345
Қарағандыда жабылған жол учаскелерінде жүздеген көлік кептелісте тұрып қалды
Көктайғақ пен жаңбыр салдарынан барлық көлік түрлеріне жол жабылды
Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы терминал маңында шамамен 300 көлік жиналды. Мұнда Астана – Қарағанды – Алматы автожолының кейбір учаскелері жабылған.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, Астана – Қарағанды – Алматы автожолының бірнеше учаскесі жабық: Ақмола облысындағы «Жібек Жолы» ауылынан Теміртауға дейінгі аралық, сондай-ақ Қарағанды облысындағы Ақсу – Аюлы – Балқаш учаскелері.
«Көктайғақ пен жаңбыр салдарынан барлық көлік түрлеріне жол жабылды. Теміртау терминалында шамамен 300 көлік тұр. Колонналарды алып жүру бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда», – деп хабарлады Қарағанды облысы патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Синоптиктердің алдын ала ескертуінше, Қарағанды облысында жауын-шашын (жаңбыр мен қар), боран және көктайғақ күтіледі. Таңертең аймақта тұман болуы мүмкін. Желдің жылдамдығы екпінді сәттерде секундына 23 метрге дейін жетеді.