандырды, көзін ашып, көкірегін оятты. Олардың ізімен шыққан жәдидші-жаңашылдар дінді заманауи тұрғыдан сараптау арқылы мәдени реформа жасауға талпынды. Олардың ізін баса шыққан Алаш идеологиясының тұлғалары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді зиялы қауым өкілдері қазақтың саясаттану, оқу-білім, баспасөз, тілтану, әдебиеттану салаларында көз майын тауыса еңбектенумен бірге теориямен шектелмей, оны іс жүзінде көрсетіп, қазақтың өркениет көшінен қалмауына сеп болды. Оның нәтижесі – Алаш Орда автономиясы, қазақтың тұңғыш романы, қазақтың араб графикасы негізіндегі әліпбиі, тіл ғылымы туралы зерттеулер, тұңғыш әдебиеттану ғылымы жайындағы монография, тұңғыш психология, педагогика, т.б. оқулықтары.
Бұлардың бәрі елді сауаттандыруға, білім мен ғылымды игеруге, саясатты түсінуге, ақыр-аяғы ел болуға талпындырған істер. Ал сауатты ел өз құқығын қорғауға, тәуелсіздік алып, азат елге айналуға ұмтылатыны бесенеден белгілі жайт.
ХХ ғасырдың басында пайда болып, қатары молая түскен қазақ зиялыларын 30-жылдардағы сталиндік репрессия баудай түсіргенімен, түбірі аман қалса, қайтадан көктеп кете беретін ағаш сияқты қазақ оқығандары, оның ішінде саяси сауатты, көзі ашық қауым қарап жатпады.
Ашық майданға шығу мүмкін болмаған жерде астыртын әрекет тоқтамайды. Кеңестік дәуірде ұлттық идеологияның тамырына балта шабылған кезде, елімізде ұлттық идеологияны қалыптастыру мақсатында Махмет Темірұлы, Бүркіт Ысқақұлы бастаған азаматтардың ықпалымен 1941 жылы құрылған ЕСЕП (Елін сүйген Ерлер Партиясы) құрылған еді. Алайда соғыс басталып, бұл бастама тоқтап қалды. Дегенмен оны құрған азаматтардың біразы 50-жылдары қайта жалғасқан репрессия кезінде ұзақ жылға сотталып, Сібірге айдалды. Бірақ мұның өзі қазақ патриоттарын тоқтата алмады. Өткен ғасырдың 60-жылдары Кеңестер одағының астанасы Мәскеуде оқыған қазақ жастары қазақ тілі, ұлттық идеология мәселелерімен айналысып, ел санасын ояту үшін «Жас тұлпар» ұйымын құрды. Тәуелсіздікті аңсаған бұл тұңғыш жастар қозғалысының басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев, Болат Хисаров, Темірхан Бектібаев, Серік Байкенов, Мақаш Тәтімов, Советқазы Ақатаев, Марат Балтабаев, т.б. азаматтар тұрды. Олар ел аралап концерт беріп, саяси-мәдени ағартушылық жұмыстарын жүргізді. Ал сол дәуірде қазақ әдебиетіне келген Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова секілді ақын-жазушылар сөз өнері арқылы ұлттық идеологияны ел санасына шым-шымдап сіңіре отырып, ұлтты тәрбиелеуге зор еңбек етті. Сондай-ақ ғылымда да талантты қазақтар топтасып, ұлт ғалымдарын дайындауға үлкен әсер етті. Міне, осылай жасалған үлкен еңбектер арқылы қазақ халқы ХХ ғасырдың соңында саяси жағынан да, рухани тұрғыдан да әбден пісіп-жетілген ұлтқа айналған еді.
1986 жылы саяси кемсітуге – ұзақ жыл бойы Қазақстанды басқарған Д.Қонаевты ел билігінен алып тастап, оның орнына ресейлік бір облыстың обком хатшысын әкеп қойғанына наразы болған қазақ жастарын Республика алаңына алып шыққан да ұлтымыздың саяси-рухани жақтан жетілгенінің көрінісі еді. Желтоқсан оқиғасынан соң алаңға шыққан жастарды соттау, кейбір қазақ зиялыларын қудалау да азаттыққа ұмтылуды тоқтата алмады. Сөйтіп, күллі Совет одағының іргесін сөгіп, ақырында тарап кетуіне зор әсер еткен Желтоқсан оқиғасы бізді ғана емес, одақ құрамындағы барлық республикалардың азаттық алып, тәуелсіз ұлттық мемлекеттерге айналуына жеткізді.
Біз Тәуелсіздік туралы декларацияны жариялағанда да, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы Заңын қабылдағанда да қан төккен жоқпыз, бірақ оған дейін азаттық жолындағы көтерілістерде төгілген қанды ұмытпауымыз керек.
Тарих ештеңені ұмытпайды, сондықтан ол әділетті.
1991 жылы 21 желтоқсанда Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан республикасы, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украина басшылары Алматыда кездесіп, Алматы декларациясы атауын алған келісімге өз қолдарын қою арқылы КСРО-ның өмір сүруі тоқтағанын күллі әлемге паш етті. Бұл – қазақ елінің өз тәуелсіздігіне қолы жеткенінің ғана емес, әлемдік геосаяси тұрғыдан үлкен елге айналғанының көрінісі еді.
Мемлекет болу үшін ең алдымен өзінің қаласы, өзі салған қала болу керек деген ұғым бар. Біз Астана салдық. Оны өз қолымызбен тұрғыздық. Бүгін миллионнан артық тұрғыны бар, Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемдегі ең жас қаланың бірі. Астана – елдің жүрегі, тәуелсіздік тірегі! Еліміздің әр түпкірінен мыңдаған жас жыл сайын Астанаға ағылады, осында оқиды, жұмыс істейді, Астанамен бірге ірге кеңейтіп, Отанға қызмет етеді. Әлемнің әр қиырынан Астананы көру үшін келетін туристермен жолыққанда, олардың жаңа қалаға тамсанғандарын көргенде, кеудемізді мақтаныш кернейді. Астана – кешегі Бозоқтың жалғасы. Сарайшық, Түркістанның заңды мұрагері. Орынбор, Қызылорда, Алматының рухани һәм тарихи жүлгесін бізге, Тәуелсіз елге айшықтаған абат қала.
Тәуелсіздік – тәу етер киеміз. Себебі біз оған жеткенше дәуірлер бойы айқастық, арпалыстық. Соның арқасында бір жарым ғасыр бұрынғы дербестігімізге қайта қол жеткіздік. Шекарасы шегенделген, рәміздері түгенделген, әлемде өз орнын тапқан құқықтық-демократиялық елге айналдық. Ендігі ісіміз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, өркендеп дами беруге еңбек сіңіру.
Ұлтымыздың Отанға деген махаббаты тәуелсіздікке жеткізді, оны сақтау, елді дамыту, күшейте беру – ұрпақтан-ұрпаққа жалағаса беретін қасиетті парыз!